Accessibility links

Грозныйдағы адам құқығын қорғаушы әйел Анна Политковская сыйлығымен марапатталды


Шешенстан соғысындағы жағдай туралы мәлімет жинаған әйел Наталья Эстемирова алғашқы Анна Политковская сыйлығымен марапатталды. Ресейлік батыл журналисі Политковскаяның атына бағышталған бұл сыйлық жыл сайын әлемнің соғыс аймақтарында жұмыс істеп жүрген құқық қорғаушы әйелдерге берілмек. “Азаттық” радиосы осы сыйлықпен марапатталған Наталья Эстемировамен сұхбат өткізген болатын.

Журналист әрі Шешенстандағы белсенді ретінде Наталья Эстемирова Анна Политковскаямен бірге жиі жұмыс істейтін еді.

Міне енді ол алғашқы Анна Политковская сыйлығымен марапатталып отыр. Журналист Политковская өткен жылы 7 қазанда Мәскеуде өз пәтерінің жанында өлтірілген болатын. Ол Шешенстандағы адам хұқтарының бұзылып жатқандығы туралы мақалалар жазған тұғын. Грозныйда дүниеге келген Наталья Эстемирова Шешенстанда адам хұқтарын қорғайтын “Мемориал” орталығында жұмыс істейді.

“Азаттық” радиосына берген сұхбатында Эстемирова Шешенстанда әлі де көп проблема бар дейді.

“Қазір бізде көп проблема бар. Әсіресе өте қиын жағдайда қалған адамдарға байланысты. Шешенстандағы қылмыстық істердің көбі ойдан шығарылған және көптеген жас шешен азаматтары қиын жағдайда Ресей түрмелерінде жатыр. Міне осыған байланысты көп проблема бар. Өзіңіз елестетіңізші, 2000 жылдан бері билік орындары міне осы шешен азаматы заңнан тыс іс-әрекет жасады, оны ұрып-соғуға, өлтіруге болады деп, адамдарды түрмедегі шешендіктерге қарсы қоюды бастаған. Олардың көбі бостан-босқа, ешқандай айыпсыз, біреулердің жасаған қылмыстары үшін түрмеде отыр. Енді осы істер қайта қаралуы тиіс. Яғни адвокаттар оларды ақтау керек. Бұл жұмыстар үшін ақша керек. Сыйлықтан түскен ақшаны мен осы мәселелерге жұмсамақшымын”, - дейді Эстемирова.

Анна Политковская сыйлығымен Лондонда марапатталған Эстемирова Шешенстанда жоғалып қалған адамдардың мәселесін шешу менің басты мақсатым дейді.

“Баласы немесе ағасының яки күйеуінің қайда жоғалып қалғанын білу үшін олардың туыстары зерттеулер жүргізген. Бізде сондай жағдайлар бар. Олар көп мәліметке ие, тіпті қылмысты жасаған адамдардың аттары да бар. Бірақ қандай да бір себептермен прокурорлар бұл туралы ешнәрсе жасағысы келмейді. Бұл істермен тек кәсіби, тәжірибелі адвокаттар ғана айналысып, прокурорлардың заңға сәйкес жауап берулерін талап ете алады. Осы істердің кемінде біреуі Ресейде емес Шешенстандағы сотта қаралса жақсы болар еді”, - дейді Эстемирова.

Оның айтуынша, Шешенстандағы адам хұқтарының бұзылуы туралы мәселелер Ресейде әлі шешілмей жатыр. Оның орнына, белсенділер мен шешен азаматтары Страсбургтағы Еуропа сотына шағымданып жатыр, дейді Эстемирова.

“Өзгерістер болды, өзгерістер жаман жағына қарай жүзеге асты. Адам құқықтары жағдайы нашарлап кетті, себебі, біріншіден, Шешенстанда 2000 жылдан бері орын алған қылмыстық істер тергеусіз қалды. Оларды тергеу үшін әлі ешнәрсе жасалмады. Біз қазір көбінесе Страсбургта жұмыс істеп жатырмыз. Страсбургтағы сотта шешен азаматтарының арыздары қаралуда. Сол жерде қылмыскерлерді қылмыскер, ал құрбандарды құрбан деп атайды. Сонымен қатар, Страсбург соты ол істердің Ресейде тергелуін талап етеді”, - дейді Эстемирова.

Бұл сыйлықты “Соғысқа қатысқан барлық әйелдерге арналады” деп аталатын жаңа үкіметтік емес ұйымы беретін болады. Босния, Косово және Шешенстанда жұмыс істеген журналист Марина Катцарова осы ұйымның басшысы болып табылады.

“Біз бұл сыйлықты Анна Политковскаяның атына бағыштаймыз. Оны әр жылы Анна құрбан болған күні, яғни 7-ші қазан күні беретін боламыз. Бұл сыйлықпен әлемнің соғыс аймақтарында жұмыс істеп жүрген журналист қыз-келіншектер мен адам құқықтарын қорғаушы әйелдер марапатталады”, - дейді Катцарова.
XS
SM
MD
LG