Accessibility links

Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырған биліктегі басшылар болатын дейді «Нағыз желтоқсан» қозғалысының өкілдері


Желтоқсанның 17-сі Қазақстанда демократиялық жаңару күні деп белгіленген. Осыдан тура жиырма бір жыл бұрын қазақ жастары Алматыда Коммунистік партия Орталық комитет пленумының шешімімен келіспей алаңға шыққан еді. Бұндай бас көтеру желтоқсанның 18-19 күндері республикалық барлық қалаларында да болған. Сол бір ызғарлы күндерде наразылық толқуына қатысқандардың бір тобы - бүгінде «Нағыз желтоқсан» қозғалысының өкілдері – дүйсенбі күні Астанадаға саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу ескерткішінің жанына жиналды.

Астанада саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу ескерткішінің жанында жиналған «Нағыз желтоқсан» қозғалысының жетекшілері жиырма бір жыл өткеннен соң, 1986 жылы желтоқсанда қазақ жастарының наразылық шеруін ұйымдастырған сол кездегі биліктегі басшылар деген мәлімдеме жасады. Сол күндердің куәгерлерінің бірі Тоқтар Ермеков 1986 жылы Алматыда 16-желтоқсанда қабылданған Орталық комитет пленумының шешімінен кейін бір күн өтпестан қаладағы жастардың өз бетінше ұйымдасқан түрде алаңға жиналуы мүмкін емес дейді:

- Жиырма бір жыл өткен соң түсінесің, оның бәрі жоғарыдан ұйымдастырылған дүние екенін. Бірақ, алаңға жастар шықаннан соң, Мәскеудің тапсырмасымен жендеттер барлық қалалардан шақырылғаннан соң, басшылар қорқып, бізді сатып кетті.

Тоқтар Ермеков бастапқыда алаңға шыққан жастарға барлық мүмкіндік жасалғанын айтады. Келіп жатқан жастардың қолдарына дайын үнпарақтар, дайын жазулар, тіптен дыбыс күшейткіштерге дейін таратылып жатты деп еске алады. Ал үлкен дайындықсыз бір күннің ішінде студенттердің сақадай сай дайындалуы мүмкін емес еді дейді Тоқтар Ермеков:

- Негізінде, олар Колбиннің орнына өздері билікке шыққысы келді. Осылайша, егер жастар қарсы болса, онда бізді билікке шығарады деген оймен биліктегілер жастарды көтерді.

Тоқтар Ермеков сол кезде жастарды сатып кеткен адамдар күні бүгінге дейін ел билеп отырғанын айтады. Сондықтан да желтоқсандағы бас көтерудің ащы шындықтары ашылмай келеді дейді ол.

Осыдан 21 жыл бұрынғы тарихи сәттерді еске алып, алаңға шығып мерт болған албырт жастардың рухына тағзым ету үшін биылғы желтоқсанның 17-күні Астанада, күннің аязына қарамастан, елуге жуық адам жиналды. Бірақ солардың дені жергілікті тұрғындар емес, шетелдерден келген оралман қазақтар болып шықты. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін алты жыл бас бостандығынан айырылып, екі жыл түрмеде отырып шыққан Құрманғазы Рахметов бұдан былай, «Нағыз желтоқсан» қозғалысын қайта жандандырып, енді ел, ұлт мүддесі үшін жұмыс істейтіндіктерін мәлімдеді:

- Тарыдай шашылып кеткен қазағымыздың жер-жердің түкпірінен келіп жатқан қазақ бауырларымыздың тіліміз деп, халқымыз деп, мемлекетіміз деп келіп жатқан азаматтардың басына түскен қиыншылықтары бәрі де бүгінгі таңда тек қана біздің емес, барлығымыздың иығымызға түскен жүк, үлкен жұмыс деп есептейміз, желтоқсандықтар.

1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының баскөтеруіне қатысқан азаматтар, "тәуелсіздік алдық, енді билік ел ахуалын түзейді деп сеніп келдік, бірақ қазіргі биліктің пиғылы кері кетіп бара жатыр" дейді.

1986 жылғы желтоқсанның 16-күні Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы соған дейін Қазақстанда ешкім жөнді танымайтын адамды осы елді басқаруға жібергеніне наразылық білдірген қазақ жастарының бас көтеруін кеңес өкіметі аяусыз басып-жаншыды. Сот үкімімен 99 адам қылмыстық іс бойынша сотталды, солардың ішінде екі адам ату жазасына кесілді, жүздеген адам партия мен комсомол қатарынан шығарылып, жұмыстан және оқудан қуылды. Осы оқиғадан кейін 1987 жылы маусым айында Мәскеуде өткен Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының пленумында қазақ ұлтшылдығы туралы атышулы қаулы қабылданды. Кремльдегі басшылық өз шешімімен келіспеген қазақ жастарының желтоқсандағы қозғалысына осылайша баға берді.

Алматыда қазақ жастарының Кремль саясатына қарсы бас көтеруі туралы хабарды сол кезде әуе кеңістігінде қазақ тілінде алғаш рет «Азаттық» радиосы таратқан болатын. Ал кеңестік-коммунистік ақпарат-насихат құралдарында Алматыдағы бұл көтеріліс «кеңестік жүйеге жат пиғылдылар мен маскүнем-нашақорлардың басбұзарлығы» деп сипатталды.
XS
SM
MD
LG