Accessibility links

Қазақстанда азық-түлік бағасының қымбаттап кетуінің себебі жайлы журналист Жұмат Әнесұлының ой-пікірі


- Азық-түліктің қымбаттап кетуінің себебі – барлығы сырттан әкелінеді. Әрі өзімізде өндірушілер де қымбаттатып отыр. Ауылшаруашылық мамандарының айтуынша, мал шаруашылығына өте қолайлы жайылымдық жер осыдан 10 жыл бұрын таратылған Семей мен Торғай облыстарының аумағында екен. Олар ауылшаруашылық кешендерін салуға ыңғайлы жер болатын. Ал үкіметте осыны зерттеп, зерделеп отырған адам жоқ. Іске татырлық бірде бір нәрсе әлі күнге дейін өзімізде шығарылмайды. Міне, мына қымбаттаудың себебі де содан – барлық тауарлар, ауылшаруашылығының өнімдері сырттан әкелінеді. Ал неге үкіметте жаңағы жерлерде мал өсіру, азық-түлік өнімдерін кешенді өндіру мәселесі көтерілмейді? Әсіресе мал шаруашылығын дамыту, оның өнімдерін өндіру – жалпы бұларға ертеден назар аудару керек еді.

Қазір мысалы, қаншама мыңдаған шаршы шақырым жайылымдық, егіндік жерлер бос жатыр. Ауылдағы елдің көбі қалаға қарай қоныс аударды. Үкімет мал және егін шаруашылықтарын жаңа технологияға сәйкес дамытуды, мысалы, бұрындары республика бойынша алдыңғы орындарда болған бұрынғы Торғай облысы аумағында қолға алу керек деп ойлаймын. Бұл қазіргі кезде өте күрделі болып отырған мәселе. Қазір осы салалар тұралап қалды Торғай өңірінде. Ауылшаруашылығы өнімдерін кешенді түрде өндіру ісі қолға алынса, кредит бөліп, лизинг арқылы техника беріп жағдай туғызса деген жалғыз менің ғана емес, елдің де үміті. Инфляцияны тоқтату үшін әр ел өз тауарларын, ауышарушылық өнімдерін шығару керектігі экономикалық заңдылықта айтылады ғой, ал бұл мәселеде бізде әлі жолға қойылған ешнәрсе болмай отыр.
XS
SM
MD
LG