ДЕТРОЙТ: АҚШ-тың Мичиган штатындағы президент сайлауына Республикалық партиядан түсетін үміткерді сайлауда Массачусетс штатының бұрынғы губернаторы, осы Мичиган штатында туған Митт Ромни жеңіске жетті. Ол таяуда Нью-Хэмпшир штатындағы праймеризде, яғни бастапқы сайлауда жеңіске жеткен сенатор Джон Маккейн мен Айова штатындағы бастапқы сайлауда жеңген Арканзас штатының бұрынғы губернаторы Майк Хаккабиден басым дауыс алды. Демократиялық партия – жергілікті лидерлерімен ортақ тіл таба алмай, Мичиганда сайлау өткізбейтін болды. АҚШ-та президент сайлауы қараша айында өтеді.