Accessibility links

33 жасында тәуелсіз журналист Асқар Дәрімбет қайтыс болды


17 қаңтарда 33 жасына қараған шағында тәуелсіз журналист, оппозициялық және тәуелсіз басылымдарда еңбек еткен Асқар Дәрімбет қайтыс болды. Асқар – белгілі тәуелсіз журналист, жұмбақ жағдайда қаза тапқан оппозициялық қайраткер Батырхан Дәрімбеттің тұңғышы, әке жолын қуған журналист. Батырхан Дәрімбет "Азаттық" радиосында ұзақ жылдар тілші болған еді.

Асқар Дәрімбет 17 қаңтарда Алматыда түстен кейін кенеттен қайтыс болды. Асқар Дәрімбет қысқа өмірінің соңғы екі айында "zonakz.net" интернет-газетінде жұмыс істеді. Орыс тілінде қалам тартқан Асқар Дәрімбет еңбек жолын "Время По" газетінде бастап, соңғы кезде "Эпоха" тәуелсіз газетінде жұмыс істеді.

Асқар әкесі Батырханның жолын қуған журналист болды. 2005 жылы 2 маусымда жұмбақ жол апатының салдарынан қаза тапқан Батырхан Дәрімбет өмірінің соңғы жылдары "Алға" оппозициялық партиясын құруға атсалысқан еді. Қазақстандағы демократиялық ұйымдарда совет заманынан бері күрескен, ғұмырының соңына дейін өзі негізін қалаған тәуелсіз "Азат" газетінің редакторы болған Батырхан Дәрімбет қаза тапқаннан кейін "Азат" газетін оның келіні, атасы сияқты белсенді журналист Нәзира Дәрімбет басқарып келеді. Нәзира – бүгін міне дүние салған Асқардың зайыбы.

Алматыдан суық хабар жеткен күні Нәзира Дәрімбетпен хабарласқанымызда, ол жұбайы Асқардың бүгін тәңертең жұмысқа кеткенін, алайда аяқ астынан денсаулығы нашарлап, үйде қайтыс болғанын айтты.

Асқардың соңғы жұмыс орнының басшысы, "zonakz.net" интернет-газетінінің редакторы Юрий Мизинов арамыздан тағы бір жас әрі дарынды журналист кетті дейді:

- Асқар үздік журналист болды дегеннен басқа еш нәрсе айта алмай отырмын. Ол негізінен экономикалық тақырыптарға жазды, мақалалары жарқырап тұратын. Әрине, жағдайдың осылай болып тұрғанына қатты қайғырып отырмын.

Асқар Дәрімбет оппозициялық газеттерге белсенді араласты. Асқар сияқты тәуелсіз баспасөздің басы-қасында жүрген қазақ журналисі, үкімет тарапынан өзі қудалау көріп келе жатқан оппозициялық журналист Ермұрат Бәпи елде тағы бір жас журналистің қайтыс болғанын былай қабылдайды:

- Әкесінің жолын қуған, тәуелсіз сөйлейтін, азат ойлы, батыл жазатын журналист еді. Ең басты айта кететін мәселе – Қазақстанда осы Асқар Дәрімбеттің жасы мөлшерінде тәуелсіз баспасөзде, оның ішінде оппозициялық баспасөзде, жалпы елдегі жағдайға ойын ашық айтатын жас журналистер саусақпен ғана санарлық. Біреуі баяғы биліктен қорқады, біреуі тағы бір олигархтың иелігіндегі журналист деген сияқты. Қазақстандағы журналистер саяси пәтерлерге бөлініп кеткен жағдайда Асқар Дәрімбет азат ойлы, еркін пікірлі жігіт еді. Міне, осындай мықты жігітімізден айырылып отырмыз.

Асқардың артында 6-жасар қызы Нәйла қалды. Асқар Дәрімбет биыл тамыз айында 33 жасқа толу керек болатын.
XS
SM
MD
LG