Accessibility links

Human Rights Watch ұйымы әлем елдеріндегі адам құқығының қорғалуына арнаған жылдық баяндамасын жариялады


Нью-Йоркте орналасқан Адам құқығын қорғайтын Human Rights Watch ұйымы әлем елдеріндегі адам құқығының қорғалуы мәселесіне арнаған жыл сайын шығаратын дәстүрлі қортынды баяндамасын жариялады. Онда әлем елдерінің авторитарлық жүйе құрған әміршіл-әкімшіл басшыларды демократ жетекші ретінде елге көрінуі үшін демократия туралы, елде демократиялық қоғам құру туралы жақсы сөздерін айта отырып, шын мәнінде елде сайлауды заңды жолмен дұрыс өткізбеуге, баспасөзді шектеп, цензура енгізуге жол беріп отырғандығы айтылған.

Адам құқығын қорғайтын ұйымның әзірлеген биылғы баяндамасының Қазақстанға арналған бөлімінде, Қазақстан үкіметі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2009-шы жылы төраға болу үшін ең алдымен халықаралық сахнадағы өзінің бет-беделін жақсартуға бағытталған науқанды жұмыстарын сыртқы саясатта жүргізгенімен, елдегі адам құқығы мәселесі нашар жағдайда қалып отырғаны жазылған. 2007-ші жылы халықаралық қауымдастық Қазақстандағы адам құқығы мәселесінің нашарлап бара жатқандығына байланысты өзінің алаңдаушылығын білдірген болатын, ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу жөніндегі халықаралық Transparency International ұйымы болса елде сыбайлас жемқорлықтың тіпті белең алып, күшейгендігін хабарлады делінген Human Rights Watch ұйымының жылдық қортынды баяндамасында.

Сондай-ақ Human Rights Watch ұйымы елдегі заң шығару, азаматтық және саяси құқықтардың қорғалуы мәселелерінде сәлде болсын алға басушылықтың бар екендігін айта отырып, былтырғы жылғы тамыз айындағы парламент сайлауының ашық әрі әділ өтпегендігін халықаралық бақылаушылар пікіріне сүйене отырып қадап айтыпты. Ал үкімет болса елдегі саяси қарсыластарын, оппозициялық партиялар мен тәуелсіз баспасөзді басып, тұншықтыруын жалғастырып отыр делінген аталмыш баяндамада.

«2007 жылы Қазақ өкіметі ел конституциясындағы президент болған адам екі сайлау мерзімінен артық осы жоғары қызметте бола алмайды деген шектеуді өзгертіп, қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметіне шексіз сайлауға түсе алады деген арнайы бап енгізіп, бұл өзгерістерді парламент мақұлдады. Ел конституциясына енгізілген бұл өзгертуге оппозиция өзінің қарсы екендігін білідру мақсатында Алматы қаласында наразылық акциясын өткізбекші болды, алайда полиция бұған жол бермей қойды, наразы топтың жетекшілерінің бірі, журналист Сергей Дувановты тұтқындап, бір күннен соң полиция абақтысынан босатты. Ал конституцияға енгізілген тағы бір өзгерту - парламент Мәжілісі депуттаттарының санын 77-ден 107-ге өсіру болды. Бұл алғашында парламенттің билік рөлін көтеруге және елдегі оппозициялық партия рөлдерін жоғарлату мақсатында деп айтылсада, шын мәнінде бұл президент билігін одан әрі күшейту мақсатында болғаны анық болды. Өйткені тамыздың 18-і күні болған парламент сайлауында президенттің «Нұр-Отан» партиясы бір өзі ғана 88 процент дауыс алып, жеңіске жетті. Оппозиция жетекшілері сайлаудың заңсыз, түрлі қайшылықтарға толы болғанын айтып, қайта сайлау өткізуді талап етіп ел президентіне хат жолдады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сайлаудың халықаралық стандарттарға сай болмағанын алға тартты. Ал президент Н.Назарбаев болса, сайлауға қатысты барлық сыни ескертпелерге қарамастан, бір партиялы парламент ел экономикасы мен саяси өзгерістерді тездетуге қажет заңдарды қабылдау үшін үлкен мүмкіндік дегенді айтты. Ал сайлау алдында оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы біріксе де, олар мәжілістен бірде бір орын ала алмады. Елде бүгінге дейін оппозициялық партия саналатын «Алға» партиясы мен «Атамекен» партиясы тіркеуден өтпей отыр» дейді Human Rights Watch ұйымы әлем елдеріндегі адам құқығының қорғалуы мәселесіне арнаған жылдық қортынды баяндамасында.

Сонымен қатар осы баяндамада Қазақстан заңы елдегі саяси оқиғалар туралы БАҚ-на хабар таратуға құқық берсе де президентті не өкіметті сынға алған тәуелсіз басылымдарға қауіп төніп, журналистер түрлі қиын жағдайларға ұшырайтыны айтылған. «Мысалы, апталық «Закон и правосудие» газетінде елдегі сыбайлас жемқорлық тақырыбында мақала жазып, мәселе көтерген тәуелсіз журналист Оралғайша Омаршанова өткен жылдың наурыз айының 30-нан бері жоғалып кетті. Оның қайда екендігі осы күнге дейін белгісіз қалып отыр. Ал оппозициялық интернет парақшасының журналисі Сакен Таужанов өткен жылы тамыз айының 2-сі күні жол көлік апатынан қаза болды. Елдегі басшылық Таужанов өлімін әдетте бола беретін жол көлік апатынан болған дегенді айтып отырсада, кейбір бақылаушылар бұл мәселеде қайта тергеу-тексеру жұмыстарының жүруін талап етуде. Өйткені 2002 жылдан бері дәл осындай жағдайда елде кемінде алты тәуелсіз журналист өлім құшқан, ал үкімет интернет кеңістігін бақылау, оған цензура орнатуға және оппозициялық интернет парақшаларын жауып тастау секілді істерін тоқтатпай отыр» дейді Human Rights Watch ұйымы.

Бұларға қоса халықаралық ұйымның баяндамасында Қазақстанда ВИЧ/СПИД індетінің кеңінен тарап бара жатқандығы айтылыпты. «Қазақ үкіметі осы індетке қарсы 2006-2010 жылдары 53 миллион доллардың қаржысын бөлу бағдарламасын қабылдағанына қарамастан тек 2007 жылдың бірінші жартысында осы індетті жұқтырған 1165 адам жаңадан тіркеліп отыр. Ал 2006 жылы бұл көрсеткіш 958 адам болатын. 2007-ші жыл бойы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселесі Қазақстанның халықаралық қатынасындағы ең маңызды әрі өзекті тақырыбы болды. Жыл соңына қарай Мадридте өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кеңесі, елдегі адам құқығы жағдайының жақсармағанына қарамастан, Қазақстанға 2010 жылы осы ұйымға төраға болу шешімін қабылдады» деп жазған Human Rights Watch ұйымы әлем елдеріндегі адам құқығының қорғалуы мәселесіне арнаған жылдық қортынды баяндамасында.
XS
SM
MD
LG