Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы Қазақстан қоғамының әлсіздігін көрсетті


Осыдан екі жыл бұрын Алматыда Қазақстан оппозициясы қайраткерлерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы жанындағы екі серігімен қастандықтан қаза тапты. Қылмыстық іс бойынша өткен тергеу мен сот процесі А.Сәрсенбайұлын жеке бас араздығынан туындаған себеппен Парламент Сенаты аппаратының жоғары лауазымды шенеунігі арнайы кісі жалдап, атуға тапсырыс берген деп танып, іс бойынша сотқа тартылған 10 адам әртүрлі жазаға кесілді. Бірақ, Қазақстан оппозициясы Алтынбекті өлтірген жалдамалы жендеттерге саяси тапсырыс бергендер әлі күнге тасада қалып келеді деп санайды. Ал ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев ондай тапсырыс бергендерді білетінін және оны жақын арада кітабында жариялайтынын айтады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең жас министр атанып, өмірінің соңғы он жылында елдің ақпарат және қоғамдық келісім министрі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі секілді лауазымды қызметтерді атқарған Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жанындағы екі серігі - Қайрат Байбосын және Василий Журавлевтің атып өлтірілген мәйіттері Алматы қаласының шетінде 2006 жылы ақпан айының 13-күні табылды.

Арада он күн өткенде тергеушілер бұл қылмысқа Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы тобының 5 әскери қызметкері қатысқанын анықтап, оларға жеке бас араздығынан туындаған себеппен Сәрсенбайұлын өлтіруге сол кездегі Парламент Сенаты аппаратының басшысы Ержан Өтембаев тапсырыс берген деген байлам жасады.

Іле-шала Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев отставкаға кетті. Тергеудегі Е.Өтембаев кінәсін мойындап өзіне хат жазғанын сол жылы наурыздың 2-күні Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жаңадан басшы тағайындау үшін Парламент Сенатының келісімін алуға келгенде президент Назарбаев та айтты.

– Өтембаев менің атыма хат жазды. «Ешкім мені бұған итермелеген жоқ. Ешкіммен ақылдасқаным жоқ. Өзім көп жылдардан бері көңілімде ұстап жүрген қарсылық пен ренжу, әсіресе жүйкеме тиіп, менің адамгершілік намысыма тиген мақалалар шегімнен шығарып жіберді» деп жазды. Адам болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады, ал соттың шешімі бойынша, қылмысты жасаған адам жазасын алады, - деді президент.

Сол жолғы сөзінде Назарбаев Сенат басшылығына ешқандай күмән болмауы тиіс деп ескертті. Ол жиынға Сенаттың сол кездегі спикері Нұртай Әбіқаев қатысқан жоқ болатын.

Алматыда жасалған ауыр қылмысқа қатысты Талдықорғанда өткен соттың 2006 жылы наурыздың 31-інде шығарған үкімі бойынша қылмысты орындағаны үшін бұрынғы полиция офицері Рустам Ибрагимов өлім жазасына, ал кісі өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев және тағы бір адам 20 жылға, жалпы саны 10 адам түрмеге кесілді. Алайда, осы өлімді зерттеу үшін құрылған қоғамдық комиссия жұмысына қатысқан оппозиция мен тәуелсіз бақылаушылар А.Сәрсенбайұлын өлтірген жендеттердің артында саяси тапсырыс берушілер тұр деп санайды.

Тергеу барысында және сот кезінде бұл істі объективті жүргізуді талап еткен бірнеше наразылық жиындары өтті. Оған қатысқан оппозиция қайраткерлері мен тәуелсіз журналистерді әкімшілік сот жауапқа тартып, айыппұл салды, он бес тәулікке дейін абақтыға отырғызды.

Қазақстандық тәуелсіз басылымдар мен Интернет-сайттарда жарық көрген мақалаларда жасалған түрлі болжамдарда, қылмысқа қатысы болуы ықтимал тұлғалардың қатарында сол кездегі Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев пен президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің есімдері аталды. Бірақ баспасөзде әлгіндей болжам жасағандар кейін сотқа тартылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы офицері Арат Нарманбетов Рахат Әлиевтің ар-намысына тигені үшін 1-жылға, отставкадағы тағы бір әскери офицер, қазірде тәуелсіз журналист Қазис Тоғызбаев президент Н.Назарбаевтың ар-намысына тигені үшін 2 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Ал президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева өз иелігіндегі «Караван» газетінде жарық көрген «Дежа вю» атты мақаласында, қылмыс жасалғаннан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал Н.Дүтбаев президент Назарбаевқа бұл қылмысқа оның жақын-туыстарының қатысы болуы мүмкін екені туралы баяндапты деген ақпарат жариялағанымен, кейіннен ол сөзінен бас тартты. Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Д.Назарбаеваның әлгі мақаласы тапсырыспен болған кісі өлімінің ар жағында биліктегі ықпалды топтардың өзара теке-тіресін көрсетіп берді деп санайды:

- Бұл сөз негізсіз емес. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл қылмыстық іске тікелей қатысты. Оның тікелей орындаушылары – «Арыстан» тобы Дүтбаевтың немесе соның орынбасарларының бұйрығынсыз анадай әрекетке бір қадам бармайды. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мекеме басында отырған адам Рахатқа қарсы мәселе қояды. Неге? Өйткені, сол жерде сатқындық жасаған Рахат болуы да мүмкін, жаңағыдай қылмысты аналарға істеткізіп, кейін сосын сатып жіберіп, айтып отырған. Бұл жерде сонда екі топ болады: шартты түрде айтқанда Рахат Әлиевтің тобы, содан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тобы. Екеуі осы қылмысты біріне бірі итеріп тастайды. Ал ҰҚК ар жағында Н.Әбіқаев тұр, - дейді Р.Сәрсенбайұлы.

2007 жылы қаңтарда Нұртай Әбіқаев өз өтініші бойынша Сенат төрағасы қызметінен босап, Ресейге елші боп тағайындалды. Ал сол жылы мамыр айының соңында Венадағы елші қызметін атқарып жүрген президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевке Алматыдағы «Нұрбанк» АҚ басқарушы қызметкерлерін ұрлаған деген айып тағылды. Ол мемлекеттік қызметтен алынып, иелігіндегі мүлкі қайтадан бөліске түсті.

Венада тұрып жатқан Әлиевті банктегі қылмысқа күдікті ретінде Қазақстан жағы сұратқанымен Австрия елі оны бермей қойды. Былтыр қазан айында «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Әлиев Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс Австрия аумағында берілген деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, сонда демалып жатқан президент Назарбаевқа жолығу үшін 2006 жылы ақпан айында бірнеше сағатқа Нұртай Әбіқаев ұшып келген. Ресми Астана Әлиевтің бұл мәлімдемесіне байланысты ешқандай түсінік бермеді.

Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Рахат Әлиев өзінде деректер барын айтып оған да кісі салыпты.

- Ол өзінде деректер бар екенін айтқан соң шетелге, Еуропа елдеріне шығуға жиналдым. Ол қай елде кезігетінін айтсын, маған беретін деректері болса мен алуға дайынмын дедім. Бірақ, Ақ Ордамен келіссөз оның пайдасына қарай шешілген болуы керек, Ақ Орданың ызғарын жібіткен болуы керек, сәл де болса, сөйтіп сол екі ортада ол әлгі сөзінен қайтадан айнып қалды. Мен оған қоятын сұрақ-талаптарымды «Свобода слова» газеті және басқа да ақпарат құралдары арқылы ашық қойдым. Оның бір де біреуіне Рахат Әлиев жауап берген жоқ. Егер ол оның өз жеке қарақан басының қамы үшін пайдаланып отырған құралы болмаса, шындықты айтқысы келген адам болса, оны біздің қолымызға табыс етер еді, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Ал Әлиев болса Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс бергендерді жақын арада жарық көретін кітабында әшкерелеп жазамын деп отыр.

Бақылаушылар Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі Қазақстан қоғамында биліктің де, оппозицияның да әлсіздігін көрсеткенін айтады.

- Өкінішке қарай, Алтынбектің көзі тірісінде айтқан сын-ескертулерінен, тіпті оның өлімінен кейін қоғамдағы болған оқиғалардан сабақ алмаған билік нәтижесінде Рахатгейт пен түрлі әлеуметтік, ұлтаралық жанжалдарға тап болды. Ал оппозиция болса, қайраткер тұлғаның өлімін зерттеу үшін құрылған комиссияның жұмысын соңына дейін жеткізе алмады, - дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG