Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.04.2008 жыл


Сейсенбі күнгі басылымдар Ресейдегі өткен президенттік сайлау, Сырдария өңіріндегі су тасқыны мен тікұшақ апаты, жемқорлықпен күрес, алданған тұрғын үй үлескерлерінің дауы туралы жазыпты.

Сейсенбі күнгі басылымдар Ресейдегі өткен президенттік сайлауға назар аударыпты. Осы орайдағы мақаласын «Егемен Қазақстан» газеті «Ресей халқы дана саясатты жалғастыруды жақтады» деп атап, онда Қазақстан президенті Ресейдің жаңа президенті Дмитрий Медведевті құттықтағаны туралы жазыпты.

«Жас алаш» газеті «Айқын да бұлыңғыр таңдау. Ресейде Путин қойған, Медведев ойнаған спектакль аяқталды» депті.

«Экспресс К» газеті «Мұжық айтты – мұжық орындады» деген мақаласында, «егер Путин «Мұрагер» операциясын тамаша етіп орындамаса, кәсіпкер чекист болмаған болар еді. Түптеп келгенде, ресейліктер Дмитрий Медведев үшін емес, Путин айқындаған бағдар үшін дауыс берді» деп жазыпты.

«Литер» мен «Айқын» газеттері атақты ақын Олжас Сүлейменовпен «Иә, саралайтын кезең келді!» деген сұхбатын жариялапты. Онда ақын осыған дейін Қазақстандық жиырма сегіз зиялы қауым өкілінің «тарихты жаңаша саралайық» деген хатына өзінің неге қол қойғанын және ол өте дұрыс бастама екенін негіздеп бағыпты. Сондай-ақ ол Ресейдегі өткен президенттік сайлауға қатысты «Ресей президентін сайлау тәсілі ТМД аумағында бірнеше рет пайдаланылған тәсіл. Меніңше, президентікке өтпейтіні алдын-ала белгілі Жириновский, Богданов сияқтыларды қатыстырып, сайлауды сайқымазаққа айналдырмай-ақ, «сіздер Д.Медведевтің президент боғанын қалайсыздар ма?» деген сауалмен референдум өткізу керек еді» деп айтыпты.

KAZTODAY.RU сайтында Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, қазірде шетелде жүрген Рахат Әлиев «билік жариялаған жемқорлыққа қарсы берілетін он соққыға менің қосатыным бар» деп, ол да он соққы ұсыныпты. Онда, бірінші соққы ретінде «президенттің іс басқармасы бюджеттен қанша қаржы алатынын ашып айтайықшы» деп басталады да, «Нұр Отан» партиясы қандай қаржыға күнелтіп отыр; «Қазақмыс» корпорациясының шын иесі кім; шахтерлердің өліміне көзжұмбайлықпен қаратып отырған «Митталдың іскер әріптесі» деген кім; «Маңғыстаумұнайгазды» кім, кімге сатып жатыр» деген сияқты он сауал қойыпты. Әлиев өзінің бұрынғы қайын атасына: «Нұрсұлтан Әбішұлы, егер осыларды нақты ашып айтып, күйрете соққы берсеңіз, жемқорлықтан түк те қалмайды емес пе?! Ендігі іс сізге байланысты» деп қортындылап, «мен президенттің жемқорлықпен күресіне көмек ретінде осылардың бәрін ашық айтқан «Уәкіл қайын ата» атты кітап жаздым» деп аяқтапты.

«Время» газеті Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың Қазақстанда жүрген күйеу баласы Әділ Тойғанбаев туралы мақаласын, Қазақстан Бас прокурордың орынбасары Ерғали Мерзадиновтың сөзіне сілтемелеп, «Біз Тойғанбаевты қайтарып бермейміз» деп атапты. Онда Ерғали Мерзадинов «Қырғызстан тарапына, егер қажет десеңіздер, Тойғанбаевтан Қазақстанға келіп жауап алсаңыздар болады. Бірақ біз оны Қырғызстанға қайтарып бермейміз» деп айтыпты.

Бірқатар басылымдар Шығыс Қазақстан облысында Ришат Ордабаев деген азаматты төрт полиция қызметкері ұрып-соғып, үстіне бензин құйып өртеп кеткені туралы жазыпты.

Енді бір басылымдар өткен сенбі күні Алматыдағы орталық алаңның астынан сауда кешенінің салынуына наразылық шерумен Желтоқсан және Сәтпаев көшелерінің қиылысына шыққан «Азат» партиясының белсенділері мен «Шаңырақ» қоғамдық бірлестік өкілдерін полиция қызметкерлері ұрып-соғып, бірнеше адамды қамауға алып, оларға айыппұл салғаны туралы жазыпты.

«Айқын» газеті «Жемқорлықпен күрес күшейген сайын жоғары оқу орындарындағы парақорлықтың өсе түсу себебі неде?» деп сұрапты. Оған жауап берген сенатор Әділ Ахметов: «Нағыз күрес әлі басталған жоқ. Біз әзірше, жалған ұран мен қызыл сөзден аса алмай жүрміз. Бастама көтерілді. Жемқорлар енді-енді тұтылып, қақпанға түсуде. Әлі талай былықтың беті ашылады. Ең сорақысы, білім саласын жайлаған жемқорлық, сатылған білім, бағаны сатып алған шәкірт көбейіп барады» депті.

«Мегаполис» апталығы «Дәреже алатын кез келді» деген мақаласында «Қазақстанда ғалым болу сәнге айналды. Сондықтан қазір кандидат, тіпті доктор атағын алуға бірнеше ай ғана жеткілікті. Ол үшін өзін жарнамалап жүрген көптеген агенттіктің біріне телефон шалып, бағасына келіссеңіз болды» деп жазыпты. Сондай-ақ, осы апталық «Панасыз болғандар шеруі» атты мақаласында, алданған үлескерлердің жағдайына үкімет онша мән бергісі келмей отырғаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG