Accessibility links

Хасен Қожа-Ахмет шетелден саяси баспана сұрамақшы


1986 жылғы Желтоқсан көтерлісіне қатысқаны үшін 4 жылға сотталған, Қазақстандағы «Азат» азаматтық қозғалысының төрағасы Хасен Қожа-Ахмет дүйсенбі күні Алматыда «Өз халқыма және демократиялық мемлекеттердің басшыларына» деген атпен мәлімдеме таратты.

Онда автор өзінің алғаш 1970 жылы ақпан айында кеңес армиясы әскеріндегі ұлттық, нәсілдік кемсітушілікке қарсы наразылық танытқаны үшін жеті ай қамауда отырып, ақыры ақталып шыққанын, содан соң 1977 жылы КГБ тарапынан тұтқындалып, диссидент ретінде 2 жыл сотталғанын, ал 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі ретінде тағы да 4 жылға сотталғанын баяндаған. Ол сондай-ақ Дүниежүзілік саяси тұтқындардың Хельсинки тізімінде аты жазылғанын айтыпты.

- Батыстың АҚШ, Нирдерланды секілді бірқатар елдерінен саяси баспана алуға болатын мүмкіндікті ескермей, елде 20 жылдай уақыт бойы күресіппін. Бірақ, бұл күрестерден ешбір нәтиже болмады, бұрынғы кеңес заманындағы сұмдық жағдай Қазақстанның тәуелсіз ел болғалы өткен 17 жылда қайта айналып келгендей күй кешіп жатырмын. Сондықтан енді мен шетелге саяси эмигрант ретінде кетуге шешім қабылдадым, - деді Хасен Қожа-Ахмет дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында.

Ол Қазақстанның қазіргі билігі елдегі сөз бостандығы мен ұлт мәселесіне ешбір көңіл бөлмей отыр деп сын айтады.

- Тоқырау заманы қайта келгендей, осы елдің негізгі халқы қазақ ұлт өз ана тілінде сөйлей алмайтын жағдайда, кешегі Ресейдің отары болған Қазақ елін жемқорлар жайлап, солардың бас пайдасы ғана қорғалатын елге айналды. Ал оппозиция болса әлсіз күй кешіп отыр, ресми БАҚ үкіметтен қорықса, оппозиция басылымдары өз партияларының көсемдерін мақтаудан арыға бара алмай отыр, - дейді ол.

Биылғы жылдың сәуір айының басында Қытай үкіметінің билігіндегі Тибеттегі жағдайға байланысты Алматыдағы «Қаламгер» атты баспасөз клубында өз пікірін білдірмек болған Хасен Қожа-Ахмет сол жолы өзіне қарсы қысым көрсетілгенін айтты.

- Сол баспасөз клубының қызметкерлері, Алматы қаласының әкімшілігі және полициядан нұсқау алғандықтан, алдын ала ақшасын төлеп қойғаныма қарамастан белгіленген уақытта менің баспасөз мәслихатын өткізуіме кедергі жасап, оның ақыры төбелеске айналды. Міне, біздің елдегі сөз бостандығының жағдайы, құтты 1970 жылдардағы тоталитарлық совет кезеңі қайта орнағандай, - дейді Х.Қожа-Ахмет.

Осындай жағдайда Қазақстанда тұрып сөз бостандығы мен ұлт мәселесіне қатысты күрес жүргізудің қиын екендігін алға тартқан ол енді шетелге – Еуропа елдерінің біріне болмаса Иран, Түркия, сондай-ақ Сауд Арабиясы секілді мемлекеттердің біріне саяси баспана өздеп кетуге бел байлағанын мәлімдеп отыр.

Тәуелсіз журналист Геройхан Қыстаубаев Хасен Қожа-Ахмет секілді күрескер азаматтың саяси баспана сұрап шетелге кетпек болуына қазіргі билік кінәлі деп есептейді. Ал саясаттанушы Дос Көшім бұндай мәлімдеме кімге де болсын, әсіресе билік басындағыларға үлкен ой салуы тиіс дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG