Accessibility links

Атырау облысында тамақтан уланып ауруханаға түскендер саны 192 адамға жетті


Атырау облысының Теңіз мұнай кенішінде мұнай өндіріп жатқан «Теңізшевройл» мұнай компаниясының екінші дәрежелі зауыт құрлысын салумен айналысып жатқан мердігерлік компания жұмысшылары өткен сәрсенбіде жеген тамақтан жаппай уланып қалды. Мамырдың 27-күнгі жағдаймен ауруханаға түскен жұмысшылар саны 192-ге жетті.

Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметінің өкілі Светлана Мұратбекованың айтуынша, қазіргі уақытта ауруханада жатқан 192 адамның 174-і Шаңырақ елді мекеніндегі дәрігери стационарға түскен, қалғандары Құлсарыдағы аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне апарылған. Бұған қоса тамақтан уланған бір атыраулық және екі ақтөбелік азамат ауруханада емделіп жатыр, дейді С.Мұратбекова.

Оның айтуынша, өткен сәрсенбі күні 450-дей жұмысшы асханада пісірілген тауық еті және тоқаш жеген соң көбінің іштері өтіп, құса бастаған. Улану белгілері байқалған соң олар дәрігердің көмегіне жүгінген. Күдік расқа шығып, дәрігерлер оларға «тамақтан уланған»деген диогноз қойған.

Атырау облысы әкімшілігінің «Атырау ақпараты» мекемесінің басшысы Елдар Жұмағалиев сейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, облыстық санитарлық дәрігери мамандар жаппай тамақтан улану оқиғасы адам факторынан болған деген алғашықы қортындыға келіп отырғандығын жеткізді. Оның айтуынша, Ақтөбе облысынан келіп, уақытша жұмысшылар асханасында аспазшы болып жұмыс істеген бір әйел «сальмоноллез» деп аталатын жұқпалы іш ауруына шалдыққаны анықталыпты.

«Басында дәрігерлердің өздері оның дертін нақты білмей, әлгі адамға суық тигізген деген диагноз қойыпты. Алайда ол кісі жатып емделмей, асханадағы жұмысын істеп жүре берген. Енді дәрігерлер, сол адамнан тараған іш ауруының микробтары тамақ арқылы жұмысшыларға жұққан деген қортындыға келіп отыр. Қазір ол әйел адам өзгелерден жеке оқшауландырылып, дәрігерлердің бақылауында емделіп жатыр», - деді Е.Жұмағалиев.

Оның айтуынша, ауырғандардың барлығы да қазақстандық жұмысшылар болып отыр.

«Ал оларға тамақ әзірлейтін асхана ESS деп аталатын халықаралық тәжірибесі бар компанияның иелігінде. Қазір облыстық прокуратура жұмысшылардың жаппай улану оқиғасын өз бақылауына алды», - дейді «Атырау ақпараты» мекемесінің басшысы Е.Жұмағалиев.

Өткен жылы күзде тағы да осы Атырау облысында мұнай өндіру жұмысымен айналысып жатқан «Аджип» концернінің тапсырысымен Қарабатанда құрылыс салып жатқан Түркияның «Гате Иншаат» компаниясының 400-дей жұмысшысы жаппай тамақтан уланып қалған болатын. Ол жолы да ауру «сальмонеллез» дертіне шалдыққан аспазшының пісірген тамақтары арқылы жұмысшыларға жұққаны анықталған еді.
XS
SM
MD
LG