Accessibility links

Жанар-жағар май бағасының қымбаттауы жолаушы қалтасын жұқартып отыр


Қазақстандағы жанар май бағасының тұрақсыздығы экономиканың өзге де салаларына кері әсерін тигізуде. Мәселен, елдің бірқатар өңірлерінде маусымның 9-нан бастап жолақы бағасы қазіргі деңгейден 5-10 теңгеге өспекші. Мамандардың сөзіне қарағанда, елдегі қымбатшылықпен күресу мақсатында қабылдаған үкімет қаулысы да бұған көмек бола алмайтын түрі бар.

Маусымның 9-нан бастап Қазақстанның бірқатар қалаларында қоғамдық көліктегі жолақы бағасы қымбаттайды. Мамандар бұған жанар май бағасының шарықтауы себеп болып отыр дейді.

- Мәселен, бір литр жанармай 2006 жылы 45 теңге болса, қазір 90-95 теңге. Соңғы рет жолақы 2006 жылдың 3-шілдесінде көтерілген болатын, - дейді Алматы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаменті бастығының орынбасары Мақаш Ермұханбетов.

Статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстанда сәуір айында жанар жағар май бағасы 6,5 пайызға дейін өскен. Бағаның қымбаттауы көлік иелерінің де наразылығын туғызып отыр.

- Көлігіме 93 маркалы бензин құямын. Қазір оның бір литрі 92-93 теңге болып кетті. Енді ол әр жерде әрқалай. Қазір 1000 теңге табудың өзі қиын, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Еркін Тоқтасынұлы.

Маусымның 1-інен бастап қыркүйек айына дейін қазақ үкіметі елдегі мұнай өнімдерін экспортқа шығаруға тыйым салды. Алайда мамандар мұндай шара елдегі жанар-жағар май бағасын мөлшерлі деңгейде тек уақытша ғана ұстап тұра алады дейді.

- Бұл Қазақстанда үнемі қайталанып отыратын жағдаймен үкіметтің дәстүрлі түрде күресуі. Бірақ бұл - уақытша ғана шара. Қаулы мерзімі біткен соң жанар май тапшылығы тағы басталады, тағы да қымбайттайды, - дейді «Эксперт Казахстан» журналының өнеркәсіптік бөлімінің жетекшісі Сергей Смирнов.

Сонымен қатар сұхбаттасымыз республикада жанар-жағар май бағасының әртүрлі болуы себебін төмендегі жағдайлармен байланыстырады:

- Бұл, біріншіден, зауыттағы мұнай өңдеу құнына байланысты. Ол әр зауытта әрқалай. Екіншіден, оны тұтынушыға жеткізу керек. Бұл да жанар-жағар май бағасына әсер етеді. Бұлардан бөлек алыпсатарлардың да қосатыны бар.

Қазіргі таңда жанар май бағасының қымбаттығы жөнінен Қазақстан бойынша Алматы қаласы алда келеді. Мұнда бензиннің ең жоғары сорты доллар бағамына шаққанда шамамен 80 цент тұрады. Ал жанар май бағасының шарықтауы салдарынан қоғамдық көліктердегі жолақы бағасының көтерілуі онсыз да қалтасын қымбатшылық қаққан қарапайым халық үшін «жығылған үстіне жұдырық» болмақ дейді Алматы қаласының тұрғыны Нұрсұлу Айымбетова:

- Қазір барлық жерде дағдарыс болып жатыр. Елдің жалақысы өте аз. Бір жерге бару үшін мен мысалы, бүгін шықтым, міне, үш-төрт жерге баруым керек. Кейде автобус болмай қалады, басқа автобусқа мінуге тура келеді. Сонымен менің 500 теңгем бір күнде жоқ болады, бұл тек 40 теңгеден есептегенде. Ал егер 50 теңгеден есептесек, онда қалай болады, білмеймін. Көп балалы-шағалыларға өте қиын. Баламды ертіп жүре алмаймын мен қазір. Үйден шыққан кезде ақшамды есептеп шығамын.

Жолақының қымбаттауы қаладағы жолаушы тасымалдаушы көлік жұмысшыларына жүктелетін жоспар көлемін де көбейтеді. Оған қоса жолаушылар саны азайып кетеді деп қалалық жүргізушілер де алаңдаулы.

- Алдыңғы жылдары сенбі-жексенбі күндері жұмыс жақсы болатын. Қазір базар күні жұмыс жақсы болады деп айта алмаймын. Қазір ондай күні халық та артық жүрмейтін болды, - дейді көлік жүргізуші Ердос Тоқсейтов.

Қазақстанда жолаушыларды тасымалдаумен жекеменшік компаниялар айналысады. Бір жарым млн астам тұрғыны бар Алматы қаласында мұндай 16 компания бар. Олар күн сайын 2000-ға жуық қоғамдық көлікпен 120 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетуде.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG