Accessibility links

Дін туралы жаңа заң жобасы елдегі діни азшылықтың көңілінен шықпайды


Маусымның 3-күні «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заң жобасы парламент комитетінде ең соңғы талқылаудан өтіп, мәжілістің жалпы отырысына жіберілді. Жаңа заң жобасын дайындаған депутаттардың айтуынша, жобаның көп дау туғызған тұсы - діни бірлестіктерді тіркеу мәселесі бойынша ымыра табылған сияқты. Өз кезегінде секта өкілдері, жобада көрсетілген мүшелері аз діни бірлестіктерді тіркеуге салынған тыйымды алып тастауды сұрайды.

Қазақстанда 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заң көп ұзамай қайта жаңартылады. Заң жобасын дайындаған депутаттар кейбір елдерде секталар мен миссионерлерге тыйым салынғанын алға тартады. Ал, Қазақстандағы секталар тарихи дәстүрлі дінге берілген адамдарды өз діндеріне қаратып жатыр, дейді жоба авторлары.

Өз кезегінде секта өкілдері мен адам құқын қорғаушылар, діни азшылық ұйымдардың ресми тіркеу мәселесін аса қиындататын жаңа заң жобасы Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында діни еркіндіктерге қатысты алған міндеттемелеріне қайшы келетінін ескертіп отыр. Жобаны талқылау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі парламент мәжілісінің депутаты Камал Бұрхановтың мәліметінше, барлығы заң жобасына 160 толықтыру енгізіліпті.

- Тіркелу мәселесі бәрінен көп дау туғызды. Бірақ, бұл мәселеде ымыра табылған сияқты, - дейді ол.

Екінші мәселе - қаржылық бақылау. Жоба авторлары оны күшейту керек деген көзқарас ұстанады. Өз кезегінде секта өкілдері жаңа заң жобасындағы мүшелері аз бірлестіктердің шетелден қаржы алуына тыйым салуды көздейтін тармақты да жоюды сұрайды. Себебі, қаржы шағын мешітке керек, ал тұрғындары аз Қазақстанды Еуропамен салыстыру дұрыс емес, дейді олар.

Заң жобасын жасауға бастамашы болғандардың бірі - парламент мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов қаржылай бақылау бастапқыда көзделгендей қатаң емес деп отыр. Депутат Бұрхановтың түсіндіруінше, бақылау бәрібір сақталады.

Үшінші мәселе - діни әдебиетке қатысты. Депутат Бекжановтың айтуынша, діни әдебиет бастапқыда жоспарланғандай қадағаланатын болды.

Әділет министрлігінің діни істері жөніндегі комитетінің төрағасы Ардақ Досжанның түсіндіруінше, жаңа баптарда, жеке қолдануға алып жүрген Құран немесе Інжіл сияқты кітаптардан басқа Қазақстанның кеден шекарасынан өткен барлық діни әдебиет міндетті түрде діни сараптамаға жіберілетін тәртіп енгізілетін болады.

Депутат Бұрхановтың мәліметінше, діни әдебиетке қатысты бірнеше бап қосылды. Белгіленген тәртіпке сәйкес, заң жобасы жұмыс тобында талқыланып бітті. Енді келесі аптада мәжілістің жалпы отырысында бірінші және екінші оқылымында қаралмақ.
XS
SM
MD
LG