Accessibility links

«Хьюман Райтс Уотч» өкілдері Қазақстандағы сөз бостандығы мен босқындар жағдайына алаңдаушылық білдірді


Адам құқығы жөніндегі «Хьюман Райтс Уотч» ұйымының өкілдері, Қазақстандағы «БАҚ туралы заңға» енгізілуі мүмкін жала жабуға қатысты қылмыстық жауапкершілік халықаралық нормаларға сәйкес келмейді деген мәлімдеме жасады. Және Қазақстан үкіметіне босқындарды экстремист деген күдікпен ұстап, оларды азаптау қаупі бар елдерге экстрадициялауына алаңдаушылықпен бірнеше рет хат жазғанбыз, дейді халықаралық құқық қорғаушылар.

«Хьюман Райтс Уотч» ұйымының өкілдері Астанада маусымның 4-күні Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсыновпен кездесуде осы мәселелерді көтерді. Өз кезегінде Тұрсынов аталған жайттардың бар екендігін мойындап, ұсыныстар ескеріледі деген уәде берді.

«Хьюман Райтс Уотч» ұйымының Еуропа және Орталық Азия елдері жөніндегі бөлімі директорының орынбасары Рэйчел Денбер Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсыновпен кездесуде БАҚ-тарды қадағалау үшін қолданылатын сөз бостандығы және жала жабуға қатысты қылмыстық жауапкершілікке байланысты алаңдаушылығын жеткізді.

«Үкіметтік емес ұйымдар БАҚ туралы заң жобасын дайындап жатқан жұмыс тобымен кездесіп ақпарат құралдарды тіркеуді жеңілдетуді және жала жабуға орай, қылмыстық жауапкершілікті толығымен алып тастауды ұсынды, менің түсінігімше, қазір бұл жауапкершілікті біртіндеп алу ұсынылып жатыр. Бірақ, менің бірінші ұсынысым бойынша, бұл жауапкершілікті мүлде алып тастау керек, себебі ол халықаралық нормаларға сәйкес келіңкіремейді», - дейді «Хьюман Райтс Уотч» өкілі Рейчел Денбер.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсыновтың айтуынша, тілшілерді қылмыстық жауапқа тарту ұсынысы болған бірақ, қазір қауіп жоқ. Халықаралық құқық қорғаушылар көтерген екінші мәселе босқындарға байланысты болды. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро төрағасы Евгений Жовтистің айтуынша, көптеген елдерде күдіктілерді өзге елге тек сот шешімінен кейін ғана беріледі.

«Минск конвенциясы» шеңберінде бұл үрдіс бас прокуратуралардың шешімімен жүзеге асырылады. Ресми мәлімет бойынша, «Босқындар мәртебесі» және «Адамды жазалаудағы азаптау» және басқа да түрлеріне қатысты конвенциялар бірнеше елге күдіктілерді беруге тыйым салады. Қазақстан күдіктілерді беріп келген, Ресеймен Өзбекстанда адамды қинау фактілері кездеседі, дейді кейбір құқық қорғаушылар. «Хьюман Райтс Уотч» ұйымының Орталық Азия бойынша, ғылыми қызметкері Андреа Бергтің айтуынша, олар Қазақстан үкіметіне босқындарды экстремист деп тауып мысалы Өзбекстанға экстрадициялау жөнінде бірнеше рет хат жазған.

«Олардың босқын мәртебесі бар ма екен деп қарау керек. Алаңдататыны Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі келісімдер. Біріккен ұлттар ұйымы азаптау жөнінде ұсыныстар жасаған. Бұл адамдардың тағдыры», дейді «Хьюман Райтс Уотч» өкілі Берг.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсыновтың айтуынша, халықаралық нормаларға сәйкес болашақта «Босқындар туралы ұлттық заң» жасалады.

Сөзінің соңында «Хьюман Райтс Уотч» өкілі Денбер жергілікті комиссиядан Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің Мадридте былтыр қараша айының соңында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселесі шешілген кездегі уәделері қалай орындалып жатыр деген сұрақ қойды.

- Біз БАҚ, сайлау, саяси партиялар жөніндегі заңдарға реформалар қалай жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға қатысты өзгерістерді білгіміз келеді, - деді ол.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсынов елдің сыртқы істер министрі Тәжиннің мәлімдемелері іс жүзінде заңдарға енгізіледі, кесте бойынша аталған заңдарға қатысты толықтырулар 2008 жылдың қараша айында қаралуға тиіс, деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG