Accessibility links

Алматыдағы аштық жариялаушылар өз талаптарын айтып қала әкіміне келді


Алматыда мемлекет қажетіне деп алынғалы отырған өз баспаналарына құрылыс компаниясының ұсынған ақшасына келіспей, 20 күннен бері аштық жариялап жатқан 1 топ тұрғын қала әкімі Ахметжан Есімовке өз талаптарын айту үшін, бейсенбі күні әкімшіліктің алдына жиналды. Билік өкілдері олардың мәселесі бойынша дауласушы тараптардың басын қосып, мәмілеге келу үшін жұма күні келіссөз өткізуді ұсынды.

Маусымның 5-күні Алматы қаласы әкімінің ғимараты алдына жиналған аштық жариялаушылар қала әкімі Ахметжан Есімовтен өз талаптарының орындалуын талап етті. Олардың бірі Сергей есімді адам:

- Билік басындағылар 3 күн бізбен бірге аштық жарияласа, біздің арыз-талаптарымыз бірден орындалар еді, - дейді.

20 күннен бері нәр татпаған Полина есімді әйел денсаулығының нашарлап кеткендігіне шағынды. Алайда Полина соңына дейін күресуге бел буыпты.

- Қазақ пен корей халқының салты бойынша әр адам басына қайғылы күн туғанда маңдайына ақ шүберек байлайды. Мен де соны жасаймын. Ол менің жағдайымның қайғылы екендігін білдіреді. Мен кеше ғана ауруханадан шықтым. Ал зайыбым болса, психиатриялық ауруханада жатыр. Оның бұндай халге душар болуына, шешімін таппай жатқан осы мәселе себеп болды, - дейді Полина.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айнұр Құрмановтың айтуынша, 20 күн бойы аштық жариялап жатқан тұрғындарға осы кезге дейін жергілікті шенеуніктердің тарапынан ешқайсысы келмеген. Ал тұрғындарды мәжбүрлеп баспанасынан айыру жөніндегі үкімді сот олардың сыртынан шығарған.

- Бүгін әкімшілік алдына аштық жариялаушылардың жартысы ғана келді. Қалғандары денсаулықтарына байланысты келе алмады. Олардың қазіргі жағдайы өте қиын. Келгендер қала әкімімен кездесіп, өз талаптарын жеткізуді ұйғарып отыр.

Аштық жариялаушы адамдармен кездесуге қала әкімінің орынбасары Серік Тұрарұлы келді. Ол жиналғандардың арыз-талабын тыңдап, оны шешудің жолдарын қарастыратынын айтты.

- Тұрғындар бізге бірнеше талап қойып отыр. Оның біріншісі - баспаналарын нарық бағасымен сатып алсын десе, екіншісі, құрылыс компаниясымен арадағы келісім-шартты қайта қарау, үшіншісі, осы мәселенің барлығын заңды түрде шешу.

Үш аптадан бері аштық жариялап жатқан тұрғындарының бірі Мұрат Қалиев есімді азамат, атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен мәжбүрлеп алынатын баспана құны нарық бағасынан 2-3 есе төмен деп, наразылығын білдірді:

- Өз құқығымды қорғау мүмкін болмай отыр. Олар менің баспанамды төмен бағалап отыр. Бала-шағам бар, мен қайтпекпін? Сот арқылы меншік мүлкімнен айырғалы отыр.

Билік өкілдері әкімшілік алдына жиналған аштық жариялаушылардың мәселесі бойынша дауласушы тараптардың басын қосып, ортақ бір келісімге келу үшін жұма күні келіссөз өткізуді ұсынды.

Алайда жиналғандар 20 күннен бері шешілмеген істің бір күнде оңтайлы болып кететініне күмәнді. Олар өздерінің қойған талаптары орындалмаса, аштық жариялауын жалғастыратындарын айтты.
XS
SM
MD
LG