Accessibility links

«ҚазСат» жерсерігінің жұмысы тоқтап қалды


"ҚазСат-1" спутнигін ұшырар алдында орыс православ шіркеу қызметкері діни рәсім жасап тұр. Байқоңыр, 17 маусым 2006 жыл
"ҚазСат-1" спутнигін ұшырар алдында орыс православ шіркеу қызметкері діни рәсім жасап тұр. Байқоңыр, 17 маусым 2006 жыл

9 маусым күні Қазақстанның «КазСат» деп аталатын тұңғыш жерсерігінің жұмысы белгісіз себептермен тоқтап қалды. Аталмыш жерсерігі 2006 жылдың 18 маусымында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған болатын.

Сол уақытта, Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назрбаев пен Ресейдің бұрынғы президенті Владимир Путин арнайы Байқоңыр қаласына барып, «ҚазСаттың» ғарышқа ұшырылуын «Протон» деп аталатын мәдениет үйінде тұрып бақылаған.

Сондай-ақ, ресми ақпарат құралдары президент Назарбаевтың Алтай есімді немересін де сол салтанатқа ертіп апарғанын жазған болатын.

Бірнеше жыл бойы БАҚ-та көп айтылып, Қазақстанның ғарыш саласындағы мақтанышы ретінде насихатталған «ҚазСаттың» жұмысы қандай себептерге байланысты тоқтап қалғаны әзірше белгісіз болып тұр.

Қазақстандық тұңғыш жер серігінің неліктен кенеттен тоқтап қалғандығының себебін білмек болып, Талғат Мұсабаев басшылық ететін Қазғарыш ұлттық ғарыш агенттігіне телефон шалғанымызбен, байланыса алмадық.

Республикалық ғарыштық байланыс орталығы сауда бөлімінің басшысы Олесья Геннадьевна есімді әйел маусымның 9-күні «Азаттыққа» берген түсініктемесінде, «ҚазСат» жұмысының тоқтап қалғандығы туралы ақпаратты растады. Ол қазір жасанды жер серігін пайдалануға келісім-шартқа отырған компанияларға хабарлама хат дайындалып жатқандығын айтты. Олесья ханымнан Республикалық ғарыштық байланыс орталығының президенті Виктор Дмитревич Гектор мырзаның «ҚазСаттың» төңірегінде туындаған мәселеге байланысты Қазғарыш Ұлттық ғарыш агенттігіне кеткендігін естідік.

Сонымен қатар біз «ҚазСаттың» қызметін пайдалану үшін келісім-шартқа отырған бірқатар компанияларға да хабарластық. «Қазақтелеком» АҚ «ҚазСат» жұмысының тоқтап қалғандығына орай, техникалық ақаулардың болмағандығын, «тек жер серігімен байланыс болмай тұрғанын» айтып берді.

Ал «Нұрсат» АҚ бұл мәселе жөнінде «Азаттық» радиосының сауалына жауап бермеді.

2006 жылы «ҚазСат» жерсерігін ғарышқа ұшыру үшін Қазақстан мемлекет бюджетінен 65 миллион доллар бөлген еді. Сол кездегі Білім және Ғылым министрлігінің жанындағы Аэроғарыштық комитеттің ресми мәлімдемесіне сүйеніп айтар болсақ, қазақстандық жер серігі үшін бөлінген қаржы жеті-сегіз жылда мемлекет бюджетіне толығымен қайтарылу керек болатын.
XS
SM
MD
LG