Accessibility links

«Қызғалдақ» фильмі Оскарға ұсынылмақшы


Сәрсенбі күні Францияда «Канн» кинофестивалінде «Ерекше көзқарас» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған «Қызғалдақ» кинофильмін түсірген режиссер мен басты рөлдерде ойнаған актерлер келешекте өз туындыларын «Оскар» жүлдесіне ұсынбақшы.екендіктерін мәлімдеді

«Қызғалдақтың» жұртшылыққа ерекше әсер еткенін әңгімелеп берген фильмнің режиссері Сергей Дворцевой өз туындысының Франция мемлекетінің мәдениет қайраткерлерін де бей-жай қалдырмағандығын тілге тиек етті. Францияның Білім министрі оған жоғары баға беріпті.

«Қызғалдақ» фильмі Шымкент облысындағы Жуантөбе деген жерде түсіріліпті. Ал киноның түсіру жұмыстары төрт жылға созылған. Қаржыға байланысты қиыншылықпен түсірілген фильмнің екінші продюсері Гүлнәр Сәрсенбаеваның айтуынша, кино жапан даладағы қарапайым қойшының отбасы туралы болғандықтан, жыл сайын малдардың төлдеуін күтуге тура келген.

- Мен жұртқа жапан түзде де қызығы қайнаған өмір бар екенін көрсеткім келді. Бұл киноның еуропалықтардың көңілінен шығуына адам бойындағы мейірімділік пен ізгіліктің кеңінен насихатталуы әсер еткен шығар, - деді Г.Сәрсенбаева.

Киноны түсірушілер «Қызғалдақ» фильмін «Оскар» жүлдесіне ұсынбақшы. Фильмнің продюссері Гүлнәр Сәрсенбаева бұл туындының бағы жанатындығына сенімді.

Қазірдің өзінде бұл фильмді ресейлік шығарма деушілер көбейе бастапты. Осыған ұқсас таласу Сергей Бодровтың «Моңғол» фильмінің төңірегінде де болған. Режиссер Сергей Дворцевой «Қызғалдақ» фильмі қазақстандық кинотуынды және оның 70 пайызы қазақ тілінде түсірілді деді «Азаттық» тілшісіне.
XS
SM
MD
LG