Accessibility links

Қоғамдық қорғаушылар Шаңырақ ісіндегі негізгі куәгерге араша сұрайды


Шаңырақ оқиғасына қатысты сот процесінде айыптау тарапының негізгі куәгері болған Айбатыр Ибрагимовке полиция тарапынан тағы да қысым жасалып жатыр деген қоғамдық қорғаушылар БАҚ өкілдерінің оған араша түсуін сұрайды. Осыдан бір ай бұрын Алматы қаласының прокурорына полиция қызметкерлерін жауапкершілікке тартуды сұрап берген арызында Айбатыр Ибрагимов полиция қызметкерлері қысым жасағандықтан, сот тергеуінде өтірік көрсету беруге мәжбүр болғанын жазған еді.

Шаңырақ оқиғасына қатысты сотталғандардың қоғамдық қорғаушылары маусымның 16-күні Алматыда баспасөз өкілдерін жинап, «Шаңырақ» ісі бойынша негізгі куәгер А.Ибрагимовке құқық қызметкерлері тарапынан қысым көрсету әлі де жалғасып жатқандығын мәлімдеді.

Шаңырақ оқиғасы бойынша тергеу жұмысына және сот ісіне негізгі куәгерлер ретінде қатысқан ағайынды Айбатыр мен Бауыржан Ибрагимовтер 2008 жылдың 14 мамырында бұрынғы берген айғақ жауаптарынан бас тартып, полиция тергеушілері қысым көрсетіп, жалған мәлімет беруге мәжбүрлегенін мәлімдеген еді.

Осыған байланысты Қазақстанның Бас прокуроры Рашид Түсіпбеков пен Қазақстанның Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің атына жолдаған арыз-өтініштерінде ағайынды Ибрагимовтер 2006 жылғы шілденің 14-күні Алматы қаласының Шаңырақ ықшамауданындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Әсет Бейсеновтың өліміне кінәлі деп танылған Арон Атабек, Ерғанат Тараншиев, Құрманғазы Өтегенов және Рүстем Тұяқовқа қатысты барлық болған жағдайды баяндап берген.

- Қазір ағайынды Ибрагимовтер сотталған 4 азаматтың обалына қалғандарын түсініп, бұрынғы берген көрсетулерін теріске шығарды. Сол негізде Жоғарғы сот бұларды қорғану тарапының куәгерлері ретінде тыңдауға тиіс еді. Бірақ, Жоғарғы сот оларды тыңдаудан бас тартты. Егер тыңдайтын болса, шындық ашылып қалады ғой, - деді қоғамдық қорғаушы Жасарал Қуанышалин.

Сондай-ақ ол Айбатыр Ибрагимов пен оның туған-туыстарына құқық қорғау қызметкерлері тарапынан қысым көрсетіліп жатқандығын айтты:

- Мәлімдеме жасағаннан кейін, құқық қорғау қызметкерлері оның үйіне барып, тұтқындамақ болған. Туыстарына қоқан-лоқы көрсеткен. Қазір ол отбасын алып, қаладан уақытша кетіп қалды.

Ал «Шаңырақ қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов Айбатыр Ибрагимовтің бұрынғы айтқандарынан бас тартуын және оны өз кезегінде мойындауын азаматтық қадам деп бағалайды.

- Мен Айбатыр Ибрагимовті сотталған 4 азаматпен қатар қоямын. Оның ешкімнен қорықпай, шындықты мойындауына таң қалып отырмын. Мен оны қолдаймын. Бұқаралық ақпарат құралдарының да оған қолдау көрсетуін сұраймын, - деді Қожахметов.

2007 жылдың күзінде «Шаңырақ ісі» бойынша жауапқа тартылған 24 адам жаппай тәртіпсіздікке қатысқандары үшін айыпты деп танылып сотталды. Сотталғандардың адвокаттары «Шаңырақ ісі» бойынша сот үкімінің әділетсіз, заңсыз болғанын айтып Жоғарғы сотқа аппеляциялық арыз түсірді.

Оны қараған Жоғарғы соттың апелляциялық алқасы алдыңғы соттың үкімін күшінде қалдырды.

Алматы облыстық адвокаттар коллегиясының адвокаты Әлия Мизамбекова бұл істе негізгі куәгердің соңғы айтып отырғанын назарға алмаған сот алқасының ісі - Қазақстандағы заңның дұрыс жолға қойылмағандығының көрінісі деп сипаттайды:

- Аппеляциялық алқада сот куәні сұрамайтындығын айтып, оны заңсыз деп, сот шешім шығарды. Әрине, сұраған жағдайда сот барысы өзгерген болар еді. Негізінде бұл мәселені соттан басқа ешкім шеше алмайды.

2006 жылғы 14 шілдеде басып алған жерлерден кетуді талап еткен жергілікті билікке қарсылық білдірген Алматыдағы «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғындары құқық қызметкерлерімен қақтығысып қалған еді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қызметкерлерінің 150-сі жараланды.

Қақтығыс кезінде Алматы қаласының Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының 24 жасар тергеушісі Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген болатын. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол, 12 күннен кейін Алматыдағы №12 ауруханада көз жұмды.
XS
SM
MD
LG