Accessibility links

Адам құқығын қорғаушылар діни бірлестіктер туралы заң жобасына қарсы


Қазақстан Респубилкасының діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы заң жобасы азаматтардың құқығын шектейді. Сейсенбі күні Алматыда қазақстандық адам құқығын қорғаушылар осылай деп мәлімдеді. Ал заң жобасының авторлары бұл пікірмен келіспей отыр.

Маусымның 11-күні Парламент депутаттары мақұлдаған «ҚР діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгертулер енгізу жөніндегі заң жобасына елдегі бірқатар адам құқығын қорғаушылар өз наразылықтарын білдірді. Заңгер Евгений Жовтис аталған заң жобасы елдегі азаматтардың, діни бірлестіктердің құқығын шектейді дейді.

- Қазақстан Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалық етейін деп отырса да, аталған ұйым қойып отырған талаптарды орындауға құлшыныс білдірмей отыр. Парламенттің төменгі палатасы мақұлдаған бұл заң жобасының қабылдануы Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ алдындағы міндеттерін орындау жолынан мүлде қарама-қарсы бағытқа ауысқанын, сондай-ақ, біз қол қойған барлық халықаралық декларациялардан іс жүзінде бас тартқанын көрсетеді, - деді Е.Жовтис.

Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокинаның айтуынша, аталған заң жобасында шектеулер тым көп.

- Олардың көбісі Қазақстан Конституциясы мен халықаралық құжаттарға қайшы. Мәселен, заң жобасына сәйкес, ресми тіркелуден бас тартқан діни ұйымдар кез келген діни рәсім өткізу үшін көршілерінің жазбаша түрдегі келісімін алуы қажет болады. Сондай ақ, сізге топтан тыс үгіт-насихат жүргізуге тыйым салады. Сізге үй-жай жалдауға және онда жиналуға тыйым салады. Сізге, тіпті, қайырымдылық шарасын өткізуге тыйым салады, - дейді Нинель Фокина.

Алайда осы заң жобасы авторларының бірі Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов бұл сыни пікірлерге қарсы өз уәжін айтады:

- Біздің ойымызша, бұл адам құқығын шектемейді, керісінше, адам құқығын қорғауға бағытталған заң жобасы. Осы заңның негізгі мақсаты да сол. Елімізде тіркеліп өмір сүріп жатқан діни бірлестіктер заңның аясында жұмыс жасауы тиіс. Біз Қазақстан Республикасында өмір сүріп жатқандықтан, осы елдің азаматы ретінде барлығымыздың өзімізге тән құқықтарымыз бен міндеттеріміз бар. Заң жобасын халықаралық стандартқа сәйкес келмейді деп айтуға болмайды.

Жалпыұлттық социал демократиялық партия төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов діни сенім бостандық мәселесі елдегі сайлау науқанына әсер ететіндіктен, билік оған тек осы тұрғыдан ғана қарап отыр деген пікір білдірді.

- Оларды да өздерінің ықпалынан айырғысы келмейді. Оны күнделікті тәжірибеден көріп жүрміз. Мәселен, Қазақстан мұсылмандарының басшысын тағайындаған кәдімгі қоғамдық ұйымның жиналысында Президент аппаратының жетекшісі мен сол кездегі министр отырды. Бұл дегеніңіз - Конституцияны бұзу! Дін бостандығы мәселесіне билік азаматтардың діни бостандығын қорғау тұрғысынан емес, тек әлгіндей өзіне керекті саяси тұрғыдан ғана қарап отыр.

Оппозициялық партия өкілдері, Қазақстан билігі тек азаматтардың діни сенім бостандықтарын ғана емес, 2010 жылы өзі төрағалық ететін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бұдан да өзге талаптарын орындамай отыр деген сын айтады.

- Ешқайсысын да орындап жатқан жоқ. Меніңше, орындағысы да келмейді. Өйткені, уәде беріп, сол уәдесін алып алғаннан кейін: «болған іс болды, енді ол төрағалықтан бізді кім кейін қарай шегеріп тастайды» деген тұжырым жасаған сияқты, - дейді Әміржан Қосанов.

Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктерге қатысты заң жобасы маусымның 18-і күні Мәжілістің пленарлық отырысында тағы да қаралмақшы.

Статистикалық дерек бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 4 мыңға жуық діни ұйым тіркелген. Оның 2000-нан астамы исламдық, 1500-ден астамы христиандық діни бірлестіктер.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG