Accessibility links

Б.Нұрмұхамедов: «Тәжікстандағы тұрақтылықтың мерзімі белгісіз»


27 маусым Тәжікстандағы азамат соғысының аяқталып, мемлекетте бейбітшілік орнаған күні. Жұма күні осы айтулы күнге 10 жыл толды. Тәжікістандағы 6 жылға созылған соғыс 50 мыңға жуық адамның өмірін қиды, 100 мыңдаған азаматтар елін тастап, босқын болды.

Азамат соғысының тұтануына - 1991 жылғы Тәжікстандағы тұңғыш рет өткен президент сайлауында елдің коммунистік партиясын басқарған Рахмон Нәбиевтің жеңіске жетуі себеп болды. Ленинабадтан шыққан Нәбиевтің жеңісі мыңдаған тәжік азаматтарының наразылығын туғызды. Оның билікте отыруын қаламаған кейбір саясаткерлер демократиялық-ислам оппозициясын құрып, сол жылы президенттің қызметтен кетуін талап етіп, алғашқы наразылық акциясын өткізді. Ол уақытта Рахмон Набиевтің билікте отыруы кеңестік жүйенің жалғаса беретіндігінің бір көрсеткіші болды. Бұл әсіресе оңтүстіктен шыққан дәстүршіл тәжік элитасының көсемдеріне ұнаған жоқ.

1992 жылы халықтың арасында кеңінен танымал болған оппозиционер Мақсуд Икрамовты құқық қорғау органдарының тұтқынға алуы, артынша Тәжікістан парламентінің төрағасы Сафарали Кенджоновтың (гиссариялық) Ішкі істер министрі Мамадзе Навжувановты (памирлық) қызметін асыра пайдаланды және жемқорлықпен айналысты деген айыптауларынан соң, Шохидон алаңына мыңдаған адам жиналып, комунистердің биліктен кетуін талап етті. 23 наурыз күні басталған шеру бірнеше күнге созылды. Сол жылы Шохидон алаңына негізінен Тәжкістанның Каратегина және Памир аймағының тұрғындары жиналды.

Бір аптадан соң, 1 сәуір күні билік тарапынан Озоди алаңында оппозиционерлерге қарсы балама шеру өтті. Оған тек Куляб аймағының тұрғындары ғана жиналды. Рамазан айы аяқталған соң, Шоходин алаңындағы биліктің кетуін талап етушілер, 23 сәуір күні парламенттің ғимаратына басып кіріп, ондағы отырған біраз депутаттарды тұтқынға алды. Осы тұста өзінің әріптестерін құтқару үшін Сафарали Кенджонов, қызметтен кетуге мәжбүр болады.

1 мамыр күні белгісіз біреулер Озоди алаңындағыларға қару жарақ таратады. Сонымен бірге, тұңғыш президенттің жарлығымен шерулер мен наразылық шараларын тоқтату туралы шешім шығып, мемлекеттің ішінде коменданттық уақыт орнатылады. Ал 5 мамыр күні жақын маңдағы қышлақтың тұрғындары Куляб пен Душанбе тас жолында Озади алаңындағыларға көмекке бара жатқан адамдардың жолын бөгеп, қарсылық көрсетеді. Содан соң Нәбиевті жақтаушылар мен демокртиялық ислам оппозициясын қолдаушылардың арасында жанжал туып, бірнеше адам қаза тапты. Бұл Тәжікстандағы азамат соғысының ең алғашқы қан төгісі болды.

1997 жылдың 27 тамызы күні БҰҰ мен Ресей мемлекетінің мұрындық болуымен, бірнеше жыл бойы бір-бірімен жанжалдасып келген екі саяси топ, тоғызыншы рет келіссөз үстеліне отырып, бейбіт шешімге келді. Тәжікстандағы билік басына Эмомали Рахмонов келгеннен соң, оппозицияға парламенттегі орындар мен әкімшілік қызметтер берілді. Оппозицияның қатардағы жауынгерлері әскерге алынып, соғыс жылдары елін тастап кеткен босқындар бірте-бірте Тәжікстанға оралды.

Азамат соғысына біржола нүкте қойылғанымен, Тәжікстандағы бүгінгі жағдайды тұрақты деп айтуға бола ма? Бұл мемлекеттің оңтүстігінде кейбір топтардың арасында қақтығыстардың орын алып жатқанын ақпарат құралдары ара-тұра хабарлап тұрады.

Таяуда кейбір интернет-басылымдарында Эмомали Рахмановтың баласы нағашы ағасын тапаншамен атып өлтірді деген сыңайдағы ақпарат пайда болды. Осы жағдайға орай, ресми органдар да, президенттің өзі де ешқандай түсініктеме бермеді. Бұл президенттің отбасын дауға тартудың бір амалы ретінде есептелетін болса, «Ориент-Банк» басшысы болған Рахмоновтың балдызы Хасан Саддулаев қайда кетуі мүмкін? «Ориент-банктің» өкілдері осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасағанда, олар Хасен Саддулаевтың ұзақ мерзімді іссапарда екенін айтқан.

Ресейдің кейбір ақпарат құралдары бұл оқиғаны президенттің отбасындағы дағдарыс ретінде бағалаған. Сонымен қатар, Рахмоновтың жақын туыстарының арасында болып жатқан мәселеден бөлек, Тәжікстандағы әлеуметтік жағдайда да мәз емес. «Бұл кезекті бір халық толқуына әкеп соқтыруы мүмкін» - дейді Тәжікстандағы Ислам қайта жаңғырту партиясының басшысы Муххиддин Кабири.

Ол 27 маусым күні ресейлік «InoPressa» интернет басылымына берген сұхбатында, «былтырғы қыстағы халықтың басындағы жағдай басқа мемлекетте орын алғанда, оның арты төңкеріске әкеліп соқтырар еді. Көрші Өзбекстан газ құбырын бекітіп тастаған соң, пәтерлердегі жылу жүйесі істен шығып, мыңдаған адамдар суық үйде күнелтуге мәжбүр болды. Мемлекет басындағылар бұл проблеманы шеше алмады, соның салдарынан қарапайым халық зардап шекті. Мен өзіммен қатар адамдар сияқты бұдан былай ешуақытта наразылық білдіру үшін алаңға шықпаймын. Ал менің балам көшеге шығады деп ойлаймын. Өйткені, ол үшін азаматтық соғыс дегеніміз тарих. Сондықтан, ол өзінің құқығын қорғау үшін ештеңеден аянып қалмайды деп ойлаймын» - деді.

Тәжікстандағы бүгінгі жағдайға байланысты Ұлттық зерттеу институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірін сұрағанымызда, ол былай деп жауап берді.

Тәжікстанда тұрақтылық бар, бірақ оның мерзімі қай уақытқа дейін созылатынны туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Осы жылдардың ішінде президент Эмомали Рахмонов өзінің позицияларын әбден күшейтіп алды. Бірақ, Тәжікстанда шешілуі кезек күттірмейтін проблемалар өте көп. Әлеуметтік- экономикалық мәселелер қарапайым халықтың тұрмыс тіршілігіне өте ауыр соққы болып отыр. Менің ойымша, тәжік еліндегі тұрақтылықтың сақталуы Ауғанстанға да байланысты. Егер Ауғанстанда күтпеген жерден жағдай ушығып, белгілі бір топтардың арасында қақтығыстар орын алатын болса, ол міндетті түрде Тәжікстан мемлекетіндегі тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді.

Ал халықтың жағдайының өте нашар болғанына қарамастан, ол жақта ТМД-ның кейбір елдерінде орын алғандай, төңкеріс болады деп ойламаймын. Халық көшеге шыққан күннің өзінде, онда демократиялықтан бұрын, исламдық мүдде басым болады. Тәжікстандағы біріккен оппозицияның Ислам қайта жаңғыру партиясының негізінде құрылғаны белгілі. Ал бұл партия кезінде Иран мен Ауғанстандағы қарулы күштермен өте тығыз қарым-қатынаста болды.
XS
SM
MD
LG