Сол күні мыңға жуық полиция қызметкерлері мен жүзден астам сот орындаушыларының арасында «Шаңырақ» елді-мекенінде қақтығыс болды. Міне осы оқиғада талай адамның басы жарылып, сүйегі сынды. Жарақат алып, зардап шеккендер тек қарапайым халықтың арасында ғана болған жоқ, бақайшығына шейін қаруланған полиция қызметкерлері де қақтығыс барысында жараланды.
Баспанасын қорғауға шыққандарға қарсы қатарынан бірнеше рет шабуыл жасалды.
Полицейлер қалың топқа қарсы атқан резеңке оқтардың да қарапайым халықтың шебін бұзуға шамасы жеткен жоқ. Қақтығыс кезінде денесінің көп бөлігі өртке шалынған полиция қызметкері Әсет Бейсенов, арада бірнеше күннен соң, ауруханада көз жұмды.
Бұл оқиғаға қалай басталып еді?
«Жас Алаш» газетінде 21 ақпан күні жарияланған «Замандас, ел сөзіне құлақ ас» атты мақаладан үзінді: «Шiлденiң 14-күнi таңғы сағат 7-де маған Рысбек Сәрсенбайұлы телефон шалды. «Болат! Мұнда сойқан болып жатыр! Тасмағамбетов жендеттердi «Шаңыраққа» жұмсады. Қиратуға, қан төгуге келе жатыр. Бульдозерi бар. Көмектес!» дейдi. Мен елiмiздiң басшыларына телефондай бастадым. Өзiмде телефон нөмiрi барлардың бәрiне. Президент ол күнi айналасындағы адамдармен бiрге Санкт-Петербургте Путинмен кездесiп жатты. Ол жақта – түнгi сағат төрт. Алматы полициясының бастығы генерал Оразалиновпен хабарласудың сәтi түстi. «Бұларыңыз не?! Тоқтатыңыз дереу бассыздықты!» деймiн. Сонда ол былай деп едi: «Мен ауруханадамын. Операцияны Астанадан жеткен министр Мұхамеджанов пен әкiм Тасмағамбетов басқарып жатыр».
«Шаңырақ» оқиғасына екі жыл толуына орай, біз қантөгіс болған елді мекенге барып, осы жағдайды өз көзімен көрген, сол уақытта соның басы-қасында болған тұрғындармен кездесіп қайттық.
Марғұлан Сүйіндіков «Шаңырақ» ісі бойынша сотталған 25 жігттің бірі. Ол екі жыл бұрын таңғы сағат 7-де басталған қақтығысты былайша әңгімелеп берді:
ӘСЕТКЕ ОТТЫ КІМ ТАСТАҒАНЫН ЕШКІМ БІЛМЕЙДІ...
- Екі жыл бұрын осы жерде үйдің құрылысын бастадым. Ол кезде өзімнің баспанам болмағандықтан, қаланың орталығында пәтер жалдап тұрып жатқанмын. Түнгі сағат он екілердің шамасында, маған достарым телефон шалып, ертең полициямен келіп, барлығымыздың үйімізді қиратайын деп жатыр. Еңбектеген баладан, еңкейген кемпір-шалға дейін, көшеге шығып от жағып жатыр дегенді хабарлады.
Таңғы сағат үштердің кезінде «Шаңыраққа» полиция жиналып жатыр деген хабарды естіген соң, такси ұстап, осы жерге келдім. Өз көзіммен көргенім, таңғы сағат төрттің кезінде өрт сөндіргіш машиналар мен мұздай қаруланған полицейлер көшенің бойына жиналып жатыр екен. Улап-шулап жүрген халықты, жылап жатқан бала-шағаны, бес қаруын сайлап жатқан полицейлерді көргенімде, жон арқамнан құмырсқа жорғалап өткендей денем түршігіп кетті.
Содан не керек, таңғы сағат бес кезінде полиция шебі қарапайым халыққа қарай бет алды. Барлығымыз алдыға ақсақалдарды шығарайық, мүмкін солардың сөзіне тоқтайтын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, халыққа қарсы қозғалып келе жатқан полиция шебі, кемпір-шал деп бөліп жатпай, оларды аяғымен таптап өтті. Дәл осы тұста төбелес басталды.
Полиция қызметкерлерінен құрылған шепке қарсы қарапайым халық тас және дәл төбелеріне жанармай құйылған бөтелкелер лақтырып жатып, бірінші шабуылдың бетін қайтарды. Екінші қақтығыс кезінде бірнеше полиция қызметкері бастарына соққы алып, өздерінің қатарларынан бөлініп қалды. Жерде құлап жатқан оларды ашу-ызаға булыққан қара халық төмпештеп ұра бастады. Осы кезде кемпір-шалдар олардың үстіне жатып алып, «қойыңдар, бұлар да қазақтың балалары» деп, жан-жақтан жиналған адамдардың соққысынан аман алып қалды.
Үшінші шабуыл кезінде Әсет Бейсенов қолға түсті. Оны бірден сол жердегі бағаналардың біріне байлап қойды. Әсетті байлағандар оны өлтіруді ойлаған жоқ, олар ең алдымен халыққа қарсы қайта-қайта шабуыл жасаған полицейлерді қорқытпақ болды. Дәл сол уақытта қалай болғанын білмеймін, бағанаға байланған полиция қызметкерінің жанып жатқанын бір-ақ көрдім. Ал оған отты кім тастағаны әлі күнге дейін белгісіз.
Қақтығыс болған күннің ертесіне қуғын-сүргін басталды. Қашатындардың біразы қашып кетті. Мен де қаланың бір бұрышына барып, бас сауғаладым. Сол уақытта полицейлер менің інімді алып кетіп, қамап тастапты дегенді естіген соң, заң орнына өз аяғыммен бардым. Ал тергеу барысындағы көрген азабымды бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Олар бізге адам өліміне қатысы бар екенімізді мойындату үшін, ойына келгендерін істеді. Денемдегі тыртықтың барлығы сол күндердің белгісі.
САМАЛИХОВ ЖӘНЕ ҚАДЫРҒОЖЕВТАРМЕН ТҮРМЕДЕ КЕЗДЕСТІМ
«Сот отырысы басталған уақытта, біз отырған түрмеге Алматы қалалық ІІД басшысының бұрынғы орынбасары Нұрлан Самалихов пен жедел әрекет ететін арнайы жасақтың командирі Болат Қадырғожаевты әкеліп қамады. Ол уақытта оларды «Нұрбанкке» қарулы шабуыл жасады деп айыптап жатқан болатын. Мұны айтып жатқан себебім, «Шаңырақтағы» оқиға кезінде, осы Самалихов полицияның арнайы жасағын басқарған болатын. Кемпір-шалдарды аяғының астына таптап, оларды соққыға жыққан полицейлер Самалиховтың бұйрығы бойынша әрекет етті.
Біз ол кісілермен түрмеде кездесіп, әңгімелестік. Сол уақытта мен оларға айттым: «Шаңырақта бір-бірімізбен төбелессек те, енді міне, темір тордың ішінде бірге отырмыз. Аға, сол жерде және сол уақытта қайсымыздың ісіміз дұрыс болмады», деп сұрадым. Ол болса: «Қайтесің інім, бұл да Құдайдың ісі шығар, маған бар деді, мен бардым» деп жауап беріп еді.
«Жас Алаш» газетіндегі 21 ақпан күні жарияланған «Замандас, ел сөзіне құлақ ас» деп аталатын мақаладан үзінді:
«Олар Алматы маңына ауылдағы тұрмыстары жақсы болған соң ерiккеннен қоныс аударған жоқ қой. Күнкөрiстiң қамымен тоз-тозы шығып қалаға келгенiнде әкiм ретiнде қалай қарсы алдың? Халыққа қарсы танк сияқты тракторларды салдың, үйлерiн қиратып, баспанасыз қалдыру үшiн.
Олар 2005 жылғы президент сайлауы қарсаңында «Шаңыраққа» келгенiңдi, барлық проблемаларын шешуге уәде бергенiңдi естерiне алды. Билiк партиясының кандидатына дауыс берудi сұрадың, уәденiң қарымтасы ретiнде. «Шаңырақтықтардың» қалай дауыс бергенiн қайдам, бiрақ сен оларға берген уәдеңнен тайқып кеттiң де, олардың лашықтарын күресiнге ысырып тастауға кiрiстiң. Осыдан кейiн сен қалай тыныш ұйықтай аласың? Көзбояушылықпен айналыса бермексiң бе?»
Нұрман Жүнісақынов сол уақыттағы көрген-білгенін жеткізіп, Алматының бұрынғы, Астананың бүгінгі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «Шаңырақ» тұрғындарына 2005 жылы болған президент сайлауының қарсаңында небір уәделерді үйіп-төгіп, артынан әлгіндей сойқанға жол бергенін айтып берді.
«Иманғали Тасмағамбетов президент сайлауының алдында, «Шаңырақтағы» орта мектепте жиналыс ашып, халықпен кездесіп еді. Сол кезде қала әкімі жиналған жұртқа жерлеріңді заңдастырып беремін, шаңырақтарыңды шайқалтпаймын деп уәде берді. Онымен қоймай домбырамен өлең айтып, жиналысқа келгендерді мәз-мейрам етті. Риза болған қарапайым халықтың әкімнің иығына шапан жапқаны барлығымыздың есімізде. Тасмағамбетовтың сөзінен соң, біраз уақыт бойы «Шаңырақ» тұрғындарының көңілі көтеріңкі жүрді. Президенттің ең сенімді адамдарының бірі, білдей қаланың әкімнің сөзіне барлығымыз сеніп қалып едік. Арада бір жылға жетер-жетпес уақыт өткен соң, әкім өзінің уәдесінен айнып, «Шаңырақтың» тұрғындарын осылайша зар қақсатады деп, ол уақытта ешкім ойлаған жоқ».
Жақында Астана қаласында «Шаңырақ» ісі бойынша Жоғарғы соттың отырысы өтті. Айбатыр мен Бауыржан Ибрагимовтар соттағы өз айтқандарынан бас тартқандықтарын мәлімдеп, Қазақстанның бас прокуратурасы Рашид Түсіпбеков пен Қазақстанның Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің атына хат жолдады.
Хатта олар «Шаңырақ» оқиғасына байланысты сотталған азаматтар жөнінде жалған айғақты полиция тергеушілерінің қысымымен беруге мәжбүр болғанын жазыпты. Бірақ, осы оқиғаға қатысты материалдарды қарап шыққан Жоғарғы сот, ағайынды Ибрагимовтардың сөзін тыңдаудан бас тартты. Сөйтіп, алғаш рет Алматы қалалық сотында шығарылған үкім, өз күшінде қалды.
Бұл жөнінде Жасарал Қуанышәлин «Азаттық» тілшісіне былай деді:
- Маусым айының 10 күні аппеляциялық шағымдарды қараған Жоғарғы сот, ештеңені өзгерткен жоқ. Барлығын өз күшінде қалдырды. Тек 3,5 жыл шартты мерзім алған Қуаныш Отарбаев деген жігітті түрмеге қаматты. Бұл сот тек жазалаумен айналысады деген пікір қалмасын деді ме, Отарбаевты қаматқандығының есесіне, Руслан Мамангеновты босатты. Ал 14 жыл мен 18 жылдың арасында сотталған төрт жігіттің жазасына байланысты ешқандай өзгеріс жасаған жоқ. Және, бұл жігіттер ағайынды Ибрагимовтардың куәгер ретінде сотта айтқан сөздеріне орай, осыншама жылға бас бостандығынан айырылды. Ағайынды Ибрагимовтар тергеу барысында жасалған қысымдардан кейін жалған айтуға мәжбүр болдық деп мәлімдесе де, Жоғарғы сот масқара жағдайға барып, олардың сөзін тыңдаудан бас тартты. Қазақта «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөз бар. Ал олар барлығымыздың тілімізді кесті.
«Шаңырақ» оқиғасы кезінде халықпен бірге полиция шабуылына қарсы тұрып, соттың үкімімен 16 жыл бас бостандығынан айырылған Құрманғазы Өтегеновтің сол уақытта жарық дүние есігін жаңадан ашқан Ерасыл есімді ұлы биыл 2 жасқа толып отыр. Ал екі жастағы бұл бала әкесін танымаса да, қазір «Шаңырақтағы» атауы жоқ көшелерінің бірінде шаңдатып жүгіріп жүр.