Accessibility links

«Шаңырақта» не өзгерді?


2006 жылғы 14 шілдеде басып алған жерлерден кетуді талап еткен жергілікті билікке қарсылық білдірген Алматыдағы «Шаңырақ 1» ықшамауданының тұрғындары мен құқық қорғау қызметкерлері қақтығысып қалған еді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау қызметкерлерінің 150-сі жараланып, 16-сы ауыр жарақат алып, белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген Әсет Бейсенов есімді полицей жігіт 12 күннен кейін Алматыдағы №12 ауруханада дүние салды.

«Шаңырақ» оқиғасынан соң арада бір жыл өте салысымен, 2007 жылдың күзінде осы іс бойынша жауапқа тартылған 24 адам жаппай тәртіпсіздікке қатысқандары үшін айыпты деп танылып сотталды. Соның ішінде төртеуі полиция қызметкерінің өліміне қатысы бар деген айыппен сот үкімі бойынша ұзақ мерзімге, атап айтқанда Арон Атабек - 18, Құрманғазы Өтегенов - 16, Ерғанат Тараншиев - 15 және Рүстем Тұяқов 14 жылға жауапқа тартылып, қалған 20 азамат 3 жылға шейін шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Он алты жылға сотталған Құрманғазы Өтегеновтың жұбайы Гүлжан Құрманова, 2 жылдан бері билік тарапынан ешқандай өзгерістің болмағанын айтты. Ол «Шаңырақ ісі» бойынша шығарылған сот үкімі әділетсіз, заңсыз болды деп есептейтіндігін айтып, әлі күнге шейін баспанасын заңдастыра алмай отырғандығын әңгімелеп берді:

- Үкімет тарапынан ештеме жасалынып жатқан жоқ. Жігіттер қалай сотталды, сол қалпында түрмеде отыр. Қазір мен Құрманғазыға кіріп шықтым, өздері де қазір толқып отыр.

- Күйеуім істі болып, түрмеде жатқанда, мен ештемеге жүгіріп жатқан жоқпын. Баспананың құжаттары заңдастырылмаған сол қалпы. Естуімше, суға, жылуға құжаттарды жинау керек екен, - деді, ол «Азаттық» радиосына мұңын шағып.

Шілденің басында, Алматы қалалық маслихатының шешімімен Алатау ауданы құрылды. Жаңадан ашылған Алатау ауданының құрамына «Өжет», «Ұлжан», «Байбесік», «Шаңырақ», «Көкқайнар», «Әйгерім», «Ақ бұлақ» секілді әлеуметтік проблемалары қордаланған елді мекендер енді. Ондағы 150 мыңдай тұрғынның өкілдері ол жаққа жарық тарту, ауыз су құбыры мен жол салу, білім және емдеу орындарын ашуды сұрап, ара-тұра Алматының билік органдарына талап-тілектерін айтып, наразылық білдіріп кететін.

Шаңырақ ықшамауданының тұрғыны Бақыт Рақымбекова жаңа аудан ашылған соң, көптен бері армандап келе жатқан кейбір мәселелердің шешіліп қалатындығына үмітпен қарайды.

- Жарық түсіру үшін біз құжат жинадық. Электріктер келіп, жарық орнату керек болатын. Әкімшіліктің өзі төменгі және жоғарғы сайға трансформатор орнатамыз деп уәде еткен, – деді ол.

- Билік жерді өз еркімен басып алғандардың құрылыстарын заңдастырмау туралы шешімінен бас тартпай отыр. Алайда «Шаңырақ оқиғасы» билікке үлкен сабақ болды.

- Билік «Шаңырақта» заңсыздық болды деген өздерінің ұстанымдарынан қайтқан жоқ. Шымкент, Қызылорда, Ақөтөбе, Астана, Өскемен қалаларында болған әлеуметтік проблемалық мәселелер шешіледі деп ойлаймын. Халық бірігіп, өз мүддесін қорғауға болатындығын осы «Шаңырақ оқиғасына» дәлелдеді. Осыдан кейін билік халықтан қорқатын болды, – дейді, «Ұлт тағдыры» қозғалысының мүшесі Болат Дүйсенбі.

Саясаткер Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, «Шаңырақ» оқиғасынан кейін билік бір қадам болса да, халыққа жақындай түсті:

«Тәуелсіздік алғалы бері тарих беттерінен «Шаңырақ оқиғасы» ерекше орын алады. Неге десеңіз, билік қоғамның, қарапайым халықтың пікіріне тоқтамай, істі күшпен, яғни құқық қорғау қызметкерлерінің күшімен шешпекші болған еді. Ондайға жол берілмейтіндігіне бұдан кейін кепіл бар. Жер мәселесіне келетін болсақ, соңғы кезде үкімет тарапынан кішкене болса да, бетбұрыс бар. Алматы қаласынан жаңа ауданның ашылғаны осының бір дәлелі және биліктің халыққа жақындауының бір белгісі деп есептеймін».

Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Мұқашев жаңа аудан аумағындағы жерді өз еркімен басып алғандардың құрылыстары заңдастырылмайды деп мәлімдеді шілденің 4-күні қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жергілікті билік қазір Алатау ауданына біріктірілген аумақтағы елді мекендерде 5 мыңнан астам отбасы жер телімдерін заңсыз иеленіп отырғандығын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG