Accessibility links

Ресейде нәсілшілдік негіздегі қылмыс ұлғайып барады


Ресейде ксенофобия себебінен жасалатын шабуылдардың өзіндік бағыт-бағдары бар. Оның кейбір нақты деректерін Мәскеуде орналасқан “Сова” қоғамдық ұйымының зерттеулерінен білуге болады.

Сова” ұйымы нәсілшіл сипатта жасалатын қылмыстардың санын 2004 жылдан бері бақылап келеді. “Сова” ұйымының мәліметтері мұндай қылмыстардың ұлғайып бара жатқанын, бірақ ресми орындар тарапынан тиісті шаралардың аз қолданылатындығын көрсетеді. Славян текті емес азаматтарға ең қауіпті мекен – Мәскеу мен Санкт-Петербор қалалары екен. “Сова” ұйымының мәліметтеріне қарағанда, Ресейде биыл нәсілшілдік негізінде 57 адам өлтірілсе, олардың 37-сі Мәскеуде, 11-і Санкт-Петерборда өлтірілді.

Нәсілі өзгеше болғаны үшін өлтірілген адамдардың саны үнемі өсіп келеді. Әсіре-ұлтшылдар 2005 жылы 47 адам өлтірсе, 2006 жылы 63 адам, 2007 жылы 80 адам өлтірді.

Ресей неонацистерінің қолынан славян текті емес азаматтар мен түрлі шетелдік ұлт өкілдері де қаза тауып жатыр. Неонацистер баспанасыз адамдар мен солшыл бағыттағы жастар белсенділерін көп өлтіреді. Неонацистердің көзіне түсіп қалған дәстүрлі емес жыныстық бағытты ұстанатын азшылық өкілдері де көп өлтіріледі.

Ресей неонацистері, әсіресе Орталық Азия елдерінен келген азаматтарды көп өлтіреді. Биыл өлтірілген кемінде 57 адамның 31-і Орталық Азия елдерінен келгендер екен. Кавказ елдерінен келген адамдар екінші орында, биыл өлтірілген 57 адамның 14-і - Кавказ азаматтары.

Ұлттық араздық себебінен өлтірілген адамдардың саны осылайша өсіп барады, мұны Ресей соттарының мәліметтері де дәлелдейді. Ұлттық арандату және нәсілшілдік пиғыл мен негізде адам өлтіргені үшін сотталған азаматтардың да саны көбеюде. Алайда, мұндай қылмыскерлер көбінесе тек шартты жаза алады. Ресейде былтыр нәсілшіл пиғылда жасалған қылмыстары үшін 110 адам сотталса, олардың 30-ы шартты жаза алып, қамаудан қолма-қол босатылды.

Нәсілшіл бағытта қылмыс жасаған азаматтар ең көбі Екатеринбор қаласында жазаланады. 2006 жылы нәсілшілдік шабуылдарын жасағаны үшін Екатеринборда 8 адам сотталса, 2007 жылы 9 адам сотталды. Олардың барлығы түрме жазасын алды.
XS
SM
MD
LG