Хабарларға қарағанда, Грузияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Александр Ломая “Біз өзіміздің жақсы тілегіміз бен әрі әскери қақтығысты тоқтату мақсатында Оңтүстік Осетиядан толығымен кеттік” деген.
Грузияның Реинтеграция министрі Темур Якобошвили де бүгін грузиялық жасақтар Цхинвалиден шықты деді. Оның айтуынша, Грузия Оңтүстік Осетияға бақылауды қайта алмақ болып Ресей күштерімен қақтығысқан жұма күннен бері қираған қалада жараланғандарға қайырымдылық көмек көрсетіп, оларды басқа жаққа көшіру үшін әскерлерді шығару қолға алынып отыр.
Алайда Оңтүстік Осетиядағы Ресей әскерилерінің қолбасшысы грузиялық күштер, олардың қару жарақ, әскери жабдықтары әлі де Оңтүстік Осетияда қалып отыр, жағдай әлі күрделі деген.
Бүгін Ресей Қорғаныс министрлігі Оңтүстік Осетияның басым аймағы оның ішінде Цхинвали Ресей күштерінің бақылауына өтті деп мәлімдеді. Қарулы қақтығыс жұма күні Грузия оңтүстік Осетияға бақылауды өзіне алуға әрекет ете бастағанда күшейіп кетіп, Цхинвали талқандалған еді. Ресей әскерилері солтүстік Осетияға күштерін орналастырып, Грузия аймағын бомбалады.
Грузия Оңтүстік Осетия мен Абхазия аймағына Ресей 10 мың әскерін әкеліп отыр дейді.
Сонымен қатар Ресей Қара теңіз жағалауына “Москва” зымырандарын орнатып, басқа жақтан келетін әскери көмекке кедергі жасайтын кемелерін әкеп қойған.
Грузия атысты тоқтату жөнінде сенбі күні ұсынған., бірақ Ресей Грузиядан аймақтан әскерін толығымен әкетсін деп талап етті.
Бүгін таңертең Ресей әскері Тбилисидің маңындағы әскери бекетті тағы да бомбалады.
Бүгін Грузия теледидары арқылы арнайы мәлімдеме жасаған Грузия парламентінің спикері Дэвид Бакрадзе Ресей Грузияның Зугдиди қаласын және Абхазиямен шекаралас аймақты бомбалауды жоспарлап жатыр деген.
“Сенімді ақпарат көздерінің хабарына қарағанда, алдағы бірнеше сағатта Ресейдің қарулы күштері тікелей Зугдиди қаласына шабуылдауды жоспарлап отыр”
Бұл хабардан кейін Зугдиди қаласында дүрбелең басталды.
Қала тұрғындары соғыстан қорғанып, үйлерін тастап кетіп жатыр. Зугдидиден шығып бара жатқан қала тұрғыны:
"Жағдай өте нашар. Адамдар үйлерін тастап бір-бірімен қол ұстасып кетіп жатыр. Зугдиди бос қалды, көптеген көліктер қаланың сыртына кетті”.
Бұл арада Абхазия өзінің әскери күштерін ықшамдап, президенті Сергей Багапш өздерінің Грузия бақылауындағы жалғыз аймағы Кодори шатқалына 1 мың әскерін жіберетінін мәлімдеді.
Оңтүстік Осетиядағы жұма күннен бергі қақтығыста қанша адам қаза тапқаны жайлы мәліметтер әртүрлі болып жатыр.
Интерфакс агенттігі 2000 ға жетті деп хабарласа, Ресей мен Оңтүстік Осетия бұлақтары қаза тапқандар 1500 дегенді айтады. Құрбан болғандардың көбі бейбіт тұрғындар екені айтылуда.
Грузия Ресейді екі қаласындағы бейбіт тұрғындарға шабуыл жасады деп айыптап отыр. Сенбі күні Грузияның Гори мен Поти қалаларын Ресей күштері бомбалағанда жүздеген адам жараланып, қаза тапты.
Сенбі күні БҰҰ-ның Нью-Йорктегі бас пәтерінде сөйлеген Ресей елшісі Виталий Чуркин, Ресей күштері бейбіт тұрғындарды әдейі нысанаға алған жоқ деп айтты.
“Біз Оңтүстік Осетияның сыртында жатқан еш аймақты алып отырғамыз жоқ. Екінші мәселе, әлбетте біз ешқандай бейбіт тұрғындарды нысанаға алмадық. Егер онда біз мақсат тұтпаған бейбіт азаматтардың шығыны болса, әрине өкініштіміз. Онда қақтығыс болған жоқ, онда хабарларда бомбалау Оңтүстік Осетияның сыртында болды делініп жатыр, егер солай болса ол бітімгершілік күштердің операциясына қолдау мақсатында жасалған. Өйткені ол жерде грузиялық әскерлер белсенді болды”
Грузия президенті Михаил Саакшвили Ресейді Грузия демократиясын бұзуға тырысып жатыр деп айыптады.