Accessibility links

Бақыт Сәрсекбаев: Енді Лондонға дайындаламын!


Бокстан 69 келі салмақ бойынша финалдық кездесуде қазақ боксшысы Бақыт Сәрсекбаев кубалық қарсыласы Карлос Банто Суаресті 18 : 9 есебімен айқын басымдықпен жеңді. 24 тамыз, 2008 жыл, Бейжің.
Бокстан 69 келі салмақ бойынша финалдық кездесуде қазақ боксшысы Бақыт Сәрсекбаев кубалық қарсыласы Карлос Банто Суаресті 18 : 9 есебімен айқын басымдықпен жеңді. 24 тамыз, 2008 жыл, Бейжің.

Бейжің Олимпиадасының соңғы күні Қазақстан құрамасының еншісіне екінші алтын медалды қосқан Бақыт Сәрсекбаевпен Азаттық радиосының арнайы өткізген сұхбаты.

АЗАТТЫҚ: - Бақыт, ең алдымен Бейжің Олимпиадасының соңғы күні алған алтын медалің құтты болсын және Азаттық радиосының ұжымы дәл сондай биік жетістіктерге жете беруіңе тілектес!

Бақыт, өзің алтын жүлдені алуыңның ізінше Кубаның ұлттық серкесі Фидель Кастро Қазақстанның спорттық делегациясын төрешілерді сатып алып, Куба спортшыларын, оның ішінде кубалық боксшыларды медалсіз қалдырды деп айыптады. Финалда өзіңмен бірге рингке шыққан Кубаның жалғыз үміті Карлос Банто Суаресті айқын басымдықпен жеңдің. Оны бүкіл әлем көрді. Сол кездесуің туралы қосымша не айта аласың?

БАҚЫТ: - Мен кубалық қарсыласыммен рингке шыққанымда ол таза спорттық бәсеке болды. Мен оны спорттың барлық ережесіне сай ұпай санымен таза жеңдім. Бар айтарым сол!

АЗАТТЫҚ: - Бақыт, Өзбекстаннан Қазақстанға оралуыңа байланысты өз басыңда бір хикая болған көрінеді. Ол туралы Қазақстаның бір басылымы жазды. Сол хикаяға қысқаша тоқталып өтсең...

БАҚЫТ: - Мен оралман емеспін! Мен оралман сияқты келгенім жоқ осы жерге... Мен өз еліме келдім. Мен оралман сияқты қайтқаным жоқ.

АЗАТТЫҚ: - Олимпиаданың алдында ұлттық құрамаға қалай шақырылдың, биік бәсекеге дайындығың қалай өтті?..

БАҚЫТ: - Қазақстанға келген соң мен бәрін де жоқ жерден, нөлден бастадым. Жолымды осы Қазақстаннан бастадым, Қазақстанда алғашқы турниріме қатыстым. Кейін талай халықаралық жарысқа қатысып, құрамаға алуға жарай ма, жарамай ма дегендей, талай сыннан өттім, ешкім мені демеп-жебеген жоқ.

АЗАТТЫҚ: - Бақыт, Олимпиада ойындары басталғанда, өзің алтын медалді ала алатыныңа сендің бе, сондай үмітің болды ма?

БАҚЫТ: - Әрине, сенген жоқпын- бәрі де Алланың қолында ғой!

АЗАТТЫҚ: - Ал енді осы Олимпиада ойындарынан кейін алдыңа қандай жоспарлар қойып отырсың, қандай жарыстарға қатысамын деген ойың бар?

БАҚЫТ: - Қазір ешқандай ой жоқ. Өйткені, біраз демалғым келеді. Содан кейін дайындықты бастаймын. Құдай қаласа, тағы да Лондон Олимпиадасына (2012 жылғы) қатысамын.

АЗАТТЫҚ: - Осы Бейжің Олимпиадасының қарсаңында Қазақстанның туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамедов алтын жүлде алған спортшыларға 250 мың доллар сомасында ақшалай сыйақы береміз деп уәде берген болатын. Министр сол уәдесін орындады ма?

БАҚЫТ: - Мен ол сыйақыны әлі көрген жоқпын. Ертең біз Елбасына кіріп шығамыз. Сыйақы мәселесі сол жерде шешіліп қалар...

АЗАТТЫҚ: - Олимпиада ойындарынан елің, туған-туысқандарың қалай қарсы алды?

БАҚЫТ: - Елім зор қошеметпен қарсы алды. Елімнің осылай қарсы алып жатқанына мен де қуаныштымын. Олимпиада барысында елімнің, Бейжіңде жанкүйерлеріміздің мен үшін жан дауыстары шығып, бар дауысымен айқайлап, жаны күйіп-пісіп, қолдап-қолпаштағанына көп рахмет!

АЗАТТЫҚ: - Бақыт, өзіңнің отбасың, ата-анаң туралы да айта кетсең, Азаттық тыңдармандарына.
БАҚЫТ: - Сүйген жарым бар, бір ұлым, туған інім бар, өзім әке-шешемнің үлкенімін.

АЗАТТЫҚ: - Бақыт, ұлың ізіңді басып бокспен айналысқанын қалайсың ба әлде спорттың басқа түрімен айналысқанын дұрыс деп санайсың ба?

БАҚЫТ: - Оны өмірдің өзі көрсетеді ғой. Бүгін спортшы болады деп ойласаңыз, ертең ол өнерді таңдайтын шығар. Кім болса да, оны өмір көрсетіп береді...

АЗАТТЫҚ: - Көп рахмет, Бақыт! Іске сәт!
XS
SM
MD
LG