Accessibility links

Тимур Бекмамбетовтың табыс кілті


Тимур жанкүйер жерлестерінің ортасында. Алматы, 7 қыркүйек, 2008 жыл
Тимур жанкүйер жерлестерінің ортасында. Алматы, 7 қыркүйек, 2008 жыл

Ол өзгелер туралы көбірек ойлаған адам ғана биік белестерді бағындырып, табысқа жете алады деп есептейді. Тимур Бекмамбетовтың айтуынша, табысының тағы бір кілті –сөзбен емес, іспен көрінуде екен.

Тимурға туған Маңғыстауына қатты ұқсайтын болғандықтан да, қазіргі тұрып жатқан Лос- Анжелес қаласы өте-мөте ұнайды. Мұнда да ана бір жылдардағы Маңғыстаудағы сияқты түрлі ұлт өкілдері мекендейді, интернационалды қала деуге болады.
Тимур өз табысының кілті ата –бабалардың өсиетіне адал болғандықтан деп біледі.
Балалық шағында ақсақалдарың бірі "Көкорай шалғыны жайқалған жерге бар, балам, ешқашан адаспайсың" деген екен. Міне әлі күнге сол сөзді өз темріқазығымдай ұстаймын дейді Қазақстанда туып, Ресейде танылған, Голливудты бағындырған алғашқы қазақ - Тимур Бекмамбетов.

Сонымен қатар ол өзгелер туралы көбірек ойлаған адам ғана биік белестерді бағындырып, табысқа жете алады деп есептейді.
Ал сынаушыларға оның жауабы біреу-ақ: суырылып алға шыққандарды ғана ерінбегеннің бәрі де сынай береді.
Тимурдың айтуынша, табысының тағы бір кілті –сөзбен емес, іспен айналысуда екен.

Тимур өзі түсірген картиналарда жарнамаларды көбірек пайдалануының себебі - бүгінде өз есімінің өзіне табыс әкелер бренд, демек материалдық игіліктің бір бөлшегі болып қалғандығын айтады.
Тимур Бекмамбетов "Өте қатерлі" фильмінің түсірілу алаңында (оң жақтан бірінші)


Тимур Бекмамбетов 1961 жылы 25 маусымда бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырауда туған. Бір жыл Мәскеудің авиация инстиутында оқиды. Кейіннен Ташкенттегі театр-көркемөнер институтын театр мен кино суретшісі мамандығы бойынша тәмамдайды.
1991 жылы Мәскеуде тележарнама, көркем және деректі кино, музыкалық клиптер түсіретін "Базелевс продакшн" компаниясын құрады. Сөйтіп режиссерлік мансап баспалдағын жарнама түсіруден бастаған Тимурдың "Империал" банкі туралы тізбекті жарнамалық роликтері көрермен зердесінде айрықша сақталып қалды.
Ал үлкен сахнада алғашқы түсірген картинасы деп "Гладиатриксты" айтуға болады.

Бекмамбетовке фантаст жазушы Сергей Лукьяненконың кітаптары бойынша түсірген "Ночной дозор" және "Дневной дозор" фильмдері нағыз танымалдық әкеліп, даңққа бөледі.

Эльдар Рязановтың рұхсат етуімен бір емес бірнеше ұрпақтың сүйікті киносына айналып үлгерген "Ирония судьбы" фильмінің де жалғасын түсіріп, бұл картина Ресей кинобизнесіндегі долларлық табыс табу рекордын түбегейлі жаңартты.

Қазір Голливудта жұмыс істеп жүрген Тимур Бекмамбетовтың осы жылдың жазында "Өте қатерлі" (Wanted ) деген жаңа туындысы әлемдік экранға жол тартты. Онда басты рөлді Голливуд жұлдызы Анжелина Джоли ойнаған.
Тимурдың Голливудтағы қолтаңбасы – Univesal Pictures компаниясының бюджеті 150 миллион доллар болатын блокбастер түсіретін режиссерді бұрынғы Советтік одақтан тұңғыш шақыруы болғандығымен де ерекшеленіп, тарихта қалады.

Әлемдік прокатқа шыққан алғашқы аптада –ақ 80 миллион доллар жинап үлгерген, әйгілі Анжелинаның қатысуымен Голливудта түсірген фильмінен кейін, Тимур Бекмамбетов Астанада өткен 5-ші халықаралық "Еуразия" кинофестивалының құрметті қонағы болды.
Енді Тимурдың Қазақстанда "Восток" (Шығыс) деген жаңа фильм түсірмек ойы бар екен.
Танымал режиссердің жаңа туындысына американдық "Юниверсал" компаниясы қаржы бөлмекші екен. Картина көріністерінің басым бөлігі Тимур туып-өскен Маңғыстау өлкесінде түсірілмекші.
XS
SM
MD
LG