Accessibility links

Еуропа еврей мен мұсылманға қалай қарайды?


Мәскеуде салынатын жаңа мешіт жобасы
Мәскеуде салынатын жаңа мешіт жобасы

Соңғы зерттеулер Еуропа елдерінде еврейлер мен мұсылмандарға деген көзқарастың нашарлап кеткенін көрсетіп отыр.

Вашингтонда орналасқан Pew зерттеулер орталығының әлемдік ұстаным атты зерттеу жобасының анықтағанындай, испандықтардың 46 пайызы, поляктардың 36, ал ресейліктердің 34 пайызы еврейлер туралы жағымсыз көзқараста екен. Бұл көрсеткіш немістерге қатысты 25, ал француздарға байланысты 20 пайызды құрап отыр.

Еврейлерді жеккөру сезімдері бұдан бұрынғы жылдармен салыстырғанда барлық елдерде дерлік өсе түскен екен. Әсіресе бұл үдеріс 2006 мен 2008 жылдар арасында күрт көбейіп кеткен дейді зерттеу құжаттары.

Өткен жылдармен салыстырғанда мұсылмандарға қатысты да көзқарас нашарлай түскен. Мысалы Испания тұрғындарының 52 пайызы, немістердің 50 пайызы, поляктардың 46, ал Франция тұрғындарының 38 пайызы мұсылмандар жөнінде нашар көзқараста қалып отыр.
Аталған зерттеу-жобаның атқарушы директоры Ричард Уайктың айтуынша, бұл зерттеулерде азаматтарды жеккөрушілік сезімдеріне әкелген себептер жайы сұралмаған. Алайда Израилге қарсы көзқарас анти-семиттік сезімдерге алып келуі мүмкін деген пікір айтылуда.

Уайктың пікірінше, экстремизм мен иммиграцияға байланысты алаңдаушылық сезімдері де мұсылмандарға қатысты жағымсыз көзқарастарға түрткі болып отырғандай.

Еуропа елдерінің ішінде тек Британияда ғана анти-семиттік көзқарас кең етек алмаған. Құрама Штаттар тұрғындарының 7 пайызы, Британияның 9, ал Австралия тұрғындарының 11 пайызы анти-семиттік көзқараста екен.
Құрама Штаттар мен Британияда сұралғандардың төрттен бір бөлігі мұсылмандар жөнінде нашар пікірде болып отыр.

Сауалнама барысында 24 елдегі 24 717 адамның пікірлері сұралған болатын.

Мұсылман елдерінде еврейлерге қарсы көзқарас- басымдау. Тек Түркия, Мысыр, Иордан, Ливан сияқты саусақпен санарлық елдерде ғана оң көзқарас бар боп шықты.

Сондай-ақ көптеген мұсылман елдерінде ислам атынан әрекет етушілерді, яғни жанкештілік бомбалық жарылыстарды жасаушыларды қолдау көзқарастары 2002 жылдан бері күрт түсіп кеткен. Мысалы 2002 жылы Ливан мұсылмандарының төрттен үші мұндай шабуылдарды кейде ақтауға болады деген еді. Алайда осы соңғы зерттеуде ондай қолдаушылардың саны күрт төмендеп, сұралғандардың үштен бірін ғана құраған екен.

Ливан үкімет басшысы Рафик Харири 2005 жылдың ақпанында жарылыс құрбаны болған еді.
Индонезия, Пәкістан, Танзания, Ливан, Мысыр, Иордания және Нигерия елдерінде сұралғандардың басым көпшілігі ислам атын жамылған экстремистерден қауіптенетіндерін айтты деп жазылған зерттеу қорытындысында.

Әл-Қаида жетекшісі Осама бин Ладеннің беделі көптеген елдерде түсіп кеткен. Алайда тек Нигерия, Индонезия, Пәкістан елдерінде ғана жоғары күйінде қалып отыр делінген аталған зерттеу құжаттарында.

Зерттеуге қатысқан көптеген елдердің азаматтары үшін діни наным-сенім олардың өмірінің негізгі тірегі екен.

Сондай-ақ ерлерге қарағанда әйелдер көбірек діншіл болып келетіндігі байқалған.
XS
SM
MD
LG