Accessibility links

Оппозиция жетекшілеріне қарсы тергеу басталды


Бүгін Астанада Ішкі істер министрлігінде брифинг өтті. Брифинте ІІМ нің өкілі Бағдат Қожахметов Б.Әбілев, Ә.Қосанов, В.Козлов, А. Қожахметовтерге қарсы тергеу басталғандығын хабарлады.

ІІМ баспасөз хатшысы брифингте құзырлы мекеменің ресми құжатын оқып берді. Бұл ресми құжатқа сүйенсек оппозициялық партиялардың басшылары мен белсенділері Болат Әбілев, Әміржан Қосанов, Владимир Козлов және Асылбек Қожахметовтердің аса ауыр қылмысты жасырғаны туралы күдік бар. «Негізінен бұл азаматтардың Қазақстанның құқық қорғау органдары аса ауыр қылмыс жасағаны үшін іздестіріп жатқан адамдардың тұрып жатқан мекенін жасырғандары және оларға белсенді түрде көмек көрсеткендері анықталды».

Мұнда әңгіме оппозиция басшылары мен белсенділерінің кісі өліміне қатысты адамның жасырынуына мүмкіндік берулері туралы болып отыр. Оларды не үшін айыптауда?

«2001 жылы 18 маусымда Павлодар қаласында «Химпродукт» компаниясының директоры Борис Костанов тапсырыспен өлтірілген болатын. Өз кезегінде кісі өлтіру тапсырыс беруші ретінде танылған Есентай Байсақовқа мемлекетаралық іздеу жарияланған еді. Содан бері полиция оны іздестіріп келеді, соның ішінде ТМД елдерінен де», - делінген ІІМ-нің құжатында.

Әрі қарай, ресми Астананың мәліметі бойынша, Есентай Байсақовтың Украинада Қазақстанның оппозиция серкелері Болат Әбілев, Әміржан Қосанов, Владимир Козлов, Асылбек Қожахметовтердің жазбаша үндеулерінің негізінде саяси босқын мәртебесін алғандығы анықталады.

- Биыл бізге оның қайда екені белгілі болды. Қазіргі уақытта Есентай Байсақов Киевте тұрып жатыр, сонда кәсіпкерлікпен айналысады. Оны қайтаруды сұрап Украинаның прокуратурасына жолдаған хатымызға келген жауапта Байсақовтың сол елде тұратыны және саяси босқын ретінде қорғалатыны айтылған. Соның негізінде Байсақовты Қазақстанға әкелу мүмкін болмай отыр, - деді Бағдат Қожахметов.

Қазақстан ІІМ-нің баспасөз хатшысының айтуынша, украиналық билікке жазған үндеуінде қазақстандық оппозиция жетекшілері азамат Байсақовты қоғамдық қозғалыстың белсенді мүшесі деп сендірген.

Қазақстан ІІМ-де өткен осы брифингтің алдында ғана Азаттық радиосының веб-сайтында Қазақстан Президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің сұхбаты жарияланған еді. Әлиев елдегі барлық оппозициялық партиялардың басшыларын Ұлттық қауіпсіздік комитетімен жасырын байланыста деп айыптады. Ол «Азат» париясының төрағасы Болат Әбілев пен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбайдың есімдерін атады.

Әміржан Қосанов - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, Владимир Козлов – тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының белсендісі, ал бұрын «Алға» партиясының төрағасы болған Асылбек Қожахметов қазіргі кезде оппозициялық бағыттағы «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігін басқарады.

Дәл сол күні – қыркүйектің 24-інде Болат Әбілев пен Әміржан Қосанов Алматыда шұғыл баспасөз-мәслихатын өткізіп, өздеріне тағылған айыптардың саяси астары барын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG