Accessibility links

Борат келмеске кетті. Жасасын австриялық Бруно!


Британдық сайқымазақ Саша Барон Коэн Батыс көрермені алдында жаңа кейіпкерін таныстырып үлгерді. Ендігі жерде ол австриялық журналист бейнесін сомдамақ.

Қазақстан мен Австрияны қосатын екі бірдей жағымсыз мәселе бар. Бірі – Рахат Әлиев, ол белгілі оқиғаларға қатысты соңғы күндері баспасөз бетінен түсер емес. Өткен аптада Азаттық радиосы Рахат Әлиев пен оның жақын серігі Әлнұр Мусаевпен сұхбатын жария еткен болатын. Бұл екеуі де қазіргі күні Австриядан саяси баспана тауып отыр.

Бас қатырар екінші мәселе - атышулы актер Саша Барон Коэн. Соңғы жылдары қазақ журналисі Борат Сағдиев бейнесіне еніп, қазақ шенеуніктерінің жүйкесін біраз тоздырған сайқымазақ енді Австрияның берекесін кетіруді мақсат тұтса керек. Коэн алдағы уақытта сән әлемінің австриялық тілшісі ретінде көрінеді.

Экс-Бораттың соңғы қылығы әлем баспасөзінің азығына айналды, әлбетте, бұл мәлімет Австрияның ақпарат құралдарын да айналып өткен жоқ. Қазақстанға қарағанда, Австрияның ресми орындары, оның ішінде сыртқы істер мекемесі мен үкімет те, жалған тілшіні масқаралап, насихат кампаниясын ұйымдастыруға асығар емес.

Венада шығарылатын Kurier газеті жаңа фильм түсіруді қолға алған Саша Барон Коэн Италияның Милан қаласында өтіп жатқан Жоғарғы сән апталығында подиумнан бірақ шықты деп сөз етеді.
«Қара түсті жамылғыға оранған актер испандық модельер Агата Руиз де ла Праданың сән көрсетіліміне кедергі келтірді», - деп жазады аталған басылым. Бұл жолы сайқымазақ актер жұрт алдында дәстүрлі саналмайтын сексуалдық бағытты ұстанған Бруно есімді австриялық танымал тілші кейпінде шыққан.

Мұндай өрескел қылықтан тайынбаған Коэн жергілікті полицияға жеткізілгенімен, оған ешқандай айып тағылған жоқ, сөйтіп сайқымазақ актер өз жөнімен кете берген.

Ағылшын басылымы the Sun миландық полиция өкілдері Саша Барон Коэн есімді британдық азамат ұсталып, аты-жөні анықталғанын мойындап отыр деп жазады. «Оның қолында жеке басына қажетті ешқандай құжат болмаған соң, қонақ үйге адам жіберіп, оның жеке куәлігін әкелуге тура келді," - дейді полиция.
Ол өзін шынында да күлкілі етіп көрсеткен, полицияға жеткенде алдымен: «Мен кинодағыдай телефонмен хабарласа алам ба?» - деп сұраса керек», - деп жазады британдық басылым.

Лондонда шығатын Daily Telegraph газеті Саша Коэнді оның жаңа образында бірден тану мүмкін емес деп көрсетеді. Шашын сары етіп бояп алған актер үстіне не болса соның бәрін іле беріпті, оның ішінде аң терісінен бастап, күдері бәтеңкеге дейін.

«Бүгін жұрттың аузындағы әңгіме осы, - деп мәлім етті Telegraph басылымына берген сұхбатында Сән апталығының баспасөз хатшысы. – Кейбіреулері бұл оқиғаға ашу танытса, енді біреулері күліп жатты».

Ал, итальяндық la Repubblica басылымы болса: «Саша Барон Коэнге дауа жоқ, ол енді биік сән әлемінің қасиетті қойылымын қорлауға дейін барды», - деп жазады.

Канаданың CBC сынды ақпарат таратушы корпорациясы, бұл Коэннің Миландағы бірінші қылығы емес дегенді ескертеді. Сәрсенбіден бастап сән үйлері қауіпсіздік қызметтерін түгелдей тік тұрғызды, өйткені, итальяндық Iceberg коллекциясы қойылымына әзірлік үстінде тасалау орындардан Коэн кезіге кеткен. Ал, бейсенбіде, Dsquared коллекциясын ұсынған ағайынды Дин және Дэн Кейтеновтың көрсетілімі үстінде күзетшілер Коэн мен оның соңындағы адамдарды подиумға өткізбей қойды дейді CBC.

Есесіне жұма күні Бруно көздегеніне жетіп, миландық подиумнан барынша көріне білді, бұл сәт дүниежүзінің әлемдік сән жаңалықтарына бірден іліге кетті. Бұл сюжетті британдық сары басылым Mirror газетінің сайтынан тамашалауға болады.

Әлбетте, Миландағы оқиға Саша Коэннің жаңа фильміне арқау болары сөзсіз. Бұл фильмнің атауы да кекірейіп тұр: «Бруно: жайдақ күртеше киген шетелдік гей жігітті көрген гетеросексуалды ерлер ыңғайсыз жағдайда қалсын деген мақсаттағы Америкаға таңғажайып сапар» («Бруно: восхитительная поездка по Америке с целью заставить гетеросексуальных самцов испытывать неудобства в присутствии гея-иностранца в футболке-сеточке») деп аталады Коэннің жаңа фильмі. Сайқымазақ актердің келесі картинасы әдеттегідей псевдодеректі жанрда түсіріліп, 2009 жылдың мамыр айында экранға шығады деп пайымдалған.

Айтқандай-ақ, өткен жылдың желтоқсанында, «қазақ журналисі» Борат Сағдиев кейпінде біраз ұпай жинап, танымалдылыққа қол жеткізген Саша Барон Коэн, бұл кейіпкер ескіріп қалды деп мойындаған-ды. Daily Telegraph басылымына берген сұхбатында Коэн бұл кейіпкер «бақилық болды» дегенді меңзеген де болатын.

«Борат: Қазақстан халқының игілігі жолында Американың мәдени мұрасын зерттеу» фильмі өзге тұрсын, Саша Барон Коэннің өзі күтпеген табыс әкелгені сөзсіз. Кешегі кейіпкерін Коэн бүгін сағынышпен еске алады. Десе де, бұл ойдан шығарылған кейіпкер тым танымал болып алды, ендігі жерде Коэнге басқа образға кіріп, өзге жұрттың шымбайына тию оңай соқпайтын тәрізді. Сондықтан да, кешегі антисемит, дөрекі, гомофоб Бораттың орнына бүгін – талғампаз сән сыншысы, гомосексуалист Бруно шығып отыр.

Австрия билігі өз мемлекетінің жаңа «азаматын» қалай қабылдап отыр, бұл жағы әзірше белгісіз, әлем баспасөзі бұл мәселені қозғай қойған жоқ.
XS
SM
MD
LG