«Алға» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің айтуынша қаладағы қоғамдық көліктердің сын көтермейтін нашар қызметін елмен талқылау мақсатында олар арнайы жоба дайындап, тұрғындар арасында парақшалар таратқан. Ол парақшаларда Атырау қаласы мен оның жақын маңына қатынайтын жолаушылар көліктеріндегі келеңсіздіктер баяндалып, жергілікті жұртшылықты «Сіз қоғамдық көлік жұмысына ризасыз ба?» деген тақырыпта сауалнамаға қатысу үшін 26 қыркүйекте жиналуға шақырған екен.
Сауалнамаға дейін бірнеше күн жоғарыда аталған парақшаларды таратумен айналысқан «Алға» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атыраудағы филиалы жетекшісінің орынбасары Ғазиз Сайфуллинге 24 қыркүйекте полиция майоры Б.Ботпанов арнайы келіп оған тергеуге шақырған қағаз беріп кеткен. Келесі күні Ғазиз Сайфуллиннен жауап алған Атырау ҚІІБ қауіпсіздік бөлімшесінің аға лейтенанты А.Нұрманов, оған әкімшілік құқық бұзушылықты жасады деген айып тағып, істі қалалық арнайы әкімшілік сотына жолдаған.
26 қыркүйекте болған Атырау қалалық арнайы әкімшілік сотында сот төрағасы Алмаз Салықов «Алға» қоғамдық бірлестігі орынбасары Ғ.Сайфуллинді «құқықбұзушы» деп танып, 5 ең төменгі айлық көрсеткіші көлемінде,яғни, 5840 теңге айыппұл салды. Ал сол күні кешке сауалнама жүргізу барысында «Алға» қоғамдық бірлестігінің тағы екі белсендісін Атырау облыстық Ішкі істер департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тұтқынға алған. «Алға» республикалық қоғамдық бірлестігінің баспасөз хатшысы Минал Кенжеков пен тәуелсіз заңгер Макс Боқаевты «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды және өткізді, бұл ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 373 бабына сай» деп, қалалық ішкі істер басқармасында кешкі сағат 21-ге дейін қамауда ұстаған. М.Кенжеков басқа барлық қоғамдық ұйымдар тәрізді «Алға» қоғамдық бірлестігі де кез келген шараларды, соның ішінде әлеуметтік сауалнамалар жүргізуге құқы барлығын айтып, бұл қамаудың заңсыздығына наразылық білдіргеннен кейін, оларды босатып, 27 қыркүйекте сағат 10-ға тергеуге шақырған. Алайда сол шақырту бойынша барған «алғалықтармен» осы мәселені тікелей бақылауға алған қалалық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Нұрым Оразбаев та, тергеуді жүргізуге тиісті оның орынбасары Руслан Адилов те сөйлеспепті. Нақты қандай айып тағылатынын айтпай, «Бара беріңдер, енді сендермен прокуратура айналысады» деп мәлімдеген көрінеді.
Бұл мәселе жайлы Атыраудағы ішкі істер басқармасы департаменті қазірге дейін нақты жауап айтып отырған жоқ.. Азаттық тілшілері қойған сауалдарға жауап ретінде оқиға баяндалған пресс-релиз ғана ұсынды. Онда қамауға алынған «Алға» қоғамдық бірлестігі белсендісі М.Кенжеков пен тәуелсіз заңгер М.Боқаев туралы «олардың парақша таратуға және рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыруға қатысы барлығын анықтап, түсіндірме алу үшін әкелінді» деп жазылған.
Ал «Алға» партиясының Атыраудағы филиалы жетекшісінің орынбасары Ғазиз Сайфуллин бұл уақиға жайлы: «қаладағы жолаушылар көлігіндегі келеңсіздіктер, жүргізушілер мен кассирлер дөрекілігі, салондардың ластығы жайлы мәселені біз ойдан шығарып отырған жоқпыз. Бұл жоба екі ай бұрын дайындалып, халыққа таратылғанда. ешқандай әңгіме болмаған еді. Енді аяқ астынан «митинг ұйымдастырмақ» деп тырнақ астынан кір іздеп, жала жауып отырғандарына қарағанда, бәрі соңғы кезде біздің партия басшыларының айналасында жандана бастаған саяси ойындарға байланысты болса керек» деп ойлайды.
Облыстағы кейбір әлемтор арқылы таралатын бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәселеге жергілікті биліктің тікелей қатысы бар деген пікір таратып отыр.
«Алға» партиясының Атырау облысындағы филиалы мүшелері ЕҚЫҰ директоры Янес Ленарчечке осы оқиғаны баяндаған арнайы хат жолдады. Онда олар ЕҚЫҰ директорынан Қазақстанның халықаралық ұйымға төрағалығы қарсаңында болатын конференцияда қазақстандық делегациядан:
1.Мемлекет өкілдері - полиция полковнигі Н.Оразбаевтың, полиция майоры Р.Адиловтың, қалалық прокурор көмекшісі С.Халелованың және өздерін тұтқындауға қатысқан басқа да заң орындары мүшелерінің әрекеттерін Қазақстанның адам құқы мен демократияны сақтау барысында атқаруға тиіс болашақ міндеттеріне кірісуінің басы деп санауға бола ма?
2. ҚР орталық билігі өздеріне алған міндеттерінің бүкіл Қазақстан территориясында сақталуын қамтамасыз ете ме? Әлде Қазақстанның аймақтық билік өкілдері қоғамдық өмірді демократияландыруды өз қалауынша жүргізетін бола ма? деген сауал қоюын сұрап отыр.