Accessibility links

Т.Жүкеев: Билік дағдарысқа қарсы күреспейді, ал халық енжар


Оппозиция белсенділері Маржан Аспандиярова, Төлеген Жүкеев және Петр Своик. Алматы, 13 қазан, 2008 жыл.
Оппозиция белсенділері Маржан Аспандиярова, Төлеген Жүкеев және Петр Своик. Алматы, 13 қазан, 2008 жыл.

13 қазан күні «Азат» демократиялық партиясы Кәрім Мәсімов кабинетінің отставкаға кетуін және дағдарыстан шығуға байланысты арнайы бағдарлама қабылдауды талап етті.

Олардың пікірінше, президент Нұрсұлтан Назарбаев Николя Саркози, Дмитрий Медведев және Джордж Буш секілді бүгінгі таңдағы экономикада қалыптасып отырған ауыр жағдайға байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алуы керек.

«Азат» партиясының басшылары Төлеген Жүкеев, Маржан Аспандиярова және Петр Своик журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында Қазақстан үкіметінің әлемдік қаржы дағдарысына байланысты нақты шараларды қолға алмай отырғанын айтты.

Олар дәл осындай мәлімдемені осыдан алты ай бұрын да жасағандарын жеткізді. Азатшылар халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің күн санап нашарлап бара жатқанын нақты мысалдармен алға тартты.

Төлеген Жүкеев өз сөзінде қазақстандық биліктің демократиялық күштер ұсынып отырған идеяларды кеш те болса пайдаланып отырғанын айта келіп, «Азат» партиясының бірнеше ұсынысын мысал ретінде тілге тиек етті.

Сондай-ақ, Т.Жүкеев оппозицияның ұйымдастырып отырған шараларына қарапайым халықтың белсенділік танытпай отырғанын да сөз қылды:

«Мәселен, таяуда Мемлекеттік тілді қолдауға байланысты «Сарыарқа» кинотеатрының артында митинг өткіздік. Бірақ, ол жерге жиналғандардың саны бұрынғыдан көп болған жоқ. Тіпті, тілдің жанашырымыз деп өздерін насихаттап жүрген кейбір адамдар да келуге ерінді. Мұның барлығын билік көріп отыр. Олар демократиялық күштер өткізіп тұратын митингтерге адамдардың аз жиналатынын біліп, халықтың жағдайы жаман емес екен деп ойлайды. Содан соң, олар «жынданған» оппозицияның он шақты адамын кім тыңдайды деп ойлауы мүмкін. «Сарыарқа» кинотеатры орналасқан шағын ауданда 100 мыңға жуық адам тұрады. Солардың барлығы митингке келетін болса, Ақордадағылар халықтың пікірімен санасуға мәжбүр болар еді».

Ал «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик болса, бүгінгі қалыптасып отырған экономикалық қиыншылықтарға байланысты Кәрім Мәсімов басқарып отырған үкіметтен оң шешім күтуге болмайды деп мәлімдеді:

«Кәрім Мәсімов үкімет басына келген соң, елді елең еткізер көптеген амбициялық бағдарламалар жасалды. Оның соңы не болғанына тоқталудың да керегі жоқ деп ойлаймын. Осыдан бірнеше ай бұрын 30 корпоративтік көшбасшылар туралы біраз насихатталды. Бұны олар 2011 жылы жүзеге асады деп отыр. 2011 жыл дегеніміз не? Бұл елде болатын үлкен сайлаудың қарсаңы. Осының барлығы алда болатын істер дейді өздері. Ал бүгін ше? Қазір ақша бөліну керек. Бірақ, нақты қандай жобаға бөліну керек екені белгісіз. Өйткені, бүгінгі экономикалық қиын жағдайға байланысты әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар жасалған жоқ. Ол болған күннің өзінде оған жұмсалатын қаржының орта жолда ұрланбайтындығына ешкім кепілдік бермейді».

Баспасөз мәслихатының соңында «Азат» партиясының басшылары Кәрім Мәсімовтен гөрі нақты істермен айналысатын және оған қарағанда өзінің азаматтық позициясын жоғары қоя алатын тұлғалардың жоқ емес, бар екенін айтты.

XS
SM
MD
LG