...Гришин көшесіндегі жатақхананың бірінші қабатындағы 4 шаршы метрлік құстың ұясындай бөлме Бисенгүлдің әрі үйі, әрі жұмыс орны. Бұл жерде бес жастағы ұлы Әбілқайырмен тіршілік етуде. Тіршілік етеді дегеніміз құр сөз, ол бірнеше айдан бері жұмыссыз. Күнделікті қорегі нан мен қара су. Қазір уақытша жатақхананың бөлмелерін жуып, аз-маз ақша тауып жүр екен.
Дипломды суретші, кәсіби маман Бисенгүл Ақтөбеде неге орын таба алмай жүр? Қыркүйекке дейін Ә. Молдағұлова атындағы музейде суретші-безендіруші болып жұмыс істеп жүріп, демалыстан оралған бойы директордың бұйрығымен жұмыстан босатылған. Сылтау - сенбілікке шықпағаны.
«Мен суретші-безендіруші болып, жарты ставкімен жұмысқа алғанымен, шындығында қара жұмыстың бәрін жасадым. Су тасыдым, ғимараттың айналасын күл-қоқыстан сыпырамын, шелек-шелек су тасып, гүлдерді суардым. Қазақ-ресей шекаралық аймақтарының жиыны болады дегесін, бүкіл мекеме қызметкерлері жаз бойы көшенің айналасын жинаудан қолдарымыз босаған жоқ. Денсаулығым жоқ, дәрігерлер ауыр көтеруге рұқсат етпейді. Соған қарамастан, жұмыстан айрылып қалмайын деп, бастығымның тапсырмаларын бұлжытпай орындадым. Бірақ, туған сіңлім қайтыс болып еріксіз демалыс алып кеткенімде, осындай жағдай болды» дейді ол.
Басқа жерден жұмыс іздеп көрмедіңіз бе, талантыңыз бар. Қазіргі уақытта мүмкіндіктің бәрін пайдаланып көру керек дейміз біз жұбатып.
- Соңымнан ерген бес жастағы балам үшін мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым дейді ол. 2004 жылдан бері қалалық әкімшілікте үйдің кезегінде тұрамын. Сол жолы 152-ші болып тіркелгенмін. Содан бері кезегім 152-ден қозғалған жоқ. Облыс әкімінің қабылдауында да болдым. Сағындықов мәселенің мән-жайын қарауға уәде еткен бір жыл бұрын. Президент Назарбаевтың атына жағдайымды айтып, хат жазып жібергенмін. Астанадан бақылауға алынсын деген жауап келді. Қазіргі заманда тегін ештеңе болмайтынын да білемін. Бірақ, мен қайтемін енді? Қолымнан сурет салудан басқа ештеңе келмейді.
- Көрме өткізіп, суреттеріңізді сатып дегендей тіршілік жасауға болады емес пе?
- Сіз Ақтөбеде талантты бағалағанын көрдіңіз бе? - деді ол маған төтесінен. - Кереев көшесіндегі залда көрме өткізу үшін кемі 3-4 картинаны параға беруің керек. Майлы бояу, кенеп салуға қыруар қаржы кетеді. Сосын, салған суретіңді кім алады бүгінде? Қарапайым адам сурет алмайды. Тапсырыс бергендер ақшасын уақытында беріп болмайды, бірнеше айлап созып жүреді. Соңдарынан жүгіру керек.
Бисенгүлдің қиын жағдайынан хабардар, шамасы келгенінше көмек беріп жүрген жергілікті журналист Ольга Петрова: «Ол мықты әйел, тағдырдың барлық сынына қасқайып қарсы тұрып келеді. Бірақ, ол шарасыздықтан шаршады» дейді.
Бірнеше айдан бері жұмыссыз отырған Бисенгүлдің мойнындағы қарызы күн санап өсіп барады. Оның екі Банктен алған несиелерінің пайызы 200 мың теңгеге жуықтады. Денсаулығында да кінәрат бар.
Жоқшылықтан, жұмыссыздықтан шаршаған Бисенгүл шетелге кетсем, суреттерімді сатып, көрме өткізсем деп армандайды. Бірақ, бұл да орындалмас арман дейді ол күрсініп. Біздің елде ақшаң не сүйенішің болмаса, үлкен белесті алам деу құр қиял. Оның үстіне, Ақтөбеде көркемсуретті түсінетін жан сирек, бұл жерде шығармашылық орта қалыптаспаған дейді торығып.
Әбілқайырын қолынан жетектеген Бисенгүл Көбекова Суретшілер Одағының Ақтөбе облыстық филиалына да бас сұқты. Аты болғанымен, заты жоқ Одақтың есігінде қара құлып. Суретшілер мекемесінің қиын жағдайға тап болған әріптестеріне берер көмегі жоқ. Мұнымен бір кезде жүректен шыққан сезімін туындыларында аса талғампаздықпен шебер кескіндейтін жаны нәзік Бисенгүл суретшінің жағдайы күннен- күнге қиындап барады.