Accessibility links

Ақорда: Экономиканы сауықтыруға 15 миллиард доллар


Премьер-министр Кәрім Мәсімов Үкіметтің Қазақстан экономикасына 15 миллиард доллар бөлуіне мұрсат ететін құжатты тезірек қабылдауын сұрап, жақын күндері Парламент депутаттарына қайрылмақшы.

Дүйсенбі күні үкіметте өткен селекторлық мәжілісте премьер-министр Кәрім Мәсімов осы жылдың соңына дейін ел экономикасына қосымша 15 миллиард доллар бөлінетін болады, бұл ішкі жалпы өнімнің 15 пайызын құрайды деп хабарлады. Осыған байланысты үкімет басшысы мынаған назар аударды:
-Бұл қомақты қаржы бізге жаңа қадам жасауға мүмкіндік беріп, сыртқы нарықтың теріс әсерін біршама залалсыздандыруға көмектеседі. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес Ұлттық қордан алынатын 10 миллиард долларды эконмомиканы дамытуға жұмсай аламыз. Оның 5 миллиард доллары "Самұрық-Қазына" жаңа қорының капиталын құруға кетеді. Тағы 5 миллиард доллар облигациялық қағаздар арқылы бөлінетін болар.

Сонымен қатар Кәрім Мәсімов аталған қаржыны пайдаланудың өте ашық, айқын болуы керектігін қадап айтты:
-Kелесі өте маңызды мәселе - бұл қаржының қалай жұмасалатыны, мұнда ашықтық болуы шарт және қоғамға есеп беру жолдары қарастырылуы қажет. Қаржының көзделген мақсатқа жұмсалуы, демек жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа кәсіпорындар іске қосылуы тиіс. Біз мұны қатаң бақылауға алатын боламыз.

Бүгін үкіметте республикалық бюджет комиссиясының 30-шы отырысы болып өтті.
Комиссия Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімдік жоспарының нақтылануын және 2008-2010 жылдарға арналған Қазақстан Үкіметінің орта мерзімдік фискалды саясатын нақтылау мен 2008 жылғы республикалық бюджетті нақтылау бойынша ұсыныстарды қарап, талқылады.
Республикалық бюджет өлшемдері "Самұрық-Қазына" қорының капиталын құру үшін Ұлттық қордан алынатын 607, 5 миллиард теңге ( 5 миллиард АҚШ долларына жақын ) мақсатты трансфер көлемінде нақтыланды.
Республикалық бюджет комиссиясының мәжілісінде дағдарысты активтер қорын капиталдандыруға 52 миллиард теңге бөлінетіні хабарланды.
XS
SM
MD
LG