«Нарықта баға түсіп, банктер күйреудің алдында тұр, бірақ бүкіл әлемді түңілдіріп отырған қаржы дағдарысы да алтынмен апталып, гаухармен безендірілген MasterCard кредиттік картасының шығарылуына кедергі болып отырған жоқ», — деп жазады беделді британдық басылым Financial Times.
Әлемдік дағдарыс кезінде бұл жаңалық жоғарғы дәрежелі карточка шығаратын БАӘ-нан кейінгі екінші орындағы мемлекет Қазақстанда енгізіліп отыр. Банктің мұндай жаңалығына араб шейхтары дағдарысқа дейін-ақ — өткен жылы қол жеткізген болатын.
«Бриллиант» («Diamond») деген атпен белгілі карта 0,02 карат қымбат таспен безендірілген, әйел адамға арналған картада тауыстың, ер адамның картасында қанатты аттың суреті безендірілген. MasterCard пен «Казкоммерцбанк» екі аптадан кейін қолданысқа енгізетін ғажайып картаны пайдаланғаны үшін жыл сайын мың доллар (620 фунт стерлинг) төлеу керек. Бұл жаңалық өткен жылғы мұнай мен минералды ресурстардың қызығын көрген жаңа байлар «жаңа өсіп шыққан миллиардерлер» үшін жасалған.
Бұл өз уақытында шығарылып отыр ма деген сұраққа жауап берген банктің халықаралық төлем жүйесі бөлімінің жетекшісі Алла Воякина: «қаржы дағдарысы бізге де әсер етті, бірақ біз осындай картаны иеленуге мүмкіндігі бар бай адамдар туралы айтып отырмыз, әмияныңызда мұндай картаның болуы — беделділіктің көрсеткіші.
«Гаухар — тек қана безендіру құралы, ол сіздің мәртебеңізді көрсетеді, — дейді Воякина. MasterCard компаниясы бұл өнімнің кассалық механизмдер мен сауда автоматтарына жарамдылығына көз жеткізу үшін бірнеше түрлі тексеруден өткізіпті.
Басылым жазып отырғандай, бұл карта «қалталылардың өзі несие дағдарысының ауыртпалығын сезініп отырған кезде» шығарылып отыр. Бірақ, Воякинаның мәлімдеуінше, банктің бағытталған аудиториясы бар, оның ішіне «VIP-клиенттердің таңдаулылары» қоса есептелген. 13-қарашадан бастап, айына 30 картадан шығаруды жоспарлап отырған бұл партия мың картадан тұрады. Карта иелеріне 24 сағат бойы дербес менеджер қызмет көрсетеді.
Әрбір картаның несиелік лимиті 50 мың долларды құрайды, бұл MasterCard шығаратын платиналы картадан 20 мыңдай жоғары. Өткен жылы осындай картаны Дубайда шығара бастаған компанияның хабарлауынша, бұл карталар «MasterCard-тың клиенттерінің талабын қанағаттандырып, оларға жоғарғы деңгейдегі өмір салтын ұсынуының» белгісі ретінде қызмет көрсетіп келеді.
Мүмкіндік аясы жағынан «Diamond» Dubai First компаниясының Эмираттың билеушісі, шейх Мұхаммед бин Рашид әл-Мактумға арнап жасаған «Royale» картасынан ғана озып тұр. Бұл картаның ешқандай шығын лимиті жоқ. Қазақстанда «Royale»-дың баламасын шығару туралы шетелдік басылымдар әлі хабарлаған жоқ.
Қазақстанда гаухар карта шығару туралы жаңалыққа Financial Times журналистерінің таң қалғаны соншалық, басылымның арнаулы редакциялық мақаласында бұл оқиғаны «Нұқ пайғамбардың кемесіндегі күнге арналған көзілдіріктің базарына» теңейді.
Дамыған қоғамда байлар «өзектіге бір өлім деген» дейтін қарапайым адамдардан қалтасының қалыңдығымен емес, көл-көсір етіп жасаған жақсылығымен, қайырлы істерге берген қаржысымен ерекшеленуі керек еді, - деп жазады газет. «Бірақ Қазақстанда асып-тасып өмір сүріп жатқан байлардың өздерінің теңгелерінің қайда кетіп жатқанын білмейді деу шындыққа жанаспас еді»- деп атап көрсетеді басылым.
Financial Times-тің редакциялық мақаласы картаның иелеріне кедейліктен сіңірлері шыққан адамдар санының соншалықты көп екенін, жоқшылықтан жұтаған жандардың жағдайы туралы естеріне алып, асқан байлар мен өте кедейлердің арасындағы айырмашылықтардың тереңдеп бара жатқанын ұмытпауға шақырады. Басылым байларға асқан байлығын көрсете бермей, қайырымдылық туралы да ұмытпауын еске салады.
Financial Times басылымы мораль тұрғысынан ақыл айтып жатқанда, келесі бір лондондық басылым Telegraph кекесінді түрде былай дейді:
- Бүкіл әлем дағдарыстан жапа шегіп жатқанда мұнайдан байып отырған Қазақстанда өздерін ешнәрседен тежеп көрмеген адамдар үшін сәннің соңғы үлгісіне айналған әшекей бұйымдар жасалуда, ал, бұл Боратқа керемет ұнайтын нәрсе деп жазады Telegraph басылымы. Газет сонымен бірге Қазақстанды "Бір кездері кеңестік кезеңде Ауғанстанның солтүстігі мен Сібірдің оңтүстігінде орналасқан көз жеткісіз кең даласы бар артта қалған ел еді. Оның шет елде атағының шығуына 2006 жылы ойламаған жерден Британия мен Америкада табысқа қол жеткізген Саша Барон Коэн қылжақбас кейпіндегі жалған телетілші Борат туралы шығарған фильмнің ықпалы болды. Бірақ Қазақстандағы мұнай мен минералдық ресурстардың молдығы Қазақстанды байытты, сөйтіп, «аса бай» тап қалыптасты" деп жазады.