Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев: Енді БАҚ-тарда жемқорлық туралы жазылған сындарға салғырт қарау жойылады


Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы күрес форумы өтті. Мұнда мемлекет басшысы коррупциямен тиімді күресудің бірнеше жолдарын ұсынды.

Алайда «жемқорлықпен күрес дегенде науқастың ең жаманы Қазақстанда деген сөз емес, бізден де жаман елдер бар» деген мемлекет басшысы коррупцияға батқан мемлекеттердің тізімін көрсететін «International transparence» ұйымының жазғандарымен келіспейтіндігін жетізді.

Президент Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен пәрменді күресіп жатқан елдердің алдыңғы қатарында. Бірақ әлі де атқарылатын жұмыстар көп дей келе, елде коррупцияға белшесінен батқан мекемелерді атады. Олар – құқық қорғау құрылымдары, әкімдіктер және білім беру салалары көрінеді.

Мемлекет басшысы бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдарында жемқорлыққа қатысты жазылған материалдарға аса мән беретіндігін айтты.
«Егер жемқор деп бір мекеме немесе шенеуніктің аты-жөні аталса, ол міндетті түрде сол басылымға жауап беруі тиіс. Егер ол жауап бермесе, құқық қорғау орындары араласатын болады, біз БАҚ-тарға мән бермеуге әбден үйреніп алғанбыз», - деді президент.

Қазақстан президенті қызметін асыра пайдаланып, жемқорлықпен сотталған адамды мәңгі бақи мемлекеттік қызметке жолатпау туралы ұсынысын заңнамалар арқылы реттеуге тапсырма берді. Сонымен бірге парламент депутаттарының айналасында өз мүдделерін өткізу үшін түрлі топтардың жүретіндігін айтқан президент «Лобби туралы» заң қабылдау керекпіз деді.

Президент құқық қорғау құрылымына түбегейлі реформа жасайтындығын да сөз етті. «Құқық қорғау мекемесінде жұмыс істейтіндердің өздері сыбайласқан. Қазір барлығы да жемқорлықпен күресіп кетті. Қайсысынан есеп алуды білмей қалдық. Мен арнайы комиссия құрдым. Жыл аяғына дейін бұл мәселені реттейміз», - деді мемлекет басшысы.

Мемлекеттік қызмет саласындағы коррупция да сөз болды. Мемлекеттік қызметте ұрпақтар жалғастығы болуы керек деген президент бір орнында 20 жылдай отырған аудан, қала әкімдерінің бар екенін мысалға келтірді.

- Орнын ешкімге бермес үшін, маңайындағы жақсы қызметкерлердің барлығын жаншып тастайды. Егер ол өзін ауыстыратын адамдарды дайындамаса, лайықты басшы емес деген сөз. Айқайлаудан, балағаттаудан басқаны білмейтін басшыны тез арада босату керек, - деді президент.

Н.Назарбаев жалпыға бірдей табыс декларациясын тапсыру мәселесін көтерді. Келешекте осыған міндетті түрде келеміз деген президент, бір отбасында бес шетелдік маркалы көлігі бар немесе биік қорған жасап, салтанатты сарай- үй тұрғызатын мемлекеттік қызметкерлерге бақылау болатындығын да ескертті.

Мемлекет басшысы көлік инспекторлары тарапынан да жемқорлықтың азаймай отырғанын айтты. «Жол қауіпсіздігі туралы» заң талаптарын күшейткенімізбен, МАИ қызметкерлері ақша алудың басқа айла тәсілдерін тауып отыр дейді.
- Астанаға Қырғызстаннан картоп әкелу үшін Қордайда екі күн тұру керек. Одан кейін Таразда төрт күн тұрып құжаттар толтыру керек. Астанаға келгенге дейін оны он бес рет тоқтатады, әрқайсысысына жиырма бес мың теңгеден ақша төлеуің керек, - деген президент құқық қорғау мекемелері басшыларына «карт бланш» бергенін айтты.

Жемқорлыққа қарсы күрес форумында мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев мемлекет басшысына жемқорлардың ізіне түсу үшін шетелде оқиын студенттерді тексеру жөнінде ұсыныс білдірді.

- Арнайы сұрау жіберейік, кімнің балалары шетелде оқиды? «Болашаққа» және кәсіпкерлердің балаларына тиіспейік. Шетелде мемлекеттік қызметкерлердің, әкімдердің, кеден қызметкерлерінің балалары оқиды. Олар қандай ақшаға оқуда?, - дейді депутат Тінекеев.

Ал сенатор Ғани Қасымов жемқорлықтан құтылудың бірден бір жолы қосымша құн салығын мүлдем алып тастау дейді. Мәселен, АҚШ-та қосымша құн салығы жоқ деген сенатор, қазақстандықтардың бұл салығы шенеуніктердің қалтасына кетеді деді.
XS
SM
MD
LG