Accessibility links

Бензин бағасының төмендегенінен пайда болмай тұр


Атырауда бензин бағасын "Қазмұнайгаз" бен "Гелиос" қана сәл түсіргендей болды. Халықтың әлеуметтік жағдайының негізгі кілті саналатын бұл мәселе жергілікті билік назарына да әзірге ілікпeй тұр.

Атыраулық әкімдер экономикалық дағдарыстан шығудың жаңа жолын тапқан секілді. Мәселен, енді қала әкімі С.Нақпаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдер, дәрігерлер мен кәсіпкерлер «халықты дүрліктіруден, қорқыныш үрей туғызудан сақтау» үшін экономикалық дағдарыстың салдары жайлы үгіт-насихатпен айналысатын болады.

«Азат» партиясы филиалының жетекшісі Ж.Тікенбаев болса экономикалық күйзеліске қарсы тұрарлық жергілікті басшылардың жоспары жоқ деп есептейді. Себебі, дағдарысты қарапайым халық сезінгенімен, олар сезінбейді. Әйтпесе, бензин ғана емес жылу, газ бағасы да артып отыр. Елді ойлаған әкім болса, «газ бағасы ТШО-ның кесірінен көтерілді» дегенше, неге оларға талап қоймайды дейді.

Энергетика министрі Сауат Мыңбаев 1 қарашадан бастап республика бойынша мұнай өнімдері бағасының төмендейтінін хабарлағанға дейін Атыраудағы бензин бағасы: Аи-80 маркасы үшін– 68-81 теңге болды. 1 қарашадан бастап Атыраудағы жолаушы көлігі бағасы 80 пайызға өсті. Оның бір ұшын қалалық жолаушылар көлігі жөніндегі бөлімнің бас маманы Серік Ахметов бензин бағасының төмендемеуімен байланыстырады.

Қазақстандық бензиндер сапасы жағынан нашар болғандықтан, жүргізушілер сұранысына аса ие емес. Сондықтан Омбыдан келген бензиндерді сататын «Атырау мұнай өнімдері» АҚ стансаларының бензин бағасын өзгертер түрлері жоқ.. «Атырау мұнай өнімдерінің» бас есепшісі Гүлжазира Рамазанова бас офистерінен бензин құнын төмендету жайлы ақпарат әлі алмағанын, ал бензин бағасын тек 15 қазанда ғана арзандатқандарын айтады.
Соған қарағанда атыраулықтар Ресейдің сапалы саналатын бензиндері Аи-80 маркасын – 90теңгеден, Аи-93-ті – 95 теңгеден, Аи-96-ны –115 теңгеден , ал, дизельдік жағар майды - 97 теңгеден алатын болады.

Осы мәселеге орай ЖСДП-ның Атыраудағы филиалы жетекшісі Ж.Доспанов ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтен бензинді 30 пайызға дейін төмендетуін талап еткен Ашық хат жолдады. Ж.Доспановтың мәліметі бойынша осы жылдың қазан айының аяғында АҚШ-тың жанармай құю стансаларында АИ-96-ның литрі 78,57 пайызға арзандап, 1,40 долларды құраған. Сонда АҚШ азаматы орташа 4500 доллар айлығына 3214 литр Аи-96 құйып алса, қазақстандық осы маркалы бензинді орташа 78000 теңге (655 доллар) айлығына тек 709 литр ғана иеленген.
Оның үстіне АҚШ мұнайдың 75-80 пайызын сырттан алса, Қазақстан өзінде өндіреді.Сондықтан бензин бағасының қазіргі төмендеуін тек жарты қадам ретінде түсіну керек дейді Ж.Доспанов. Жаңа бағамен алғанда Аи -93 тек 13 пайызға, ал Аи-96 -11 пайызға ғана төмендеді. Үкімет елді ойласа, бағаны тағы төмендетуі тиіс.

Соңғы мәліметтерге қарағанда қазір Атыраудағы бейүкіметтік ұйымдар, саяси партиялар бірігіп Үкіметке тағы хат дайындау үстінде. Оған облыс жұртшылығы жаппай қол қойып жатқан көрінеді.

Жалпы мұнайлы елдегі мұнай өнімдері бағасының өсуіне тиымсыздық пен ішкі рыноктағы ара тұра болып тұратын тапшылықтың салдарын бәсекелестіктің жоқтығынан іздеу қажет. Статистикалық агенттік мәлімдемесі бойынша Қазақстанда 4500 жанар-жағар май құю стансасы бар екен. «Қазмұнайгаздың» үлесіндегі 170 жанар-жағар май құю стансасының 15-сі Атырау облысында орналасқан. Ал мұнай өнімдерін сатудағы көтерме сауданың 70 пайызы үш компанияның: «Қазмұнайгаз» АҚ сауда үйі, «ПетроКазахстан» АҚ сауда үйі мен «Гелиос» арасында.


Сарапшылардың айтуынша, бензин жанар –жағар май құю стансаларына жеткенше бірнеше компаниялардың қолынан өтеді екен. Мәселен монополияға қарсы агенттік сарапшылары Аи-93 бензинінің зауыттан шыққандағы бастапқы құны 20-30 теңге дегенді айтқан еді. Оған әр делдал-фирма 30-дан 300 пайызға дейін өз бағаларын қосады. Ал бұл рыноктағы әр «маңызды» тұлғаның қасында осындай 5-6 фирма бар. Жаздағы бензин тапшылығын «бензин корольдері» саналатын «Қазмұнайгаз», «ПетроКазахстан» мен «Гелиос» әдейі ұйымдастырғаны жайлы Бәсекелестікке қарсы агенттіктәң дәлелдемесі бар екені айтылған.

Ал Қазақстанда бензин тұтынушыларының қатары күн санап арта түсуде. Кейбір сарапшылардың пікірінше 2015 жылға қарай қазіргі мұнай өңдеу зауыттары оларды бензинмен қамтамасыз ете алмайтын болады. Ал ішкі рынокқа жанар-жағар майдың орташа қолайлы бағасын орнықтыратын мемлекеттік жаңа МӨЗ салу 7 жыл уақытты қажет етеді екен. Елдегі мұнай коммерсанттары болса шетелде өңдеуші зауыттар салуға белсенділік танытқандарымен, Қазақстанда ондай ынталарын байқатпайды.
Кезінде бұрынғы энергетика министрі В.Школьниктің «бүкіл Қазақстанда бар болғаны үш мұнай өңдеу зауытының болуы күлкілі жағдай» деген сөзінің жаны бар секілді.


Қазмұнайгаз бен Гелиостың ғана бағаны сәл түсіргенін айтты.
XS
SM
MD
LG