Accessibility links

Обама Буштың әкімшілік саясатқа қатысты бірқатар бұйрықтарының күшін жоймақшы


Жаңадан сайланған АҚШ президенті Барак Обама президент Джордж Бушпен қарашаның 10-да кездеседі.

Барак Обаманың АҚШ президенті ретінде сайланғанына бір апта өтпей жатып, президент Джордж Буш онымен Ақ үйде ресми түрде кездеспекші. Мұның өзі билікті тапсыру үдерісінің басталғанын аңғартады.

Сенбі күнгі апталық радио жолдауында Буш мырза: “Жаңадан сайланған АҚШ президенті Барак Обаманы тарихи жеңісімен құттықтаған кезімде оның Ақ үйге келу үдерісінде менің толық әріптестігіме арқа сүйей алатындығын айтқан болатынмын. Бұл үдеріс менің президенттік уақытымдағы ең басты мақсатым екеніне сендірдім. Біздің еліміз экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Мұның өзі жаңа президенттің өз жұмысына іркіліссіз кірісуін талап етеді. Сондай-ақ бұл 40 жылдан бергі соғыс мезгіліне тап келіп отырған алғашқы президенттік қызмет алмасу болуда. Бізге шабуылдағысы келетін экстремистермен күрес жүргізудеміз. Осындай ауыс-түйіс кезеңді олар Америка халқына қарсы пайдалануға тырысуда”,- деген еді.

Барак Обама болса сенбідегі радио жолдауында: “Қазіргі кезде бізде бір ғана президенттің бар екендігі және президент Буштың біздің үкіметіміздің басшысы екендігі - айқын. Біз өз қызметімізді қаңтардың 20-да бастап кететіндігімізді айтқым келеді. Себебі уақытты жоғалтпауға міндеттіміз”,- деген болатын.

Дүйсенбідегі Обама мен Буш мырзалардың Ақ үйдегі кездесуі кезінде Буш және Обама ханымдар да кездесетін болады.

Олардың арасындағы аталған кездесу аса шынайы да әріптестік жағдайда өтпекші. Алайда қос партия арасындағы саяси өзгешеліктер осы жүздесумен бірге азаяды немесе жойылып кетеді дегенді білдірмесе керек.

Обаманың Ақ үйге келуіне дайындық жұмыстарын үйлестіріп отырған топтың жетекшісі Джон Подестаның айтуынша, Барак Обама Буш әкімшілігі саясатын белгілейтін кейбір бұйрықтардың күшін жоймақшы.

Обама сондай-ақ президент Джордж Буштың тірек клеткаларын зерттеу үшін қаржы бөлуге енгізген тыйымын алып тастауы мүмкін.

Буш әкімшілігінің бұл тыйымды салу себебі тірек клеткалары адам эмбрионынан алынады. Сондықтан эмбриондарды ғылыми-зерттеу мақсатына пайдалану этикаға жатпайды деп айтысушылармен Буш әкімшілігі келіскен еді.

Келесі зерттеушілердің пікірінше, ол тірек клеткаларының сырқаттарды емдеудегі пайдасы зор болғандықтан ел үкіметі мұндай істі қаржыландыруы тиіс.

Обама болса аталған тірек клеткаларының адамдарды алжу ауруынан емдеу мүмкіндіктерін зерттеу қажеттігін қолдап отыр.

Обама сондай-ақ Буштың мұнай өндірісіне қатысты бұйрықтарын өзгертуі мүмкін. Бұл туралы Подеста жексенбі күні теледидардан сөйлеген сөзінде айтты.

Буш мырза арнайы қорғалатын табиғат аймақтарынан да мұнай бұрғылау туралы айтқан болатын. Ал Обама болса бұл істе табиғат қорғаушыларды қолдап отыр.

Президенттің саясатын белгілейтін бұйрықтар - көптеген елдерде президент жарлығына пара-пар. Әдетте АҚШ президенттері ол бұйрықтарды үкімет департаменттерінің жұмыстарын үйлестіріп отыратын құрал ретінде пайдаланып келеді. Сондай-ақ аталған бұйрық заң шығарушылардың қабылдаған заң жобаларын түсіндіру үшін де қолданылатын еді.

Ақ үйдің саяси бағытын белгілейтін ол бұйрықтар президенттің құзырын кеңейтіп жібере ме деп қауіптенушілер де болған-ды. Обама мырза өз билігі барысында осы бұйрықтардың күшін жоятынын аңғартты.

XS
SM
MD
LG