Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарын электр желісімен байланыстыратын, қуаты 500 кВт құрайтын «Өлке» кіші станциясын іске қосу рәсіміне премьер-министр Кәрім Мәсімов қатысты, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі. Бұған дейін Ақтөбенің энергетикалық желісі Қазақстанның жалпы электр жүйесімен тікелей байланыста болмағандықтан облыс Ресейден импортталатын электр қуатына тәуелді боп келді.
Ал енді жаңадан қосылған желі Ақтөбе облысының қажетіне Ақсу және Екібастұз ГРЭС-нің электр энергияларын алуға мүмкіндік береді. Ұзындығы 487 шақырым электр желісінің құрылысы 2006 жылы басталып, биылғы жылдың желтоқсанында аяқталды. Жобаның жалпы құны 160 млн. доллардан асады.