ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстан халқы 10,5% жеңілдікпен ипотекалық несие ала алады
Басқа да жаңалықтар
Үкімет зерттеуі: уақыт белдеуінің ауысуы Қазақстан халқына кері әсер етпеген

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халық денсаулығына кері әсер етпеген деп мәлімдеді. Бұл жайында үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрдің сөзінше, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы мамандардың, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының және өзге мүдделі тұлғалардың қатысуымен бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігіне әсерін тексеретін зерттеу жүргізілген. Халықтың жас шамасына қарай бөлінген топтарын және қала мен ауыл тұрғындарын қамтитын талдау жасалған.
"Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу мен қателіктер саны, жарақаттар мен тәртіп бұзушылықтар саны қарастырылды. Оның қорытындысы біртұтас уақыт белдеуіне көшу халықтың өмір сүру көрсеткіштеріне теріс әсерін тигізбегенін көрсетеді", – деді Арман Шаққалиев.
Министрдің айтуынша, кешенді тәсіл қолданылған жұмыс барысы деректерді зерттеуді, сауалнамалардың нәтижелерін және біртұтас уақыт белдеуіне көшуге дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыруды қамтыған. Зерттеу қорытындысы ашық дерек көздерде жарияланғаны туралы ақпарат жоқ.
2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан аумағында UTC+5 біртұтас уақыт белдеуі енгізілген. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 12 облыс (батыс өңірдегі төрт облыстан басқа) уақытты бір сағат артқа жылжытты. Шенеуніктер бұл өзгеріс ондаған жылдар бойы "уақыт жылжытқаннан" бұзылған адам ағзасының биологиялық ритмін қалпына келтіру мақсатында, оған қоса бизнес процестерін жақсарту және тасымалдауды үйлестіруді жеңілдету үшін жасалды деп түсіндірді.
Қазақстанның шығысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге жұрт наразы болды. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жазда таңғы екіден кейін жарық түсетінін, қыс мезгілінде сағат 15.00-де қас қарая бастайтынын айтып шағынды. Бұған қоса қазақстандықтар электр энергиясын тұтыну бұрынғыдан артқанын, кейбіреулер тез шаршап, өзін әлсіз сезінетінін айтты.
Қазақстандықтар уақытты қайтадан бұрынғы қалпына келтіру туралы петицияға қол жинауды бастаған. Оны қостағандар көбейіп, петицияны үкімет қарауына қажет 50 мың қол тез арада жиналған. Алайда үкімет петиция авторларының талабын қабылдамады.
Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшу шешімі күшінде қалатынын мәлімдеп, бұл шешім ғылыми зерттеулерге негізделгенін айтты, бірақ ол нақты қандай зерттеулердің негізінде қабылданғанын түсіндірген жоқ.
2025 жылы қыста Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында мемлекеттік мекемелер жұмысты бұрынғыдан бір сағат ерте бастауға көшті.
Нөкісте Қазақстан мен Ресейден депортацияланған қарақалпақ белсенділерінің соты басталды

Нөкіс қалалық соты 2024 жылдың желтоқсан айында Қазақстан мен Ресейден оралған екі қарақалпақ белсендісіне қатысты қылмыстық істерді қарауды бастады. Бұл туралы Түркіменстанның адам құқы жөніндегі Хельсинки қоры хабарлады. Билік "өз еркімен оралды" деп хабарлаған белсенділерді қамауға алып, Нөкістегі тергеу изоляторына отырғызған еді.
Қордың ақпаратына сәйкес, 7 наурызда Жеткербай Әбдірамановтың ісі бойынша сот тыңдауы басталған. Оған "конституциялық құрылысты өзгертуге жария түрде шақыру", "қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдарды интернет арқылы тарату" және "тыйым салынған ұйымдарға қатысу" деген айыптар тағылған.
Әбдіраманов 2022 жылдың маусым айында Өзбекстан Конституциясына Қарақалпақстан Республикасының егемендік мәртебесін жоюды көздейтін өзгерістер енгізуге қарсы Алматыда қол жинап жүрген кезде Өзбекстанның қауіпсіздік қызметінің назарына ілінген еді.
2023 жылдың қаңтар айында Қазақстаннан депортацияланған соң ол бірнеше елден баспана сұраған. Түркияда заңсыз болған Әбдіраманов Еуропаға қоныс аудару жолын іздеген. 2024 жылдың желтоқсан айында Мәскеуге келгенде оны бірден ұстаған. Өзбекстанда оның үстінен іс қозғалып, іздеу жарияланғанын сол кезде бір-ақ білген. Мәскеу прокуратурасы Өзбекстан билігінен белсендіге қатысты қосымша мәлімет сұратқан, ондай мәлімет келмеген соң Әбдірамановты босатқан. Ол Мурманск арқылы Норвегияға өтуге талпынған, бірақ Ресей қауіпсіздік күштері оны ұстап, Мәскеуге жеткізген. 27 желтоқсанда Өзбекстанның арнаулы қызметінің өкілдері Мәскеуге барып, Әбдірамановты елге алып қайтқан. 2025 жылдың қаңтар айының аяғында оны Ташкенттен Нөкіске жеткізіп, тергеу абақтысына қамаған.
Түркіменстанның Хельсинки қорының хабарлауынша, Әбдірамановқа тағылған айыптар бастапқы айыптармен салыстырғанда кеңейтілген. Жеткербай Әбдіраманов – "тыйым салынған ұйымдарға қатысу" бабымен айып тағылған екінші қарақалпақ белсендісі. Құқық қорғаушылар билік оған "Алға Қарақалпақстан" ұйымына қатысқан деген айып тағады деп топшылайды. 2024 жылы Өзбекстан бұл ұйымға тыйым салды, бірақ ресми шешім әлі күнге дейін көпшілікке жарияланған жоқ. Құқық қорғаушылар жарияланбаған тыйымға сүйенген қылмыстық қудалауды – қылмыстық құқық ережесін өрескел бұзу деп атайды.
10 наурызда Нөкіс қалалық соты Ринат Утамбетовтың ісін қарай бастады. Оған "конституциялық органдардың заңды қызметіне кедергі келтіруге бағытталған күш қолдану" және "қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін материалдарды алдын ала келісіп, интернет арқылы тарату" деген баптар бойынша айып тағылған.
2024 жылдың сәуір айында Утамбетов Қазақстанда ұсталған, себебі Өзбекстан оған іздеу жариялапты. Желтоқсан айына дейін Алматының тергеу изоляторында қамауда отырғаннан кейін ол Өзбекстанға оралуды ұйғарған, Қазақстан оны Өзбекстанға берген. Құқық қорғаушылардың ақпараты бойынша, Утамбетов қарақалпақ оппозициялық ұйымдарына қатыспаған, оның үстінен қозғалған қылмыстық іске Қарақалпақстандағы Нөкіс ауданы Шортанбай ауылнда тұратын 10 адам жазылған жабық Telegram-топта "тыйым салынған үш видеоматериал" жарияланғаны себеп болған. Белсендінің сыныптасы Рахим Пірназаров 2023 жылдың тамыз айында дәл сол іс бойынша 4 жылға бостандығын шектеу жазасын алған.
Ташкентте Ринат Утамбетовты тергеу изоляторына қамаған, ал 2025 жылдың қаңтар айының аяғында оны Нөкіске жөнелткен.
Қор сондай-ақ, Өзбекстан Жоғарғы сотының сайтында жарияланған ақпаратқа сүйеніп, белсендіге қатаң айыптар тағылғанын хабарлады.
Тағы бір қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбай (Мұратов) Алматыда бір жыл қамауда отырғаннан кейін 2025 жылдың ақпан айында бостандыққа шықты. Мұратбай 2024 жылдың 15 ақпанында Алматыда Ташкенттің сұрауы бойынша ұсталған. Оған "жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру" және "қоғамдық қауіпсіздікке және тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды тарату немесе көрсету" баптары бойынша айыптар тағылды.
Қарақалпақтардың құқықтарын қорғаушы ретінде танылған Ақылбек Мұратбай бұл айыптарды жоққа шығарады, оның жақтаушылар бұл қудалаудың саяси астары бар деп мәлімдеген.
Ресейге 300-ден аса дрон шабуылдап, Мәскеу өңірінде бір адам қаза тапты

11 наурызда ондаған дрон Мәскеу мен Мәскеу облысына шабуыл жасап, тұрғын үйлерге зиян келтірген, бір адам қаза тауып, тағы 14 адам жараланған, деп мәлімдеді Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв. Оның айтуынша, ең көп зардап шеккендер мен ең үлкен залал үш муниципалитетте тіркелген.
Ленинск қалалық округінде дрон жарықшақтарынан алты адам (арасында төрт жасар бала бар) зардап шеккен. Домодедовода 38 жастағы ер адам қаза тауып, тағы үш адам жараланып, ауруханаға жеткізілген. Раменскіде бес адам медициналық көмекке жүгінген. Воробьёвтың айтуынша, олардың денесіне жарақат түспеген, тек стресс алғаны байқалған.
"Новости" агенттігі Домодедовода қаза тапқан адам мен зардап шеккен тағы екі кісі "Мираторг" компаниясының жұмысшылары екен деп хабарлады. Округ әкімдігі дүйсенбі күні таңертең "Мираторг" компаниясының автотұрағы дрон шабуылы салдарынан өртенгенін хабарлады.
Воробьёв дрон қалдықтары Раменскіде көпқабатты тұрғын үйге құлап, кемінде жеті пәтерге зиян келтіргенін айтты.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин телеграм-каналында әуе шабуылынан қорғану күштері Мәскеуге ұшып бара жатқан 70-ке жуық украиналық дронды жойған деп жазды. Ол сондай-ақ Домодедов көшесіндегі көпқабатты үйдің шатырына дрон қалдықтары түскенін растады.
11 наурыз таңертең Раменск, Серпухов, Кашира, Коломна, Воскресенск және Домодедово тұрғындары жарылыс болғанын хабарлады, деп жазды ASTRA басылымы. Қала мэрі Собянин бірнеше ауданда дрон қалдықтары құлағанын растады. Кейінірек Воробьёв Зарайск, Серебряные пруды, Воскресенск, Луховицы, Бронницы, Ленинск, Подольск, Электросталь және Котельниково сияқты елді мекендерден дрондар туралы хабарлар түскенін айтты.
Мәскеу мен Мәскеу облысында тұратын жұрт тұрғын үйлерге түскен дрондар туралы фото мен видеолар жариялады. Раменскідегі көпқабатты тұрғын үйге дрон құлап, жоғарғы қабатында өрт шыққан.
Раменскіде дрон шабуылынан кейін екі қабатты тұрғын үй өртенгенін ASTRA хабарлады. Бұған қоса Видный қаласындағы көпқабатты үйлерге зиян келгені туралы ақпарат тарады.
Мәскеу маңында болған жарылыстар туралы видеоларды украиналық телеграм-каналдар да көп жариялап жатыр.
Жуковский мен Домодедово әуежайлары дрон шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты, деп хабарлады Росавиация мекемесі. Кейін Внуково әуежайы да рейстер қабылдамайды және ұшырмайды деген ақпарат тарады.
"Мәскеу темір жолы" компаниясының өкілдері Домодедово станциясында теміржол инфрақұрылымы зақымданды деп хабарлады.
Мәскеуден бөлек, Рязань қаласының тұрғындары да дрон шабуылы жайлы хабарлады. Онда "Дягилево" әскери аэродромына шабуыл жасалды деп айтылды. Рязань облысының губернаторы Павел Малков өз телеграм-каналында әуе шабуылына қарсы күштер дрон шабуылын тойтарғанын жазып, ешкім зардап шеккен жоқ, тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да бүлінбеді деп хабарлады.
Липецк облысында М-4 трассасына дрон құлап, салдарынан Владимир қаласының тұрғыны жараланған, бірнеше көлік зақымданған. Бұл туралы облыс губернаторы Игорь Артамонов мәлімдеді.
Ресей қорғаныс министрлігінің есебі бойынша, өткен түні Ресей аумағында 337 дрон атып түсірілген: 91 – Мәскеу облысында, 126 – Курск облысында, 38 – Брянск облысында, 25 – Белгород облысында, 22 – Рязань облысында, 10 – Калуга облысында. Сондай-ақ Липецк, Орел, Воронеж және Нижегород облыстарында 1-ден 8-ге дейін дронды қағып түсірген.
Бұл Украина тарапынан Мәскеу мен Ресейге жасалған ең ірі дрон шабуылы, деп хабарлады "Агентство" басылымы.
Филиппиннің экс-президенті Родриго Дутерте халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) пәрменімен ұсталды

Филиппин елінің бұрынғы президенті Родриго Дутерте адамзатқа қарсы қылмыстарға байланысты қозғалған іс бойынша ұсталды. Мұндай ақпаратты ресми құжаттарға сүйеніп Manila Bulletin басылымы жариялады.
11 наурыз күні таңертең Гонконгтен ұшып келген Дуарте Манила әуежайында Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) қаулысы бойынша ұсталды, деп хабарлады Филиппин президентінің кеңсесі. Қаулының көшірмесі Интерполдың Маниладағы бөлімшесіне түскен.
ХҚС 79 жастағы Родриго Дутерте мен басқа да бірқатар тұлғаға қатысты істі тексеріп жатыр. Олар есірткі саудасына қарсы күресті желеу етіп адамдарды сотсыз-тергеусіз атып өлтіруге және басқадай құқық бұзу іс-әрекеттеріне қатысқан деген күдікке ілінген.
Филиппиндік құқық қорғаушылар Родриго Дуарте елде сотсыз-тергеусіз атып өлтірілген алты мыңнан астам адамның өліміне кінәлі деп есептейді. Дуарте есірткі саудагерлері мен есірткіге тәуелді адамдарды жазалауға ашық түрде шақырып, тіпті үш есірткі сатушыны өз қолымен өлтіргенін айтқан.
Родриго Дутерте 2016 жылдан бастап 2022 жылға дейін Филиппин президенті болып қызмет атқарды. Қазір оның қызы Сара Дутерте-Карпио вице-президент қызметінде отыр, ақпан айында оған импичмент жарияланған. Елдің қазіргі президенті – кіші Фердинанд Маркос. Сайлаудан кейін Сара Дутерте Карпио екеуі саяси көзқарасына байланысты бір-бірінен алшақтаған.
Родриго Дутерте президент болып тұрған кезде Филиппин халықаралық қылмыстық сотты құрған Рим статутынан шығып кеткен еді.
Германияда әуежайлар ереуілдеп, үш мыңнан астам рейс бөгелді

Дүйсенбі, 10 наурыз күні Германияның 13 ірі әуежайында жерде қызмет көрсететін, мемлекеттік сектор тарифтері бойынша еңбекақы алатын жұмысшылар бір күнге жұмысын тоқтатты. Қызмет көрсету саласы жұмысшыларының Ver.di кәсіподағы ұйымдастырған ереуіл былтырғы жылдың басында басталған, бұл соның бір кезеңі.
Кәсіподақ жалақыны 8 пайыз немесе айына кемінде 350 еуроға арттыруды, оған қоса түнгі мезгілде, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін жоғарырақ өтемақы төлеуді, тәжірибеден өтушілер мен оқушыларге айына 200 еуро артық төлем жасауды талап етіп отыр. Сонымен қатар, ай сайын қосымша үш демалыс берлсін дейді кәсіподақ.
Ереуіл салдарынан 3500-ден астам ұшақ рейсі тоқтатылып, шамамен 560 мың жолаушы жолдан қалды. Берлин, Мюнхен, Штутгарт, Кельн, Франкфурт, Дюссельдорф, Дортмунд, Ганновер, Бремен, Гамбург, Лейпциг, Карлсруэ және Дюссельдорф-Веце әуежайларында ұшақтардың келіп-кетуі тоқтатылды. Кейінгі аталған екі әуежайда тек авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ереуілге қосылды.
Әуе көлігі саласының өкілдері Ver.di кәсіподақ ұйымын "ереуіл жасау құқығын асыра пайдаланды" деп айыптап жатқанын хабарлады rbb медиакомпаниясы. Германияның авиациялық өнеркәсіп федерациясының президенті Йенс Бишоф, аса маңызды инфрақұрылым нысандарында ереуілге дейін міндетті арбитраж болуын қарастыратын заң қабылдауды ұсынды. Осы федерацияның атқарушы директоры Йоахим Ланг кәсіподаққа ереуілдер салдарынан әуежайлар ғана емес, оған қоса әуекомпаниялары, әуежайлардағы мейрамханалар, дүкендер мен қонақүйлер қызметкерлері де табысынан айырылатынын ескертті.
Ver.di кәсіподақ ұйымы егер қойған талаптары орындалмаса, онда Германияда жаңа ереуілдер болады және көлік саласында ғана емес, басқа салаларда да ереуілдерге ұласады деп мәлімдеді. Қазіргі кезде Германияның кейбір қалаларында балабақша, медициналық мекемелер мен қоқыс тазарту қызметкерлері бір мезгілде ереуілдеп жатыр.
Сирия билігі Асад жақтастарына қарсы операция аяқталды деп хабарлады

Бұған дейін Батыс елдері Сирия үкіметіне елдегі азшылық өкілдері – алавиттерді жаппай өлтіруге қатысы барларды жауапқа тартуды талап еткен. Биліктен тайдырылған Башар Асад та осы алавиттерден шыққан.
Сирияның қазіргі билігі бұрынғы президент Башар Асадтың жақтастарына қарсы жүргізілген әскери операция аяқталғанын мәлімдеді деп хабарлады Reuters агенттігі.
Лондонда орналасқан Сириядағы адам құқықтарын қорғау орталығының дерегі бойынша, 9 наурызға дейін шамамен мыңға жуық бейбіт тұрғын өлген: Асадпен байланысы бар қарулы топтардан 250-ден астам сарбаз және жаңа билікті қолдайтын күштерден 230-дан астам қауіпсіздік қызметкері қаза тапқан.
Сирияның қорғаныс министрлігі арнайы қызметтер Латакия мен Тартус провинцияларында Асад режимі қалдықтарының көзін жойды деп хабарлады.
Сирияның қазіргі басшысы, биыл ақпанда осы елде билікке келген, АҚШ, Еуропа Одағы, Ресей және басқа бірнеше елде террористік ұйым деп танылған "Хайят Тахрир әш-Шам" тобының жетекшісі Ахмед әш-Шараа Reuters агенттігіне берген сұхбатында алавиттердің өліміне Асадтың жақтастары мен әлдебір шет мемлекетті айыптаған.
Әш-Шараа Сирияда болып жатқан оқиғаларды елдің бірлігіне қатер төндіру деп атап, кінәлілерді (арасында өзінің одақтастары да бар) жазалауға уәде берді. Сирия басшысы АҚШ-ты Асад режиміне қарсы енгізілген санкцияларды алып тастауға тағы да шақырды. Әш-Шарааның айтуынша, бұл шектеулердің кесірінен ел өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.
Бұған қоса, Сирия басшысы Ресеймен Тартус әскери-теңіз базасы мен Латакиядағы Хмеймим әуе базасы бойынша жаңа шарттар қарастыратын келіссөз жүргізіп жатқанын растады.
Әш-Шараа сондай-ақ Сириядағы азамат соғысы кезінде АҚШ бастаған халықаралық коалиция жағында Асад режиміне қарсы күрескен сириялық күрдтермен арадағы келіспеушілікті шешуге ниетті екенін мәлімдеді.
Кейінірек хабарланғандай, "Сирия демократиялық күштерінің" басшысы Мазлум Әбди мен әш-Шараа келісімге қол қойған, онда күрд жасақтарын Сирияның әскери және азаматтық институттарына интеграциялау қарастырылған.
Сирияны ұзақ уақыт билеп-төстеген Башар Асадтың режимі былтыр желтоқсанда құлағаннан кейін, елде билік басына "Хайят Тахрир әш-Шам" тобы келді. Башар Асад отбасымен бірге Ресейге қашып кетіп, сол елден баспана алды.
АҚШ үкіметі USAID бағдарламаларының 83 пайызын қысқартты

АҚШ үкіметі осы елдің халықаралық даму агенттігінің (USAID) бағдарламаларының 83 пайызын қысқартты. Мұны АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Twitter парақшасында жазды.
Оның айтуынша, жалпы құны ондаған миллиард долларға тең 5200 келісімшарт қысқартылған.
"[Олар] АҚШ-тың негізгі ұлттық мүдделеріне қызмет етпеді (кейбір жағдайда тіпті зиян келтірген)", – деп хабарлады Рубио.
Қысқартудан кейін қалған бір мыңдай бағдарлама АҚШ мемлекеттік департаментінің бақылауына беріледі.
АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) – 1961 жылы Конгресс құрған тәуелсіз америкалық үкіметтік агенттік. Ол АҚШ үкіметінің халықаралық көмек көрсететін негізгі бөлімшесі саналады. Конгресс жыл сайын осы агенттікке әлемнің ең кедей елдеріндегі бағдарламаларды қаржыландыру үшін ондаған миллиард доллар бөліп келген.
Биыл ақпан айының басында АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі мемлекеттік шығындарды қысқартуды көздейтін шаралар аясында АҚШ халықаралық даму агенттігін (USAID) жабуға бағытталған өзгерістер жасамақ деген ақпарат тараған. Халықаралық гуманитарлық ұйымдар ондай іс-әрекеттердің салдары апатты жағдайға апарып соғуы мүмкін деп ескертті.
Ақпанның аяғында USAID реформасының бірінші кезеңінде 4100-ден астам грант қысқартылып, соның арқасында 4,4 миллиард доллар үнемделді деп хабарлады АҚШ мемлекеттік департаменті.
Мемлекеттік департамент жиынтығы 15,9 миллиард доллардан көп, барлығы тоғыз мыңнан астам шетелдік көмек көрсету гранттарының бағамын 15 күн ішінде есептеп шығарған.
Азық-түліктен көмек көрсету, адамның имун жетіспеушілігі вирусы дерті мен туберкулезді емдеу, безгекке қарсы дәрі-дәрмек жеткізу бағдарламаларын қаржыландыру қысқартудан аман екені белгілі болып отыр. Бұған қоса Ливан, Гаити, Венесуэла, Куба және басқа да АҚШ гранттарына аса мұқтаж елдерге көмек көрсету бағдарламалары күшінде қалған.
90 күндік тексеру барысында, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио басқаратын комиссия төтенше көмек беруге қарастырылғаннан басқа USAID гранттарын төлеуді тоқтатқан еді. АҚШ президенті Дональд Трамп Рубиоға "салық төлеушілердің ақшасы Американың қауіпсіздігін, тұрақтылығын және өркендеуін нығайтуға жұмсалатынына" көз жеткізуді тапсырған.
Қазақстанның көп аймағында қар борап, тұман түсті

Демалыс күндері Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы нашарлап, қалың қар жауып, боран болды, оңтүстік өңірлерді тұман басты. Қазгидромет 11 наурызда да ауа райы қолайсыз болады деп ескерту жіберді.
Астананы қалың қар басты. 10 наурыз қар тазалауға 2600 жұмысшы, 1645 арнайы техника шыққан. 9 наурыз түнде коммуналдық қызмет 38 мың текше метр қар шығарған. "Қазгидромет" жел екпіні секундына 15-20, кей жерлерде 23 метрге дейін жетеді деп ескертті.
Ақмола облысындағы трассалар жабық. Ауа райына байланысты қала маңына жүретін автобустар тоқтатылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі елдің әр аймағында боран мен тұманда жолда қалған жолаушылар құтқарылғанын хабарлады.
"Өткен екі тәулік ішінде ауа райының нашарлап, боран, көктайғақ болып, қатты жел тұрып, қалың тұман басуына байланысты төтенше жағдай министрлігі 318 адамды, оның ішінде 62 баланы құтқарып, эвакуациялады. Сондай-ақ 38 автомашинаны қар құрсауынан шығарды" деп хабарлады 10 наурызда төтенше жағдай министрлігі.
Министрлік ауа райы нашарлайтынын айтып SMS-хабарлама жіберіп, әлеуметтік желілерде де тұрғындарды құлақтандырған. Құтқару қызметі Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ұлытау, Павлодар, Абай облыстарында жолда қалған автокөліктер мен автобустарды эвакуациялаған.
Қалың қарға байланысты 9 наурызда Алматы әуежайынан ұшатын кей рейстер шегерілді.
Павлодар, Абай, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында жауын-шашын қар жауып, боран соғады, басқа өңірлерде қалың тұман түседі деген ескерту 9 наурызда жіберлген.
"Қазгидромет" ұлттық метеорологиялық қызметі елдің барлық дерлік өңірінде 11 наурызға дейін қолайсыз ауа райы болатынын ескертті.
Экономист Марк Карни Канаданың жаңа премьер-министрі болады

Канаданың биліктегі Либералдық партиясы жетекшілігіне Англия мен Канада банктерін басқарған Марк Карни келді. Ол қаңтарда биліктен кететінін мәлімдеген Джастин Трюдоның орнына Канаданың келесі премьер-министрі болмақ.
Партия ішіндегі сайлау нәтижесі бойынша, Трюдо кабинетінен тыс додаға түскен жалғыз кандидат Карни 86 пайыз дауыс жинаған. Бұл жөнінде Би-Би-Си хабарлады.
Сайлаудан соң сөйлеген сөзінде Марк Карни Канада ешқашан АҚШ құрамына кірмейтінін мәлімдеді және елді басып алып, оның ресурстарына иелік еткісі келеді деп АҚШ президенті Дональд Трампты айыптады.
Канада ешқашан АҚШ-тың 51-ші штаты болмайтынын қайталап жүрген Джастин Трюдо да қоштасу сөзін сөйлеп елде «экзистенциалдық дағдарыс» басталғанын айтты.
Канаданың жаңа премьері АҚШ-пен тариф жөнінде ауыр келіссөздер жүргізуі тиіс. Бұған қоса биыл өтетін сайлауда ол басшылыққа келген Либералдық партия оппозициядан жеңілуі мүмкін деген болжам бар.
Марк Карни – 2008-2013 қаржы дағдарысы жылдары Канада банкін басқарған экономист. Кейін ол Англия банкін басқарды және Трюдоның экономика жөніндегі кеңесшісі болды. Кейінгі кездері ол Трюдоны экономика мәселесінен алшақтап кетті деп жиі сынап жүрген.
Джастин Трюдо Либералдық партияны 2013 жылдан басқарды, ал 2015 жылы Канада премьер-министрі қызметіне кірісті. Үкіметтегі дағдарысқа байланысты 2025 жылғы 6 қаңтарда ол қызметінен кететінін мәлімдеген.
Бухарестте полиция мен демонстранттар қақтығысты

Румынияның Орталық сайлау алқасы ресейшіл деп саналатын әсіреоңшыл саясаткер Кэлин Джорджескуді мамырда өтетін президент сайлауына кандидат етіп тіркеуден бас тартты. Бұл оның жақтастарының наразылығын туғызып, Бухарестте полициямен қақтығыс болды.
Оны тіркемеу туралы шешімді сайлау алқасы жиынына қатысқан 14 адамның 10-ы жақтаған. Сайлау алқасы Джорджескуді Конституциялық соттың былтыр қарашадағы президент сайлауы нәтижесін жоққа шығару туралы шешімі негізінде осындай ұйғарымға келгенін мәлімдеді. Ол сайлауда көпшілікке онша таныс емес еуроскептик кандидат Джорджеску жеңгені хабарланған еді.
«Конституциялық соттың 2024 жылғы желтоқсандағы шешіміне сәйкес, оның кандидатурасы заң талаптарына сай келмейді» деді сайлау алқасы.
«Демек, сайлау алқасы мүшелерінің ойынша, сайлау процесін қайта бастау кезінде дәл сол адам Румыния президенті лауазымына лайық емес деп санайды» делінген Румыния Орталық сайлау алқасының мәлімдемесінде.
НАТО-ны жақтамайтын, Ресеймен соғыста Украинаны қолдауға қарсы шығатын Джорджеску 4 мамырда қайта өтетін президент сайлауына кандидатурасын тағы ұсынған.
Джорджеску сайлауға қайта түсуге 7 наурызда өтініш берген. Сайлау алқасы өтінішті 48 сағатта қарап, шешім шығаруы керек. Ал Джоржеску 24 сағат ішінде шешімге қарсылық білдіре алады.
Бұл шешім Джорджеску жақтастары наразылығын туғызып, ел астанасы Бухарест орталығындағы Орталық сайлау алқасы ғимаратының алдында ашулы топ пен полицейлер арасында қақтығыс болды.
Джорджескуді жақтайтын демонстранттар көшеде үлкен заттар өртеп, полицияға қарсылық көрсеткен, ал тәртіп сақшылары жас ағызатын газ қолданған.
Кэлин Джоржеску өзін қайта сайлауға әдейі қатыстырмай жатыр деп Румыния билігін айыптады. Ол мұны «демократияға жасаған тікелей соққы» деп атады.
«Айтатын бір ғана сөзім қалды! Егер Румыниядағы демократия құласа, бүкіл демократиялық әлем құлайды! Бұл – тек басы ғана. Өте қарапайым нәрсе... Қазір Еуропа дикатураға, ал Румыния тиранияға айналды!» деп жазды Джорджеску әлеуметтік желідегі постында.
Былтыр 6 желтоқсанда Румыния Конституциялық соты қарашада өткен президент сайлауы бірінші турының нәтижесін жоққа шығару туралы ұйғарымға келген. Ол сайлауда Джорджеску жеңіске жеткен еді. Соттың мұндай қорытындыға келуіне процеске Ресей араласты деген барлау мәліметтері негіз болған. Болжам бойынша, шетелдік күштер әсіресе TikTok-та манипуляция жасап, Джорджескудің жеңуіне ықпал еткен. Бұл айыпты Мәскеу де, Джорджеску де жоққа шығарады.
Қазір Кэлин Джорджескудің ісі тергеліп жатыр. Оған алты пункт бойынша айып тағылған. Оның ішінде елдің конституциялық құрылысын өзгертуге талпыну, сайлау науқаны кезінде жалған ақпарат тарату, фашистік, нәсілдік не ксенофобиялық бағыттағы ұйым құру сияқты ауыр баптар бар.
62 жастағы ауыл шаруашылығы инженері Кэлин Джорджеску бұрын әсіреоңшыл «Румындарды біріктіру альянсына» кірген. Оның мақсаты – Румыния мен Молдованы қосу. Ол президент сайлауына тәуелсіз кандидат ретінде қатысқан. Сайлау кезінде ол Ресейге жақын болуға шақырып, НАТО-ны, Еуроодақты көп сынаған.
Ақ үй: Иранмен мәселені әскери амалдар немесе келісім арқылы шешуге болады

Иран АҚШ президенті Дональд Трамптың ядролық келісім бойынша келіссөз туралы үндеуіне жауап беруден бас тартқаннан кейін сенбі күні Ақ үй Тегеранмен әскери жолмен немесе келісім арқылы да мәселені шешуге болады деп мәлімдеді.
"Иран режимі өз халқы мен азаматтарының мүддесін террордан жоғары қояды деп үміттенеміз" деді Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі өкілі Брайан Хьюз. Оның алдында Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Тегеран келісімге бармайды деп мәлімдеген еді.
Тегеранмен келісімге ашықтығын білдірген Трамп өзінің бірінші мерзімі кезінде қолданған қысым тетіктерін (Иранды ғаламдық экономикадан оқшаулау, мұнай экспортын шектеу) пайдалану кампаниясын іске қосты.
2015 жылы әлемдік елдермен жасалған маңызды келісім Иранға оған дейін салынған санкцияны жеңілдетіп, оның өтеміне Иранның ядролық бағдарламасын шектеген. Бірақ Трамп бірінші президенттік мерзімі кезінде АҚШ-ты бұл келісімнен шығарып, 2018 жылы санкция салуды қайта бастады, бұл Тегеранды тездетіп уран байытуға, ядролық нысандарына халықаралық инспекция жасауды шектеуге мәжбүрлеген.
МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гросси Иран уран байытуды қару-жарақ деңгейіне жақын деңгейге дейін жеделдетуді жалғастырып жатқандықтан дипломатиялық жолдар арқылы бұл әрекетке шектеу қою мерзімі таусылып бара жатыр деді.
Тегеран сонымен бірге баллистикалық зымыран шығару және орналастыру бағдарламасын әзірлеп, оларды таза қорғаныс сипатында дайындағанын айтқан. Батыста оны Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты тудыратын фактор ретінде қарастырады.
Алматы әуежайы қызметкерін кепілге алу ісі: Үш қылмыстық іс қозғалды

Алматы әуежайы қызметкерін кепілге алып, пышақпен қорқытқан ер адамға қарсы үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде polisia.kz сайты хабарлады. Сот оны екі айға қамаған. Ұсталған адамға үш жылдан 12 жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр.
"Пышақ ұстаған ер адам әуежай қызметкерін кепілге алып, рюкзагында "бомба" бар деп жолаушыларды қорқытқан. Аталған факт бойынша үш қылмыстық іс қозғалды: кепілге алу (261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) - мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (293-бабы 3-бөлігі) - 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (273-бабы) - 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру" деп жазылған полиция хабарламасында.
Сайттың хабарлауынша, осы оқиғадан кейін елдегі әуежайлар мен вокзалдардағы қауіпсіздік жүйесі тексеріліп, ондағы осал тұстар анықталмақ, бақылау күшейтіліп, әрекет ету алгоритмі жетілдірілмек.
7 наурыз күні Алматы әуежайында пышақ ұстаған ер адам жолаушыларды тексеру қызметкерін кепілге алған. Мұса Әбдірайым есімді қала тұрғыны тексеруші инспектор болып жұмыс істейтін әйел адамды босатып, оның орнына өзін кепілге алуға келіседі. Мұса Әбдірайым орайы келгенде ер адамның пышағын тартып алады, осыдан кейін кепілге алушы ұсталған.
Осы оқиғадан кейін Мұса Әбдірайым "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Ұсталған адам – 67 жастағы Қазақстан азаматы. Оның бұл қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз.
Алматы полициясының хабарлауынша, ұсталған адам былтыр автобуста бір әйелге шабуыл жасап, желтоқсанда бір жылға бостандығы шектелген.
Солтүстік Корея атом сүңгуір қайық құрастырып жатқанын мәлімдеді

Солтүстік Корея баллистикалық ракета алып жүре алатын ядролық реакторы бар сүңгуір қайықтың құрылысы жөнінде айтты.
Сүңгуір қайығы бар арнайы орынға ел басшысы Ким Чен Ын барды деп хабарлады сенбі күні Кореяның орталық ақпарат агенттігі.
Солтүстік Корея сүңгуір қайық жасап жатқанын алғаш рет ресми түрде мойындап отыр. Алғаш рет бұл ақпаратты былтыр қазан айында Оңтүстік Кореяның барлау қызметі хабарлаған, алайда олар тек болжам жасаған еді.
2024 жылы қаңтарда жоба өте ерте кезеңде болғандықтан Сеулдің барлау қызметі мәселе шынымен де реактор қайығы жөнінде болып отыр ма, жоқ па, деп нақты сеніммен айта алмаған болатын.
2023 жылы қыркүйекте Солтүстік Корея су астынан ядролық соққы жасауға қабілеті бар алғашқы тактикалық сүңгуір қайығын таныстырған еді. Ким сол кезде суасты флоты құрылысын дамытатынын айтқан.
Солтүстік Корея қазірдің өзінде әлемдегі ең үлкен ядролық суасты қайықтарының біріне ие. Елдің флотында әртүрлі мәлімет бойынша 70-тен 90-ға дейін суасты қайығы бар.
Алматыда ұсталған Oyan, Qazaqstan белсенділеріне айыппұл салынды

8 наурызда күндіз Алматыда ұсталған Oyan, Qazaqstan белсенділері Жәнел Шахан мен Ақмарал Жақыбаеваға әрқайсысына 20 АЕК көлемінде (шамамен 79 мың теңге) айыппұл салынды. Бұл жөнінде "Власть" сайты хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, сенбі күні күндіз Алматының Панфилов көшесінде қазір қамауда отырған үш белсенді - Темірлан Еңсебек ("алауыздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылған, соты басталды), Жанар Секербаева ("бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бойынша 10 тәулікке қамалған) және Ақторғын Ақкенжебаласының ("бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бойынша 10 тәулікке қамалған) картоннан қиылған сұлбалары пайда болған.
"Алматыда бұған дейін қамауға алынған белсенділердің суреттері бейнеленген стендтер Панфилов көшесінде пайда болды. Олар 8 наурызбен өтіп бара жатқан адамдарды құттықтауда. Белсенділер Темірлан Еңсебек, Ақторғын Ақкенжебаласы және Жанар Секербаеваның суреттерінің қолында әйелдердің құқықтары сақталып, дауыстары естілуін тілеген құттықтау плакаттары бар" деп жазылған Oyan, Qazaqstan қозғалыстың парақшасындағы хабарламада.
Алматы полициясы "макеттерге ұқсайтын" заттар табылғаннан кейін белсенділер ұсталып, "қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін" әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Ақмарал Жақыбаева қаңтардың соңында да "Сатира - қылмыс емес" деген жазуы бар плакат ұстап, пикет өткізгені үшін әкімшілік жазаға тартылған. Сот ол кезде оны "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 196 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Сот кезінде белсенді өзіне тағылған айыппен келіспей, заң бойынша жалғызадамдық пикет өткізу үшін биліктен рұқсат сұрауға міндетті емес екенін айтқан.
Сирияда жүздеген бейбіт тұрғын қырылған. Қантөгіске билік кінәлі екені айтылып жатыр

Сирия билігі мен оған қарасты топтар бірнеше күнде 600-ден астам бейбіт тұрғынды, соның ішінде әйелдер мен балаларды, негізінен алавит тобына жататын аз дін өкілдерін өлтірді, деп хабарлады елдегі қақтығыстарды бақылайтын Сирия адам құқықтарын бақылау орталығы хабарлады. Оның сөзінен Associated Press агенттігі келтіреді.
Топтың жетекшісі Рами Абдулрахманның айтуынша, бұл қантөгіс Сириядағы 13 жылдан бері жалғасып жатқан азаматтық соғыс барысындағы ең қанды қырғындардың бірі. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді. Аймақтағы дереккөздердің хабарлауынша, күрдтер қолдайтын алавиттер мен үкіметшіл күштер арасында қақтығыс болған.
Қырғыннан ең көп зардап шеккен қалалардың бірі Банияс тұрғындарының айтуынша, мәйіттер көшелерде шашылып жатыр. Тұрғындарға оларды алуға шектеу қойылған. Бір тұрғынның айтуынша, қарулы адамдар тұрғындарға жұма күні оққа ұшқан бес көршісінің мәйітін жинауға бірнеше сағат бойы кедергі жасаған.
Сирияның жаңа үкіметінің өкілдері биліктен қуылған президент Башар Асадтың жақтастары алавиттермен соғысып жатқанын айтты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, билік Асад жақтастарын басып-жаншу кезіндегі «заңсыздықтарды» мойындап, билікті қолдайтын немесе әскери хаос жағдайында қылмыс жасауға ұмтылған ұйымдаспаған қарулы топтарды кінәлады.
Интернетте бейбіт тұрғындарды дарға асу немесе азаптау бейнеленген видеолар тарады. Комментаторлардың айтуынша, құрбандардың көпшілігі аз дін өкілдері, соның ішінде христиандар да бар. Билік кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді, деп хабарлайды "Әл-Жазира" арнасы.
Кем дегенде ондаған бейбіт тұрғын мен Башар Асад үкіметінің бұрынғы мүшелері Латакиядағы ресейлік әскери базаны паналаған, деп хабарлайды арна. Ресейлік әскери Telegram арналарының жазуынша, әскери базада мыңдаған босқын бар, бірақ бұл ақпаратты әзірге тәуелсіз дереккөздер растамады. Ресей билігі жағдайға түсініктеме бермеді.
БҰҰ: әйелдерде еркекке бұйырған құқықтардың тек 64 пайызы ғана бар

БҰҰ Халықаралық әйелдер күніне орай әйелдердің қазіргі жағдайы жайлы есебін жариялады.
Отыз жыл бұрын 189 мемлекет бірігіп, гендерлік теңдікке қол жеткізу жоспарын қабылдаған. Пекин декларациясы деп аталатын бұл жоспар аясында осы күнге дейін әлемде әйел құқығын нығайтуға арналған 1,5 мыңнан астам реформа жүрген.
Бірақ соған қарамастан қазір әйелдерде еркектерге тиесілі құқықтардың тек 64 пайызы ғана бар. Парламенттердегі әйелдердің үлесі екі есе артқанымен, олар жалпы санның тек ширек бөлігін ғана алып отыр. Әлемде 87 мемлекетте ғана әйел басшы болған.
Әйелдердің 10 пайызы немесе 393 млн қыз-келіншек тақыр кедейшілікте, 15 пайызы қақтығыс аймағында өмір сүреді. 2022 жылдан бері қақтығыс аймақтарында жыныстық зорлық 1,5 есе артқан. Мұның 95 пайызында әйелдер жапа шеккен. Тұрмыс құрған әйелдердің бестен бір бөлігі бала кезінде некелескен. Әрбір үшінші әйел ғұмырында физикалық немесе жыныстық зорлыққа ұшырайды.
Африкада 60 миллионға жуық қыз орта мектепті бітіре алмайды. Мұндай мүмкіндік берілген аймақтарда оқудың аттестатпен аяқтаған қыздардың үлесі ұлдардан басым түседі.
Жұмыс орындарындағы гендерлік теңсіздік ондаған жыл бойы өзгермеген: еңбекке жарамдың еркектердің 93 пайызы, әйелдердің 63 пайызы жұмыс істейді. Бірақ сөйте тұра әйелдер үй шаруасындағы жұмысты еркектерге қарағанда 2,5 есе көп атқарады. Олардың мойнына үй жинау, бала қарау секілді ақы төленбейтін жұмыстар артылған.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сөйлеген сөзінде жаңа қатерлердің әсерінен әйелдердің дискриминацияға ұшырауы ушығып жатыр деді.
"Цифрлық құрылғылардың әлеуеті зор болғанымен, олар әйелдердің үнін жиі өшіріп, әділетсіздікті арттырады және харассментті күшейтеді" деді Гуттериш әйел құқығын таптаушыларға, шовинистер мен мизогинистерге төтеп беруге үндеп.
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль тергеу изоляторынан босап шықты

Қызметінен уақытша босатылған Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль 8 наурыз күні тергеу изоляторынан шықты. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
Содан бір күн бұрын Сеул соты Юн Сок Ёльдің өтінішін қанағаттандырып, оны қамау туралы шешімнің күшін жойған. Сот тағылған айыптың мерзіміне сілтеп, прокурорлар іс жүргізу ережесін бұзған деп тапты.
"Ең әуелі Орталық аудандық сотқа заңсыздықты жоюда батылдық әрі табандылық танытқаны үшін алғыс айтқым келеді" деді президент босап шыққан соң.
Юн Сок Ёль 15 қаңтар күні бүлік жасады деген күдікпен ұсталып, кейін қамауға алынған. Бұл іске президенттің содан бір ай бұрын елде әскери жағдай енгізгені түрткі болған. Сөйтіп ол қызметі кезінде қамауға алынған алғашқы Оңтүстік Корея президенті атанды.
14 желтоқсан күні Оңтүстік Корея парламенті екінші талпыныстан соң Юнға импичмент жариялауды қолдап дауыс берді. Оның президенттік құзыретін елдің конституциялық соты қайтарып бере алады. Сот шешімі алдағы күндері шықпақ. Бүлік ісі жөніндегі тыңдаулар әлі жүріп жатыр.
- Былтыр 3 желтоқсанда Юн Сок Ёль парламенттік оппозициямен ұзақ тартыстан соң елге әскери жағдай енгізген. Жарлық парламент жұмысын тоқтатып, наразылықтар мен ереуілдерге, саяси партияларға тыйым салған. Бұл қадам жаппай наразылық тудырып, әскери жағдай тәртібі алты сағаттан соң алынды.
- Әскери жағдай тәртібі жарияланған кезде депутаттар парламентке жиналып, президент жарлығына қарсы дауыс бермек болған. Бастапқыда әскерилер депутаттардың парламентте бас қосуына жол бермеуге тырысқан. Бірақ заң шығарушылар жолын тауып, ғимаратқа кірді де, президент жарлығының күшін жойды. Содан соң әскер казармаларға оралды. Президент Юн Сок Ёль әскерге депутаттарды қамау туралы бұйрық берді деген күдікке ілініп отыр.
- Юнның өзі желтоқсанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыпты жоққа шығарып, мұндай қадамға "үкіметтің жұмысын тұралатқан оппозициядан мемлекетті қорғау үшін" жасауға мәжбүр болғанын айтқан.
Алматыдағы оқиға: кепілге алынған әйелді құтқарған азаматқа "Ерлігі үшін" медалі табысталды

Алматы әкімі Ерболат Досаев қала әуежайында кепілге алынған қызметкер әйелді құтқарып алған Мұса Әбдірайымға "Ерлігі үшін" медалін табыстады. Бұл туралы 8 наурыз күні қала әкімдігі хабарлады. Марапат Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша берілген.
Мұса Әбдірайым бұл медальмен "төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапатталған". Оған сондай-ақ оған ақшалай сыйақы табысталған.
7 наурыз күні Алматы әуежайында пышақ ұстаған ер адам жолаушыларды тексеру қызметкерін кепілге алған. Полиция оқиға орнын қоршауға алған, бірақ іс насырға шабар деп жақындамаған. Сөйтіп қарулы адамға кепілге алынған қызметкер әйелді басқа адамға алмастыру ұсынылған. Мұса Әбдірайым тексеруші инспектор болып жұмыс істейтін бұл әйелді алмастыруға келіскен. Ол орайы келгенде ер адамның қолындағы пышақты жүзі жағынан ұстап, тартып алып, осыдан кейін ер адам ұсталған.
Ұсталған адам – 67 жастағы Қазақстан азаматы. Оның бұл қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Полиция оның үстінен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлады.
Алматы полициясының хабарлауынша, ұсталған адамд былтыр автобуста бір әйелге шабуыл жасап, желтоқсанда бір жылға бостандығы шектелген.
Ресей Украинаның Донецк облысына ауыр соққы жасады. Қаза тапқандар бар

8 наурызға қараған түні Ресей әскері Украинаның Донецк облысындағы Доброполье қаласын атқылап, салдарынан кемі бес адам мерт болған, 15 адам жарақат алған. Бұл туралы облыс әкімшілігінің жетекшісі Вадим Филашкин мәлімдеді.
"Қараңғы түскенде ресейліктер қалаға үш соққы жасады. Алдын ала мәлімет бойынша, төрт көпқабатты үй бүлінген" деп жазды шенеунік үйлердің біріндегі өрттің суретін жариялай отырып.
Соғысқа дейін Добропольеде 30 мыңдай адам тұрған. Қала қазір ауыр шайқас жүріп жатқан Покровскінің солтүстігіне қарай 20 шақырым жерде орналасқан.
Түнде сондай-ақ Ресей дрондары Одессаға да шабуылдаған. Бұл туралы Одесса әкімшілігінің басшысы Олег Кипер хабарлады. Оның сөзінше, соққы азаматтық және энергетикалық инфрақұрылымдарға тиген.
"Қалдықтардың құлауынан өнеркәсіп ғимараты мен жанармай бекеті өртке оранды" деп жазды Кипер жапа шеккендер саны нақтыланып жатқанын атап өтіп.
Соның алдында ғана АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Украинаға "дәл қазір соққы жасап жатқан" Ресейге санкция салу жайын қарап жатқанын мәлімдеген.
Бергей Рысқалиевті аңдыған. Лондон соты Ресей үшін тыңшылық жасады деген Болгария азаматтарын кінәлі деп тапты

Лондондағы алқабилер соты Ресей тапсырысымен тыңшылық жасады деген үш Болгария азаматын кінәлі деп тапты. Бұл үшеу Еуропада Insider медиа жобасының шеф‑редакторы Роман Доброхотов пен журналист-зерттеуші Христо Грозевті аңдып, Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл жасамақ болған. Олар сондай-ақ Атырау облысының бұрынғы әкімі, қазір Ұлыбританияда тұратын Бергей Рысқалиевті де аңдыған. Сот процесі басталған кезде Би-би-си айыптау актісіне сілтеп, экс-әкімді аңду "Ресей мен Қазақстанның байланысын нығайту үшін жасалған. [Қазақстан] билігіне саяси оппоненттерінің қудаланғаны тиімді болуы мүмкін" деп жазды.
Сондай-ақ, бұл топ өзара әңгімесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы жайлы жалған гей-порно жасамақ болған. Бұл туралы осыған дейін Telegraph жазған. Басылымның хабарлауынша, бұл топ Қазақстан президентінің ұлына оны романтикалық немесе жыныстық қатынасқа тартатын адам жіберу мәселесін де талқылаған. Арнаулы қызметтер "бал тұзақ" деп аталатын осы әдісті әдетте саяси мақсатта қолданады.
Жалған гей-порно жасау ісінде сотталушылар гей-клубтың иесі деген бір адамнан сұхбат алып, оған "Қазақстан президентінің ұлы тұрақты клиенті екенін" айтқызбақ болған. Бұл қаралау қадамының түпкі мақсаты белгісіз. Бірақ Telegraph және Daily Mail басылымдарының жазуынша, бұл тапсырыстардың артында тұр деген адам: "Мұны жарияласақ, Қазақстанда драма болады" деп айтқан. Кейінірек сотталушылар бұл жоспардан бас тартып, Қазақстанның Лондондағы елшілігі алдында "жалған наразылық акциясын" өткізумен шектелуге тоқтаған. Жоспар бойынша, елшілік ғимаратына дроннан шошқа қанын төкпек болған. Ол үшін тіпті сынақ өткізіп, шошқа қанының сұйықтығы қандай болуы қажетін анықтаған.
Айыптаушылардың айтуынша, топқа тапсырыс беруші – Wirecard төлем жүйесінің бұрынғы операциялық директоры Ян Марсалек.
Британ прокурорларының сөзінше, Болгария азаматтары 2020 жылғы тамыз 2023 жылғы ақпан аралығында Ресей арнаулы қызметтерінің тапсырысы бойынша ақпарат жинаған, тыңшылық жүргізген.
Тыңшы тобына кемі алты адам кірген. Алқабилер Ваня Гарберованы, Катрин Иванованы және Тихомир Иванчевті кінәлі деп тапты деп хабарлады Азаттықтың Болгар қызметі. Қалған үшеуін сот осыған дейін кінәлі деп тапқан.
Иванова тыңшылықтан бөлек бірнеше жалған куәлік ұстағаны үшін де сотты болған. Айыптау актісіне қарағанда, барлығы да орындаған тапсырмалары үшін ақша алған.
Трамп Ресейге санкция салуды қарастырып жатқанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға "дәл қазір соққы жасап жатқан" Ресейге санкция салу жайын қарап жатқанын айтты. Бұл – оның президенттікке келгелі Мәскеуді қатты сынай сөйлеген алғашқы мәлімдемесі. Осы арқылы ол Мәскеуді бітімге келтіріп, қантөгісті тоқтатуға болады деп есептейді.
Трамп Truth әлеуметтік желісінде мынадай жазба қалдырды: "Ресей дәл қазір майдан алаңында Украинаға "шабуыл жасап жатқанын" негізге алсақ, атысты тоқтатуға қол жеткізбейінше және бейбітшілік туралы соңғы келісімге келмейінше Ресейге ірі көлемде банк және тариф санкцияларын салуды қарастырып жатырмын. Ресей мен Украинаға қарата айтамын, тым кеш болып кетпейінше дәл қазір келіссөз үстеліне отырыңыздар".
Өткен түні Ресей Украинаның энергетика инфрақұрылымына жойқын соққы жасаған. Осыған байланысты Украина президенті Владимир Зеленский одақтастарын Ресейге тізе батырып, соғысты тоқтатқызуға, ол үшін алдымен әуе мен теңізде атысты доғаруға қол жеткізуге шақырған.
Әлеуметтік желіде жариялаған постында Зеленский Ресей өткен тәулікте 70 қанатты және баллистикалық зымыран атқанын, 200 дрон жібергенін айтты. Бұлардың барлығы елдің түрлі энергетика нысандарын, кейбірі тұрғын аударды көздеген. Зеленский бұл шабуылдан адам шығыны болған-болмағанын нақтыламады.
"Шынайы бейбітшілікке апарар бірінші қадам – бұл соғыстың негізгі көзін, яғни Ресейді, адам өміріне қарсы бағытталған осындай шабуылдарды тоқтатуға мәжбүрлеу" деп жазды Зеленский.
Трамп тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға мәжбүрлеу үшін нақты қандай шара қолданатынын айтпады. Ол 2025 жылы 20 қаңтарда қызметіне кіріскеннен бірнеше күн өткен соң бір сөзінде ол Ресейді бітімге көндіру үшін "салық, тариф және басқа да санкциялар" салуы ықтимал екенін айтқан. Бірақ бұдан әрі нақты ештеңе болмады.
Мұның алдындағы апталарда АҚШ пен Украина арасында дипломатиялық қақтығыстар болды. 28 ақпандағы Ақ үйде болған кездесуде Трамп пен Зеленский тәжікелесіп қалып, артынша АҚШ президенті Украина басшысы "бейбітшілікке дайын емес" екенін айтқан.
Зеленский Ресейге тізе батырып, әуе мен теңізде шабуылды тоқтатқызуға шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский одақтастарын Ресейге тізе батырып, соғысты тоқтатқызуға, ол үшін алдымен әуе мен теңізде атысты доғаруға қол жеткізуді сұрады. Мұның алдында ғана Мәскеу энергетика және газ инфрақұрылымын көздеп, Украинаның түрлі аймағына зымыран және дрон жаудырған.
7 наурызда әлеуметтік желіде жариялаған постында Зеленский Ресей өткен тәулікте 70 қанатты және баллистикалық зымыран атқанын, 200 дрон жібергенін айтты. Бұлардың барлығы елдің түрлі энергетика нысандарын, кейбірі тұрғын аударды көздеген. Зеленский бұл шабуылдан адам шығыны болған-болмағанын нақтыламады.
Соңғы күндері Вашингтоннан бейбіт келісімге шақырған дипломатиялық қысым күшейген. Келесі аптада Украина делегациясы АҚШ өкілдерімен бітім келісімінің жай-жапсарын талқылау үшін Сауд Арабиясына барады.
"Шынайы бейбітшілікке апарар бірінші қадам – бұл соғыстың негізгі көзін, яғни Ресейді, адам өміріне қарсы бағытталған осындай шабуылдарды тоқтатуға мәжбүрлеу. Және мұны бақылауға болады. Әуеде тыныштық орнатып, зымыран, алысқа ұшатын дрон және авиабомбаны қолдануға тыйым салу керек. Бұған қоса қалыпты теңіз тасымалының шынайы кепілі – теңізде тыныштық орнату. Украина бейбітшілікке қадам жасауға әзір, бұл соғыстың бірінші күнінен бастап бейбітшілікке ұмтылып отырған басты ел – Украина" деп жазды Зеленский.
Бұл соққы – 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргелі елдің энеретика инфрақұрылымына жасалған 30-шы ауқымды шабуыл. Сол арқылы Ресей Украинаның аса маңызды энергетика нысандарын істен шығарып, әлсіретуді көздейді. Соңғы екі аптада Ресей Одесса аймағындағы энергетика нысандарын оқтын-оқтын шабуылдады.
Украина әуе күштерінің мәліметі бойынша, шабуыл түнгі сағат 3-те басталған. Осы уақытта Ресей Қара теңізден "Калибр" қанатты зымырандарын ұшыраған. Содан соң "Кинжал" гибердыбыстық зымырандарын тасымалдайтын "МИГ-31К" әскери ұшағы ұшып келгені жөнінде дабыл қағылған.
Бұған қоса, Ресей күштері жүздеген дрон ұшырған.
Зеленскийдің айтуынша, шабуылды тойтару үшін Франция берген F-16 және Mirage-2000 ұшақтары қолданылған. Бұл ұшақтар – Франция президенті Эммануэль Макрон 2024 жылғы маусымда берген көмектің бір бөлігі.
7 наурыздағы шабуылдан соң Польша әуе қорғаныс күштерін іске қосып, жойғыш ұшақтарын әуеге көтерді. Польша қарулы күштерінің мәліметі бойынша, Ресейдің әуедегі белсенділігіне байланысты Польша мен оның одақтастары кез келген қауіпке дайын болып, шабуылдың бетін қайтару үшін мониторинг жүргізген.
Украинаның мемлекеттік "Нафтогаз" компаниясы оның инфрақұрылымына 17-рет түрлі құралдармен шабуыл жасалғанын растады.
Компанияның бас директоры Роман Чумак газ өндіретін өндіріс нысандары қатты зардап шеккенін, бірақ қазір қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады.
Ресей Украинаның энергетика және газ инфрақұрылымына шабуыл жасады

Ресей әскері Украинаның энергетика мен газ инфрақұрылымына ракета және дрондармен шабуыл жасады деп хабарлады Украинаның энергетика министрі Герман Галущенко.
"Украинаның әртүрлі аймағындағы энергетика және газ инфрақұрылымы тағы да зымыран мен дрондармен жаппай атқыланып жатыр. Құтқарушылар мен энергетиктер мүмкіндігінше соның салдарын жоюға күш жатыр. Энергия мен газбен қамтамасыз етуді тұрақтандыру үшін барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр" деп жазды ол Facebook-та.
Оның пікірінше, Ресей энергетика және газ өндіру нысандарын атқылау арқылы "қарапайым украиндарға көбірек зиян тигізуге тырысып жатыр”.
Министр азаматтарды әуе шабуылы кезінде сыртқа шықпауға кеңес берді.
Харьковта азаматтық инфрақұрылым нысанына соққы жасалған. Қала мэрі Игорь Тереховтің сөзінше, соққы тиген жерден өрт шыққан. Көп қабатты тұрғын үй бүлінген, аумақтан тұрғындар эвакуацияланған. Кейінгі мәлімет бойынша, 8 адам зардап шеккен.
Полтава облысында жеке тұрғынүйге ракета бөлшегі құлаған. Екі адам зардап шеккен, бірі - бала. Екі жеке үй мен газ құбыры бүлінген деп хабарлады облыс әкімшілігі.
Тернополь облысында "маңызды өнеркәсіп нысаны" атқыланған. Облыс әкімшілігі газбен қамтамасыз етуде ақаулар болуы мүмкін екенін ескертті. Чернигов облысында шабуылдың нәтижесінде өндіріс нысандарының бірі бүлінген.
Алматы әуежайында ер адам әуежай қызметкерін кепілдікке алған

Бүгін, 7 наурызда әлеуметтік желіде ер адамның бір қолымен әуежай қызметкерінің шашынан тартып, екінші қолымен айналасына пышақпен сес көрсетіп жатқаны байқалатын видео тарады. Ер адам видеода басқаларға “жақындамаңдар” деп қорқытады. Видео 7 наурызда Алматы әуежайында түсірілген деп айтылды.
Алматы әуежайының баспасөз қызметі оқиғаны растады. Оқиға 7 минутқа созылған. Ізінше одан суық қару тәркіленіп, ұсталған.
“Сағат 11:45-те жолаушы кейпіндегі ер адам ішкі терминалдағы тексеріс аймағына жақындады. Авиация қауіпсіздігі қызметінің өкілдері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған кезде ол қызметкерді шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастады. 7 минуттан кейін ер адам қарусыздандырылды. Қазіргі уақытта ер адам желілік полиция бөлімінде” деп хабарлады әуежай өкілдері.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Күдіктінің аты-жөні айтылмайды.
Бұған қоса, күндіз Алматы әуежайында қылмыскерді ұстауға көмектескен ер адам мемлекеттік наградаға ұсынылғаны белгілі болды. Президенттің баспасөз хатшысы желідегі парақшасында осылай деп жазды.
“Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды” деді баспасөз хатшысы.
Козачков телеграм-арнасының жазуынша, ол полиция қызметкері емес – оқиға орнына кездейсоқ тап болған және [қызметкерді босатып], өзін кепілдікке алуды ұсынған. Видеода оның пышақты үшкір жағынан жылдам тартып алғаны көрінеді.
NYT: Ақ үй бірқатар ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі бірқатар ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салатын құжатты әзірлеп бітті. Бұл жөнінде бірнеше дереккөзге сүйенген The New York Times басылымы жазды. Ақпаратқа қарағанда, Трамптың бірінші президенттігі кезіндегі шектеулерге қарағанда бұл жолғысы ауқымдырақ.
Дереккөздің мәліметінше, азаматтары АҚШ-қа кіре алмайтын елдердің "қызыл тізімі" жасалмақ. Олардың қатарында Куба, Иран, Ливия, Солтүстік Корея, Сомали, Судан, Сирия, Венесуэла және Йемен бар. Бұл топқа Ауғанстан да енгізілуі мүмкін.
Осыған дейін Reuters агенттігі келесі аптадан бастап Пәкістан мен Ауғанстан азаматтары АҚШ-қа кіре алмауы мүмкін деп жазған еді.
Бұдан бөлек, "қызғылт тізім" де жасау ұсынылып жатыр. Оған енген ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне толық тыйым салынбайды, бірақ белгілі бір шектеулер болады.
"Сары тізімге" енетін елдерге АҚШ "кейбір кемшіліктерді" жоюға 60 күн бермек. Айталық, бұл АҚШ-қа баратын азаматтар туралы ақпарат беру туралы талап болуы мүмкін. Егер кемшіліктер түзетілмесе, ол елдер "қызғылт" немесе тіпті "қызыл" тізімге де енгізілуі мүмкін.
NYT жазуынша, аталған шектеулердің визасы бар, сонымен бірге тұрақты тұруға рұқсат алған азаматтарға қатысы бар-жоғы белгісіз.
Трамптың бірінші президенттігі тұсында енгізілген шектеулер мен тыйымды онан кейін Ақ үйге келген Джо Байден инаугурациядан кейін бірден жойған еді.
ПІКІРЛЕР