Accessibility links

Израиль Газадағы құрлық соғысын бастап кетті


Израиль әскери дәрігерлері жараланған сарбазды Беер-Шев қаласындағы ауруханаға жеткізуде. 4 қаңтар 2009 жыл.
Израиль әскери дәрігерлері жараланған сарбазды Беер-Шев қаласындағы ауруханаға жеткізуде. 4 қаңтар 2009 жыл.

ХАМАС ұйымының қуғында жүрген көсемі Халед Машаальдің Израильдің Газада құрлықтағы соғысын жүргізуі “барып тұрған қателік болады” деп ескертуіне қарамастан, Израиль армиясы ХАМАС ұйымына қарсы құрлық операциясын бастады. Оған қоса Израиль армиясы “екінші майдан ашуға” да дайын.

Жексенбіде Израиль армиясының танктері мен жаяу әскері Газа аймағында ХАМАС ұйымының жасақтарына қарсы құрлықтағы соғысын жалғастырды. Израильдің бір апта бойы әуеден бомбалық соққы беруі ХАМАС тобының зымырандық атқылауын тоқтата алмады. Сенбі күні кешкісін басталған құрлықтағы шайқастың барысында, бір ақпар бойынша, Израильдің 30 жауынгері, өзге мәілімет бойынша 20 жараланды, екеуі ауыр халде, қалғандары жеңіл және орташа ауыр жараланған. Израильдің қорғаныс армиясының баспасөз-қызметі 9 жауынгер қаза тапты деген хабарды теріске шығарды.
Әуеден соғыс ұшақтары қолдаған Израиль танктері Газа жеріне терең бойлап кіріп, соңғы мәлімет бойынша, Газа қаласын қоршап алды.
Израильдің жаяу әскері 8 палестиналықты, оның ішінде ХАМАС-тың 5 өкілін оққа ұшырды. Палестина жағының мәліметіне қарағанда, Израильжің әуе соққылары басталған күннен бері қаза болған палестиналықтардың саны 450-ден асты.
Израильдің қорғаныс министрі Эхуд Барак ХАМАС тобына қарсы соғыс не тез, не жеңіл болмайды деп мәлімдеді. Э.Барактың сөзіне қарағанда, Ливанмен арадағы солтүстік шекара бойыда “екінші майдан ашуға” армия дайын.
Газадағы соғыс қимылдары басталысымен шийттердің “Хезболла” тобы мен Ливанның басқа да бітіспес ұйымдары Израильмен арада соғысқа кірісуге әзір екендерін бірнеше рет мәлімдеген болатын.
Израильдің құрлықтағы соғыс операциясының басты мақсаты – ХАМАС тобының өкілдері Израильдің Ашкелон және Сдерот қалаларын зымырандармен атқылайтын аудандарға бақылау орнату.

Израиль ХАМАС-тың инфрақұрылымдарын жоя алмаған

Израиль Газа аймағында құрлықтағы соғыс операциясын жүргізуі “барып тұрған қателік болады”. ХАМАС ұйымының қуғында жүрген көсемі Халед Машааль осылай деп ескертті. Саясаткердің бейнетаспаға жазылған осы ескертуі Әл-Джазира телеарнасының эфирінен берілді. Дамаскі қаласында тұратын Машааль Израильдің әуе соққыларынан ХАМАС-тың инфрақұрылымдарына нұқсан келмегенін мәлімдеді.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Газа бойынша шешім қабылдамады

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің Газадағы ахуал бойынша өткен төтенше мәжілісі нәтижесіз аяқталды. Францияның БҰҰ-ндағы елшісі Морис Риппер хабарлағандай, Кеңестің мүшелері Газа аймағындағы соғысты дереу доғаруға шақыратын арнайы мәлімдеменің мәтіні бойынша ортақ пікірге келе алмады. Қаңтар айында Қауіпсіздік Кеңесінде Франция төрағалық етеді.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Израильдің Газадағы соғысына қарсы

БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ки Мун Израильді Газадағы соғыс қимылдарын дереу доғаруға шақырды. Израиль премьері Эхуд Ольмертпен телефон арқылы сөйлескенінде Бас хатшы Газадағы бейбіт халықтың тағдырына қатты алаңдайтынын мәлімдеді.
Өз тарапынан АҚШ Израиль жерін атқылау тыйылған жағдайда ғана мейлінше тез бітімге келуге болатын мәлімдеді. Сонымен қатар ресми Вашингтон Израильді бейбіт халықты қыруға жол бермеуге шақырды.
БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан Израиль басқыншылығына сын айтылатын Қарар қабылддату үшін Нью-Йоркке Палестина автономиясының төрағасы Махмуд Аббас пен бірқатар араб елінің сыртқы істер министрлері келіп жетті.

Еуропа елдері Израиль басқыншылығына наразы

Сенбі күні Еуропа қалаларында Израиль басқыншылығына қарсы наразылық шерулеріне 10-даған мың адам шықты.
Лондонда Израильдің Газадағы соғыс операциясына қарсы 2 наразылық митингісі 15 мың адам жинады. Париж көшелерімен 20 мыңнан астам шерулеп өтті. Шерушілердің кейбірі Израильдің туы мен автокөліктерді өртеп, дүкендердің терезелерін тас атып қиратты.
Наразалық шаралары Түркия астанасы – Анкарада, Голландияның Амстердамында, Германияның үш қаласы – Франкфурт, Дюссельдорф, Берлинде, Аустрияның Зальцбургінде, Швецияның Малме және Уппсала қалаларында және Грекия астанасы – Афинада болып өтті.
XS
SM
MD
LG