Ауған президенті Хамид Қарзай Гуантанамодағы АҚШ әскери түрмесін жабу жөніндегі Құрама Штаттар президенті Барак Обаманың жарлығын қызу қуаттады. Бейсенбі күнгі таратқан мәлімдемесінде Қарзай: “Бұл қадам лаңкестікке қарсы күресті күшейтіп, оған барлық елдерді жұмылдыратын болады”,- деді. АҚШ Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон бейсенбіде Қарзайға телефон шалып, лаңкестікке қарсы бірлесе күресу мен қос ел байланыстарын ақылдасты.