Accessibility links

Оппозицияның бұрынғы жетекшісі Мұхтар Әблязов 20 қаңтарда ғана Назарбаевпен кездескен еді, енді ол қызметінен айрылды


Тұран Әлем Банкінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов.
Тұран Әлем Банкінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов.

«БТА Банк» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы М. Әблязов пен басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ж.Жәрімбетов қызметтерінен кетірілді. Әблязовтың атынан жарияланған мәлімдемеде үкіметтің бұл қадамы - «мемлекеттік рейдерлік» делінген. Оншақты күн бұрын ғана Әблязов Ақордада қабылдауда болған еді.

Дүйсенбі күні Астанада өткен үкімет отырысында бас министр Кәрім Мәсімов Қазақстанның Қаржылық мекемелер және қаржы нарығын бақылау мен реттеу агенттігінің шешімімен «БТА Банк» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әблязов пен басқарма төрағасының бірінші орынбасары Жақсылық Жәрімбетов атқарып отырған қызметтерінен кетірілгенін хабарлады.

«Банк басшылығы іс-әрекеттері қазіргі заңдылық талаптарына және салымшылар мен банк кредиторларының мүддесіне сай еместігіне байланысты қызметтерінен босатылғанын» айтты К.Мәсімов.

Жақында ғана президент Н.Назарбаев Мұхтар Әблязовты қабылдаған болатын. Кездесуде әлемдік дағдарыстың Қазақстанға тигізер әсері туралы сөз болған. Әблязовтың айтуынша, Қазақстанның дағдарысқа қарсы тұра алар күш-қабілеті бар.

Мемлекет «БТА Банк» акциялары пакетінің 78,14% иеленбекші. Ол үшін әрқайсысы 8401 теңге тұратын жалпы саны 30 млн-ға жуық жай акциялар шығару туралы шешім қабылданды. Оның барлығын үкіметтің атынан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры сатып алмақ. Осылайша банк 251 млрд теңгеге ($2 млрд 57 млн) қосымша қаржыландырылады.

Өткен аптаның жұма күні түс ауа Қазақстан қаржы биржасында «БТА Банк» акцияларының бағамы 39,99%-ға күрт құлдыраған соң, оның саудасы тоқтатылған болатын. Биржаның мәліметінде, құжат жүзінде биылғы жыл басында банк акциялары шашыраңқы түрде әртүрлі ұйымдардың иелігінде екендігі айтылған, яғни, ешкімнің меншігінде бақылау пакетін құрайтын акциялар саны болмаған.

Арман Дунаев, "БТА Банк" директорлар кеңесінің жаңадан тағайындалған мүшесі. Алматы, 2 ақпан 2009 ж.
- Мемлекет тарапынан «БТА Банк» акционерлік қоғамына берілетін алғашқы транш – 212 млрд. теңге (шамамен $1 млрд 737 млн) бүгін, әрі кеткенде ертең түседі, - деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Арман Дунаев ақпанның 2-сі күні Алматыда. Ол сол күні «БТА Банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалған.

Сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Әнуар Сәйденов «БТА Банктың» басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалғаны хабарланды.

Дүйсенбі күні «БТА Банк» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен шеттетілген Мұхтар Әблязовтың жасаған мәлімдемесі интернет арқылы тарады. Ол үкіметтің бұл қадамына «мемлекеттік рейдерлік», ал шенеуніктерге «экономикалық біліксіздік пен саяси көрсоқырлық танытып отыр» деп баға берген.

«Бүгінгі жағдай банкты күмәнді жолдармен тартып алғысы келген мемлекеттік органдардың үнемі, табанды түрде жасаған әрекеттерінің нәтижесі екенін баршамыз білеміз. 2008 жылғы қазан айында үкімет дауыс беру құқығына ие акциялардың 63%-ын мемлекетке беруімізді талап етті. Біз ондай шешімнің салдары неге әкелуі мүмкін екендігін түсіндірген соң, олардың талабы 25%-ға төмендеді. Дәл сол уақытта елдегі 4 ірі банктермен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бірақ «БТА Банкке» қатысты үкімет өз міндеттемелерін орындамады, банкты мемлекеттік бағдарламаларға қатыстырмады.

Кез-келген әдіспен банкке бақылау орнатуды міндет етіп қойғандар дегеніне жетті. Жекеменшікті тартып алған шенеуніктер өздері аяқтан тұрғызуға еш еңбек сіңірмеген бизнесті басқармақ. Олар өз іс-әрекеттерін ақтау үшін жала жабу және қылмыстық іс қозғау секілді әдеттегі әдіс-тәсілдерін пайдалануы ықтимал" деп ескертеді Мұхтар Әблязов.

Бұл мәлімдемеге байланысты Қазақстанның Қаржылық мекемелер және қаржы нарығын бақылау мен реттеу агенттігінің басшысы Елена Бахмутова: «банк капиталына акциялар эмиссиясын мәжбүрлі жолмен жасау арқылы мемлекеттің енуі – рейдерлік сипатта емес, барлық іс-әрекеттер заң шеңберінде жүргізілді... Әблязов мырзаның меншігінде 10% және одан асатын акциялар пакеті жоқ... Өз мәлімдемесі негізінде ол [Әблязов] банкке ешқандай әсер етпейді» деп атап өтті.

"БТА Банк" - Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер тізімін бастайтын үштіктің қатарында болатын.
Бахмутованың айтуынша, мемлекеттік қадағалушы органның жасаған ескертулеріне қарамастан, «БТА Банк» 2008 жылы «тәуекелі жоғары жобаларды несиелендіруді жалғастырып келген».

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко бұл жағдайлардың барлығы «акционерлердің шамасы жетпеген соң, банктерді қолдау үшін мемлекет тарапынан жасалынып жатқан төтенше шаралар» екенін айтты.

«Өз басым, Қазақстанда мемлекеттік коммерциялық банктерді ұзақ мерзімге құруға қарсымын», - деді Г.Марченко.

Қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «БТА Банкқа» стратегиялық инвестор болуға ынта білдірушілер қарастырып жатыр. Солардың бірі - Ресейдің Сбербанкімен келіссөздер басталды, деп хабарлады «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов ақпанның 2-і күні.

Қазақстандағы екінші деңгейдегі тағы бір қаржы мекемесі - «Альянс банк» өзінің жай акцияларының 76 %-ын 100 теңгеге сатып алу туралы «Самұрық-Қазына» қорына ұсыныс білдіргені туралы 2 ақпанда үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Үкімет бұл банкке 6 ай мерзімге 2,4 млрд теңге (шамамен $200 млн) салым салуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның бас министрі: «негізгі акционерінің бастамасы бойынша жасалып отырған бұл шара банкты мемлекет меншігіне алу дегенді білдірмейді» дегенді қадап айтты.

Премьер-министр К.Мәсімов жоғарыда аталған екі банктың құрылымдарын нақты салаларды несиелендіру үшін пайдалануды ұсынды.

- Біз енді «Альянс банкты» шағын және ортас бизнес пен ауылшаруашылығына бағыттайтын боламыз. Ал Алматы мен Астана қалаларындағы құрылыс саласы мен оны қаржыландыру мәселелері бойынша, бірінші кезекте, «БТА Банкты» өте тиімді пайдалануға болар еді, - деді К.Мәсімов.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG