Accessibility links

Бас редакторы қамауда отырған «Алма-Ата инфо» газетіне қарсы бірнеше сот жүріп жатыр


«Алма-Ата инфо» газетінің өкілі Владимир Воевод. Алматы, 18 наурыз, 2009 жыл.
«Алма-Ата инфо» газетінің өкілі Владимир Воевод. Алматы, 18 наурыз, 2009 жыл.

Наурыздың 18-інде «Алма-Ата инфо» газеті құрылтайшысының апелляциялық шағымын қараған Алматы қалалық сот алқасы бұның алдындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың басылымды уақытша жабу туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Бұдан бұрын, ақпанның 10-ы күні, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Медеу аудандық прокурорының шағымын қарап, «Алма-Ата инфо» газетінің басылуын бір айға тоқтатқан шешім шығарған болатын.

Бұл жолғы сотта басылымның мүддесін қорғаған журналист Владимир Воевод алқа отырысының шешімді дәл осылай өзгеріссіз қалдыратынына күмәнданбағанын айтады.

– Алқа отырысының шешімі әділетсіз болатындығын мен басында-ақ білген болатынмын. Өйткені, алдында басылымды бір айға тоқтату туралы шешім шығарған мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы, шешім шығару барысында, біреулердің көмегіне жүгінгендей әсер қалдырған еді, – дейді ол.

Алғашқы отырыста сот «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің былтыр күзде осы газетте жариялаған материалына сараптама жүргізу туралы өтінішті қанағаттандырған жоқ. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің үстінен редакцияның жасаған шағымын қараудан да бас тартты.

Бүгінгі алқа отырысына басылым өкілдері сол сот-филологиялық сараптама қорытындысын да ала келіпті. «Мақалада ешқандай құпия жария етілмеген» деп атап көрсетілген ол қорытындыда.

– Алайда, ол құжаттарға да қарамастан, алдыңғы инстанцияның шешімі өзгеріссіз, сол қалпында қалды, - дейді Владимир Воевод.

Ал отырысқа қатысқан Жамбыл облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің өкілі журналистерге осы іске қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Газеттің мүддесін қорғаушы Владимир Воеводтың пікірінше, бұл істе саяси астардың болуы да ғажап емес. Өйткені, басылым беттерінде бірнеше рет Бас прокуратураны сынаған мақалалар жарық көрген.

– «Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторы қалалық прокуратурамен болған сот процесінде жеңген болатын. Сондықтан, бұл сындардың барлығы редактордың бүгінгі тағдыры мен газеттің жағдайына әсер етіп отыр деп ойлаймын, - дейді ол.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы, журналист Рамазан Есіргепов газет бетінде ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің орталық органмен арадағы хат жазысулары делінген құжаттарды жариялаған болатын. Мемлекеттік құпияны жария етті деп айыпталған Есіргепов қазір тергеуде.
"Алма-Ата инфо" газетінің өкілдері сот шешімін күтіп отыр. Алматы, 18 наурыз, 2009 жыл.

Айта кету керек, қазір Алматының Медеу аудандық сотында «Алма-Ата инфо» басылымының штаттан тыс тілшісі Асхат Бименбетовке қарсы тағы бір сот процесі жүріп жатыр. Сотқа талап-арыз беруші жергілікті кәсіпкер Валерий Алефриенко былтыр күзде газетте жарияланған өзі туралы мақалада оның ар-ожданына тиетін, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін сөздер айтылғандығын алға тартып, редакциядан аталған мақаланы жоққа шығаруды талап етіп, моральдық өтем ретінде газеттің меншік иесі – «Жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 100 млн теңге (шамамен 667 мың АҚШ доллары) көлемінде айып өндіріп беруді сұрап отыр. Бұл іс бойынша, соттың ендігі отырысы наурыздың 19-ына жоспарланған. Сол күні осы іске қатысты шешім де шығарылады деп күтілуде.

Газеттің басына қара бұлт болып төнген осы жағдайларға қатысты басылымды сақтап қалу үшін Жоғарғы сотқа дейін, одан қала берді БҰҰ-на да шағымданамыз дегенді айтады редакция мүддесін қорғаушы Владимир Воевод.
XS
SM
MD
LG