Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ - ның жұмысы тоқтап қалуы мүмкін

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлемдік қаржы дағдарысына байланысты аталған кәсіпорынның дайын өнімдеріне сұраныс азайып, өнімнің бағасы рекордтық деңгейге дейін құлдыраған. Осыған байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қаржылай қиыншылыққа тап болуда, шұғыл шаралар қабылданбаған жағдайда мұның соңы жұмысшылардың қысқартылуына, кәсіпорын жұмысының жекелей немесе толықтай тоқтатылуына әкелуі мүмкін.

2009 жылдың бірінші тоқсанында дайын өнімді жөнелту өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 120 мың тоннаға азайған. Осы жылдың алғашқы тоқсанында кәсіпорын 100 490 000 АҚШ доллар шығынға ұшыраған. Шығарылатын өнімнің бір тоннасының бағасы 2008 жылдың 1 тоқсанында 781,8 АҚШ доллары болса, 2009 жылдың бірінші тоқсанында 604,2 АҚШ доллары болған. Бұған қоса екінші тоқсанға арналған болжам бағаның әрі қарайғы төмендеуін көресетеді, дайын өнімді жөнелту көлемі де ұлғаймайды, ағымдағы жағдайдың таяуда жақсаруы байқалмайды.

ҚР Еңбек кодексінің 48 бабына сәйкес, жұмысшылардың еңбек жағдайын өзгертуге, 2009 жылдың шілде айынан бастап үш ай көлемінде сыйақы мен басқа кейбір төлемдер түрін қысқартуға шешім қабылданды.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Франк Паннир қазіргі жағдайда мүлдем жұмыс істемеуден гөрі, аз ақшаға болса да еңбек етудің маңызды екенін ескертті.

Басқа да жаңалықтар

Reuters: АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды жұмсарту жоспарын әзірлеп жатыр

Вашингтон Ресейге қарсы санкцияларды жұмсарту жоспарын әзірлеп жатыр. Бұл туралы екі дереккөзіне сілтеп Reuters агенттігі хабарлады.

Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Ақ үй мемлекеттік мемлекеттік департамент пен қаржы министрлігіне Ресеймен дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынасты жақсарту үшін жеңілдетуге болатын санкциялар тізімін әзірлеуді тапсырған.

Сондай-ақ, жекелеген адамдар мен компанияларға салынған санкцияларды алып тастау да қарастырылып жатыр. Мұның ішінде бизнесмендер де бары хабарланды, бірақ ешкімнің аты аталмады.

Дереккөздердің сөзінше, Ресейге қарсы санкцияларды жұмсарту жұмыстары Трамп өткен аптада Қырым аннексиясынан кейін енгізілген шектеулер мерзімін ұзартқанға дейін басталған.

Reuters агенттігінің жазуынша, Трамп санкцияларды жарлық шығарып жеңілдете алады. Бірақ кейбір санкцияларды алу үшін Конгресстің мақұлдауы керек.

Вашингтон санкцияларды жеңілдету орнына Ресейден не талап ететіні белгісіз.

  • АҚШ пен Ресей делегациялары ұзақ үзілістен кейін 18 ақпанда Эр-Риядта және 27 ақпанда Стамбулда келіссөз өткізген. Кейінгі кездесуде АҚШ мемлекеттік департаменті мен Ресей сыртқы істер министрлігі елшілік жұмыстарын жандандыру мәселесін талқылаған. Мәскеу екі ел арасындағы әуе тасымалын да қалпына келтіруді ұсынған.
  • Трамп Ресейге салынған санкцияларды алып тастау мәселесін қозғаған, бірақ нақты мерзімдер мен шарттарды атамаған.

Тәжікстан парламентін сайлау: билік партиясы айқын басымдықпен озды

Тәжікстанды отыз жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан президент Эмомали Рахмон парламент депутаттарын сайлауға дауыс беріп тұр. Душанбе, 2 наурыз, 2025 жыл.
Тәжікстанды отыз жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан президент Эмомали Рахмон парламент депутаттарын сайлауға дауыс беріп тұр. Душанбе, 2 наурыз, 2025 жыл.

Тәжікстанның Орталық сайлау комиссиясы 2 наурызда елде өткен парламенттік сайлаудың алдын ала қорытындысы жариялады. ОСК мәліметі бойынша, биліктегі Халықтық демократиялық партия (ХДП) 51,9% дауыс алған.

Осы жолғы сайлауға өз кандидаттарын тіркеген 6 партияның 5-і партиялық тізімдер бойынша парламентке өтіп, төмендегідей орын алды:

Халықтық демократиялық партия – 12;

Аграрлық партия – 5;

Экономикалық реформалар партиясы – 3;

Демократиялық партия – 1;

Социалистік партия – 1.

Коммунистік партия парламентке өткен жоқ.

Парламенттегі 63 орынға барлығы 220 кандидат таласқан.

Коммунистік партия парламентке өткен жоқ.

Парламенттегі 63 орынға барлығы 220 кандидат таласқан. Парламенттің төменгі палатасын сайлауға дауыс беруге елде тіркелген сайлаушылардың 85,3% қатысты деп хабарлады ОСК.

Елдегі жалғыз оппозициялық партия – Социал-демократиялық партия съезін өткізген жоқ, парламент сайлауына кандидаттар да ұсынбады. Бұл жолғы сайлауға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары қатыспады, тәуелсіз БАҚ-тарға аккредитация берілмеді деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы.

Ақпан айының басында ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ/ЕҚЫҰ) Тәжікстандағы парламенттік сайлауға бақылаушы жібермейтінін мәлімдеген.

"Тәжікстан билігінің халықаралық бақылаушыларды аккредиттеу мәселесінде кепілдік бермеуі, өкінішке қарай, елдегі алдағы парламенттік сайлауды бақылауға бармауға себеп болды", – деп хабарлады ДИАҚБ.

ЕҚЫҰ миссиясы 1990-жылдардан бері Тәжікстандағы сайлауларды бақылап келген және әр кез оларды еркін емес, демократиялық емес және халықаралық стандарттарға сай келмейді деп атаған.

Тәжікстан билігі сондай-ақ сайлау процесін көрсетуге ықылас білдірген жергілікті тәуелсіз және халықаралық БАҚ-тарды аккредиттеуден бас тартты, мәселен, Озоди тілшілерін «аккредитация мерзімі өтіп кетті» деген сылтаумен сайлау барысынан хабар дайындауы мүмкіндігінен айырған. ОСК оларға тек аккредиттелген БАҚ-тардың ақпараттарын немесе ОСК-ның ресми сайтына шыққан хабарламаларды пайдалануды ұсынды. Сайлау процесін жариялауға тек мемлекеттік жергілікті басылымдар мен кейбір ресейлік БАҚ өкілдеріне рұқсат етілді.

Зеленский: бейбітшілік жолында АҚШ-тың қолдауына үміт артамыз

Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Киев соғысты тоқтату үшін АҚШ-пен және еуропалық серіктестерімен жұмыс істеп жатыр, сонымен бірге "бейбітшілікке жету жолында Американың қолдауына" үміт артады. Украина президенті Владимир Зеленский Х әлеуметтік желісінде осылай деп жазды.

"Біз дипломатиямызды шынайы мағыналы етіп, соғысты мүмкіндігінше тезірек аяқтауға тырысып жатырмыз. Америкамен және еуропалық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, бейбітшілікке жету жолында Американың қолдауына зор үміт артамыз. Бейбітшілік керек – мүмкіндігінше тезірек", – деген Зеленский.

Оның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп жоғары лауазымды адамдармен кеңес өткізіп, онда Вашингтонның Киевке беріп жатқан әскери көмегін тоқтата тұруды немесе доғаруды жариялауы мүмкін деген хабар тараған еді. Ондай ақпаратты Ақ үйдегі аты-жөні аталмаған дереккөзге сүйеніп The New York Times жазды, Axios басылымы да жариялаған.

The Wall Street Journal газеті өз дереккөзіне сүйеніп, Трамп әкімшілігі Киевке жаңадан қару-жарақ жөнелтуге қаржы бөлуді тоқтатқан деп жазды. Ондай ресми ақпарат болған жоқ. Дүйсенбі күні Ақ үйде журналистермен болған әңгімеде президент Трамп Украинаға әскери көмек жөнелтуді тоқтатуды әзірше талқыламағанын айтқан.

3 наурызда Трамп Зеленскийдің соғыс аяқталатын мерзім "өте, өте алыс" деген сөзін "ең нашар мәлімдеме" деп сынға алған.

"Бұл Зеленскийдің ең нашар мәлімдемесі, және де Америка бұған ұзақ уақыт төзе алмайды! Айтып жүргенімдей, бұл жігіт бейбітшілікті қаламайды, себебі оның Америкадан қолдауы бар, ал Еуропа бұл жұмысты АҚШ-сыз орындай алмайтынын Зеленскиймен кездескен кезде тікелей айтқан болатын", – деп жазды Трамп Thuth Social әлеуметтік желісінде.

Сейсенбі, 4 наурыз күні кешке президент Трамп Конгресс палаталарына үндеу жасамақ. Президент өзінің екінші мерзімінің алғашқы 43 күнінде атқарылған жұмыстар туралы, сондай-ақ алдағы уақытта не істелетіні жөнінде айтып бермек.

БАҚ: Трамп Украинаға әскери көмек беруді тоқтата тұруды бұйырған

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтата тұруды бұйырғанын Ақ үй өкіліне сілтеп Bloomberg агенттігі хабарлады.

"Президент бейбітшілікке қол жеткізуге бейіл екенін айқын мәлімдеген. Серіктестеріміздің де осы мақсатқа адал болғанын қалаймыз. Бұл мақсатқа жетуге септесіп жатқанына көз жеткізгенше біз көмекті тоқтата тұрамыз және қайта қарайтын боламыз", – делінген мәлімдемеде.

Ақ үй өкілінің айтуынша, бұл бұйрық Трамп Украинаның Ресеймен бейбіт келіссөзге ықыласты екеніне көз жеткізгенше күшінде болмақ.

New York Times газетінің мәліметінше, [Украинаға] қару-жарақ жөнелту және оларды өндіруге берілген тапсырыстар (миллиард доллардан астам қаржыға) тоқтатылады. Бұған қоса Украина АҚШ-тың қорғаныс саласындағы кәсіпорындарынан қару-жарақты тікелей сатып алу үшін арнайы көмек бағдарламасы аясында бөлінетін жүздеген миллион доллардан айырылып қалмақ. Америкалық БАҚ атап өткендей, АҚШ әскери көмек көрсетуін қайта бастау үшін Украина президенті Владимир Зеленскийдің қандай іс-әрекет жасау керектігі белгісіз.

Трамп бұл шешімді Ақ үйде Зеленскиймен кездесіп, оны Ресеймен бейбіт келіссөзге дайын болмағаны үшін сөккен соң үш күннен кейін қабылдады. Дүйсенбі күні Трамп Зеленскийдің Ресеймен соғыс жалғаса беретін шығар деген сөзін қатты сынға алды. "Бұл Зеленскийдің ең нашар мәлімдемесі. Америка бұған енді келіспейді", – деп жазды Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парағына.

Ақпан айында берген сұхбатында Владимир Зеленский америкалық көмек тоқтатылса, оның салдары ауыр болады деген. Оның айтуынша, Украина қолданатын қару-жарақ пен әскери жабдықтардың шамамен 30 пайызын АҚШ қамтамасыз етіп отыр. Украина армиясында бар қару-жарақ қоры шамамен жаздың ортасына дейін қазіргідей қарқынмен шайқасуға жетіп қалады дейді америкалық сарапшылар.

Ресей арнайы қызметі "теракт жасамақ болған" адамды өлтіргенін хабарлады

Ресей Федералдық қауіпсіздік бюросы метроға және Мәскеу түбіндегі еврейлердің қасиетті орнына шабуыл жасамақ болған адамды атып өлтіргенін хабарлады.

Ресей мемлекеттік ақпарат құралдары таратқан баспасөз хабарламасына қарағанда, атып өлтірілген адам Орталық Азия елдерінің бірінен шыққан әрі ол «халықаралық террористердің қолдаушысы болған». Оның қай елден келгені, қандай топқа жақын болғаны нақты айтылмайды.

Арнайы қызметтің болжамы бойынша, күдікті жарылғыш көмегімен теракт ұйымдастырып, соңынан Ауғанстанға қашып кетуге оқталған. Ұстау кезінде ол Федералдық қауіпсізік бюросы қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, атыс болған. Күдікті атыс кезінде өлтірілген.

Мұның алдында арнайы қызмет Псков қаласында Тәжікстаннан келген үш мигранттың «көзі жойылғанын» хабарлаған. Аты-жөні нақтыланбаған бұл адамдар да теракт ұйымдастырмақ болды деген күдікке ілінген.

Кейін Азаттықтың «Мигрант медиа» жобасының тілшілері қаза тапқандар қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін қарапайым адамдар екенін, туыстары олардың терроризмге қатысын жоққа шығарғанын айтқан.

Мәжілістің экс-спикерінің ағасына іздеу жарияланды

Арғын Нығматулин - мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы
Арғын Нығматулин - мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы

Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге іздеу жарияланды. Бас прокуратураның құқықтық статистика порталындағы дерекке сәйкес, хабарламадағы адамның аты-жөні, жеке дерегі сәйкеседі.

Нығматулинге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іздеу салған. Әзірге агенттік те, прокуратура да оның қандай әрекеті үшін күдікке ілінгенін хабарлаған жоқ. Іздеу 3 наурыз күні жарияланған.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Нығматулин А.З. күдікті деп танылды, сот санкциясымен оны қамауға алу жөнінде бұлтартпау шарасы анықталды. Қазақстаннан тыс жерде жүргендіктен оған іздеу салынды" делінген құқықтық статистика органының сайтында.

69 жастағы Арғын Нығматулин 10 жылдай Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы "Жылжымайтын мүлік орталығын", ал 2006-2018 жылдар аралығында Қарағандыдағы "Сарыарқа" хоккей клубын басқарған. Былтыр клуб мемлекет балансына қайтарылған. Сол уақытта прокуратура оның жекеге өту заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлаған. Арғын Нығматулин Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған.

Арғын – ағайынды Нығматулиндердің үлкені. Бауыры Нұрлан Нығматулин 8 жыл Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс төрағасы болды. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өкілетін тоқтатқан.

Нұрланның сыңары Ерлан Нығматулин – кәсіпкер әрі ұзақ жыл мәжілісте және сенатта депутат болған. Forbes Қазақстан журналы 2021 жылы оны елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына қосқан. Былтыр Азаттық радиосы "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінде Нығматулиндердің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ондаған жылжымайтын мүлкін көрсеткен. Ондағы үйлердің бірі Арғын Нығматулиннің әйелі Найле Белбаеваға тиесілі екені айтылған. Арғын Нығматулин Азаттық тілшісіне "қылмыс жасадық па, мен зейнеттегі адаммын, енді қоңырау шалма" деп жауап берген еді.

Арғын Нығматулин іздеу салу ісі бойынша Азаттық сұрағына әлі жауап бермеді.

Макрон Украина бойынша жоспар қандай екенін айтты

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (ортада), Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) және Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа лидерлерінің Украина жөніндегі саммитінде. Лондон, 2 наурыз, 2025 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (ортада), Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) және Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа лидерлерінің Украина жөніндегі саммитінде. Лондон, 2 наурыз, 2025 жыл.

Франция президенті Эммануэль Макрон Le Figaro басылымына Украина бойынша балама бейбіт жоспары туралы баяндап берді. Ол АҚШ пен Ресей келіскен бітімге сенбейтінін, оның орнына Франция мен Ұлыбритания әуеде, теңізде шабуылдауды және энергетика инфрақұрылымын атқылауды бір айға тоқтатуды ұсынады. Ал құрлықтағы шайқастарға мұның қатысы болмайды. "Атысты тоқтатқан жағдайда, оның алдыңғы шепте сақталуын бақылау өте қиын болар еді", – деді Макрон.

Жоспардың екінші тармағы – Украинаға еуропалық бітімгершілік күштерін жіберу, бірақ бейбітшілік келісімі бекітілгеннен кейін.

"Алдағы бірнеше аптада Украина жерінде ешқандай еуропалық әскер болмайды. Мәселе, біз бейбітшілікке қол жеткізу үшін бұл уақытты қалай пайдаланатынымызда, келіссөздер бірнеше аптаға созылады. Сосын бейбітшілік келісімі жасалғаннан кейін, күштерді орналастыру басталады", – деп түсіндірді Макрон.

Ол Еуропа бейбітшілікті қалайды, бірақ "кепілдіксіз емес" деп атап өтті. Украина президенті Владимир Зеленский журналистердің осы жоспар жайлы білесіз бе деген сұрағына "бәрін білетінін" айтып жауап қатты деп жазды ВВС.

Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бейбітшілік жоспары әлі де жетілдірілетін болады, мәселен, оны АҚШ-пен бірге талқылап, бірге жүзеге асырамыз деп мәлімдеген.

"Еуропаның қауіпсіздігі үшін құрлықтың АҚШ-пен тығыз ынтымақтаса жұмыс істегені маңызды", – деді ол. Стармердің сөзінше, жоспарды әзірлеу жұмысы аясында жақын арада жаңа кездесу өтпекші.

2 наурызда Лондонда Украинадағы бейбітшілікке қол жеткізуге арналған саммит өтті. Оған Еуропадағы елдер лидерлері, Украина президенті Владимир Зеленский, оған қоса Түркия, Канада, НАТО және Еуропа одағының өкілдері қатысты. Балтық елдерінің өкілдерін саммитке шақырған жоқ.

The New York Times: Трамп Украина мәселесі жөнінде кеңес өткізеді

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде пікір таластырып отыр. АҚШ, Вашингтон, 28 ақпан, 2025 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде пікір таластырып отыр. АҚШ, Вашингтон, 28 ақпан, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні өз әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкерлерімен, қорғаныс пен қауіпсіздікке жауапты шенеуніктермен кездесіп, Украинаға қатысты саясатты талқыламақ. Мұны Ақ үй әкімшілігінің аты-жөні аталмаған өкіліне сүйеніп, The New York Times хабарлады.

Оның айтуынша, әртүрлі іс-әрекеттер, соның ішінде бұрынғы президент Джо Байденнің әкімшілігі тұсында мақұлданған Украинаға әскери жәрдем беруді, оқ-дәрі мен құрал-жабдықтар жеткізуді тоқтата тұру немесе толық доғару мәселесі талқыланатын кездесуге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен қорғаныс министрі Пит Хегсет те қатыспақ.

Ақ үй ондай кездесу жайлы ресми түрде ештеңе жариялаған жоқ.

28 ақпанда Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі алдын ала жоспарланған келіссөзі көптің көзінше өрбіген дау-дамайдың кесірінен аяқсыз қалғаннан кейін Украина делегациясы Ақ үйден дереу кетіп қалған. Пайдалы қазбаларды өндіру және инвестициялық қор құру туралы алдын ала дайындалған келісімге қол қойылмады. Осыдан кейін АҚШ президенті мен жоғары лауазымды шенеуніктері Украина президентінің Ресеймен бейбіт келіссөздер жүргізуге ықыласты екеніне күмән келтірді. Бұған қоса олар Зеленскийді Трамппен сөз таластырып, оған құрмет танытпады деп сөкті.

Дүйсенбі, 3 наурызда Трамп Truth әлеуметтік желісінде АҚШ енді Ресей президенті Владимир Путиннің іс-әрекетіне алаңдауды азайтып, басқа мәселелерге көбірек көңіл бөлгені жөн деп жазды.

"Біз Путин туралы мазасыздануды азайтуымыз керек, одан гөрі елге келетін зорлықшы мигранттар, наркобарондар, кісі өлтірушілер мен психиатриялық клиникадан шыққан адамдар туралы көбірек ойлануымыз керек, сонда біз Еуропаға ұқсамайтын боламыз!" – деп жазды Трамп. Оның бұл мәлімдемесі Вашингтон мен Мәскеу арасындағы байланыстар жиілеп жатқан шақта жарияланды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ABC арнасына берген сұхбатында АҚШ-тың мақсаты әлі де Украинадағы соғысты тоқтату екенін және Ресеймен кейінгі болып жатқан байланыстар да осы мақсатты көздеп жасалғанын айтты.

Рубионың сөзінше, Трамп "бұл қақтығысты тоқтатудың әдісі барын анықтау үшін Ресейді келіссөз үстелінің басына отырғызуға тырысып жатыр".

"Президент айтқандай, үш жыл бойы жалғасып жатқан бұл сұмдық соғыс, қантөгіс тығырыққа тірелді. Ол оның аяқталғанын қалайды. Оны доғарудың жалғыз жолы – Владимир Путинді келіссөз үстелінің басына отырғызу", – деді Рубио.

АҚШ-тың Ресейге қатысты риторикасының неге өзгергенін осылайша түсіндірген Рубио Вашингтон Мәскеуге "жанжалды бастады" деп кінә тағудан бас тартқанын айтты.

"Біз Владимир Путинге ат қойып, айдар тағуға үш жыл жұмсадық. Қазір бұл маңызды емес. Оларды соғысты тоқтатуға қалай көндіруге болатынын анықтап алуымыз қажет. Ал мұны істеудің жалғыз жолы – ресейліктерді келіссөзге қатысуға мәжбүр ету", – деген Рубионың сөзін келтірген "Америка дауысы" арнасы.

Рубионың айтуынша, АҚШ президенті соғыстың жалғасқанын, мыңдаған адам қаза тауып, миллиардтаған доллар шығын келгенін, адам өлімі мен қиратып-бүлдірулер одан ары көбейгенін қаламайды.

Украина мен Еуропа елдері АҚШ Ресеймен соғысып жатқан Украинаға әскери, қаржылай және саяси қолдау көрсетуден бас тарта ма деп алаңдайды. Еуроодақ бұл мәселеде АҚШ-тың бейбітшілікке кепілдікті қамтамасыз етуі маңызды екенін айтып, Киев пен Вашингтон арасында диалогты қайта бастауға үндеп отыр. Сонымен бірге, жақында Франция мен Ұлыбритания өздерінің бейбітшілікке қол жеткізу жоспарын әзірлеп жатқаны белгілі болды, ол жоспарда Украинада еуропалық күштерді орналастыру қарастырылады.

Зеленский: Мені НАТО-ға алмастыруға болады

Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйдегі кездесу даумен аяқталған соң FoxNews телеарнасына сұхбат берді. 28 ақпан 2025 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйдегі кездесу даумен аяқталған соң FoxNews телеарнасына сұхбат берді. 28 ақпан 2025 жыл.

Украина әлі де АҚШ-пен конструктивті диалог жүргізіп, пайдалы қазбалар жөнінде келісімге қол қоюға дайын. Бұл туралы 2 наурыз күні Лондондағы еуропалық самиттен кейін Би-би-сиге сұхбат берген Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

АҚШ-Украина қарым-қатынасы жайлы пікір білдірген Зеленский Киевтің әріптестері бұл соғыста нағыз агрессор кім екенін ұмытпағаны абзал деді.

Зеленскийдің сөзінше, Ақ үйдегі кездесудің дауға ұласқанынан АҚШ та, Украина да ұтпағанын, оның тек Ресей президенті Владимир Путинге ғана пайдалы болғанын айтты.

Сондай‑ақ ол АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуде айтылған сөздері үшін өкінбейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, АҚШ пен Украина арасындағы байланыс 28 ақпан күнгі кездесуден соң үзілмеген, бірақ байланыс президенттер деңгейінде жүріп жатқан жоқ.

Зеленский Вашингтон шақырса, Ақ үйге әлі де баруға дайын екенін, бірақ сирек минералдар келісімі аясында Путинге Украина жерін беруге көнбейтінін айтты. Оның сөзінше, Трамп әкімшілігі осындай ұсыныс айтқан.

Ақ үйдегі аты шулы кездесуден кейін америкалық республикашыл сенатор Линдси Грэм: "Зеленский не өзгеруі керек, не отставкаға кетуі керек және басқа адамды жіберуі керек" деген. Украина басшысы бұл жөнінде де пікір білдірген.

"Мені НАТО-ға алмастыруға болады" деді Украина президенті.

Зеленский Украинаның НАТО-ға кіргені "президент ретіндегі миссиям аяқталғанын" білдіреді деді.

Еуропа лидерлерінің Лондондағы саммитінің нәтижесі жайлы сұраққа ол: "Ең жақсы қауіпсіздік кепілдігі – мықты украин әскері" деп жауап берді. Оның сөзінше, бұл соғыста Украинаның жеңілгені – Еуропа мен АҚШ-тың жеңілгені.

Зеленский мен Трамптың Ақ үйде журналистер алдында дауласуы 28 ақпанда болған. Украина басшысы Вашингтонға сирек минералдар жөніндегі келісімге қол қоюға барған. Бірақ сол бір кикілжіңнен кейін тараптар құжатқа қол қоймады.

Кездесуден кейін Трамп Зеленскийді АҚШ-ты сыйламайды деп айыптап, Украина президенті "бейбітшілікке дайын болғанда орала алады" деді.

Зеленский АҚШ-қа қолдауы үшін алғыс білдіріп, FoxNews телеарнасына берген сұхбатында Трамп пен америкалықтарды құрметтейтінін айтты. Ол сондай-ақ мұндай "ашық әңгімені" тараптар бір-бірінің ұстанымын дұрыс түсіну үшін содан ертерек өткізу керек еді деді.

Кездесудің алдында Трамп Зеленскийді "сайлау өткізбейтін диктатор"деп айыптап, Украинада оны халықтың тек 4 пайызы ғана қолдайды деген. 25 ақпан күні Украина Жоғарғы радасы Зеленскийдің президент ретіндегі құзыретін келесі сайлау өткенше бекітіп берді. Қаулыда сайлау өткізу мүмкін болмағаны Ресей президенті Владимир Путиннің мойнында екені жазылған.

Лос-Анджелесте "Оскар" сыйлығы табысталды. Үздік фильм – "Анора"

"Анора" фильмінің режиссері Шон Бейкер. Архивтегі сурет.
"Анора" фильмінің режиссері Шон Бейкер. Архивтегі сурет.

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында кино саласындағы мәртебелі "Оскар" сыйлығының жеңімпаздары жарияланды. Үздік фильм – режиссер Шон Бейкердің "Анора" дейтін комедиялық драмасы. Бейкердің өзі үздік режиссер атанды.

"Анора" фильмінде басты кейіпкерді сомдаған Майки Мэдисон үздік актриса атанды. Бұл фильм сондай-ақ "Үздік түпнұсқа сценарий" және "Үздік монтаж" номинациясын да алды.

Брэди Корбеттің "Бруталист" ("The Brutalist") дейтін фильмінде архитектор Лазло Тотаны сомдаған Эдриан Броуди "Үздік актер" деп танылды. "Екінші пландағы үздік ер адам рөлі" номинациясы Киран Калкинге ("A Real Pain") бұйырды. "Екінші пландағы үздік әйел рөлі" сыйлығын "Эмилия Перез" ("Emilia Pérez") фильміндегі рөлі үшін Зои Салдана алды.

Кино академиясы "Үздік бейімделген сценарий" номинациясын Эдвард Бергердің "Конклав" ("Conclave") фильміне берді.

Базель Адра мен Юваль Абрахамның "Басқа жер жоқ" ("No Other Land") дейтін туындысы үздік деректі фильм атанды. "Үздік қысқаметражды деректі фильм" номинациясы "Оркестрдегі жалғыз қыз" ("The Only Girl in the Orchestra") фильмін түсірген Молли О’Брайэнге табысталды.

Үздік толықметражды анимациялық фильм – "Ағыс" ("Flow"). Оны латвиялық режиссер Гинтс Зилбалодис түсірген. Ирандық "В тени кипариса" үздік қысқаметражды анимациялық фильм деп танылды. Оны Хоссейн Молаеми мен Ширин Сохани түсірген.

Америкалық кинематографиялық өнер және ғылым академиясының бұл сыйлығы 1929 жылы тағайындалған. 1940 жылдардан бастап "Оскар" деп аталды. Сыйлық жыл ішіндегі үздік кино туындыларға беріледі.

Маңғыстау облысындағы бір үйде 7 адам газдан уланып көз жұмды

Жексенбі, 2 наурыз күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы бір үйде жеті адам газдан уланып қаза тапты. Оның бесеуі – кәмелетке толмаған бала. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің айтуынша, опат болғандар – бір отбасының мүшелері. Бәрі де оқиға орнында көз жұмған.

"Қаза тапқандар – Қазақстанда уақытша тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары" деді әкімдік.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану ережелерін бұзу салдарынан болған.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде" деді облыстық ТЖД.

Маңғыстау облысы әкімдігі оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылатынын, оны облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқаратынын мәлімдеді.

Бір апта бұрын, 24 ақпанда дәл осы Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылдық округы Қаламқас тұрғын үй алабында төрт адам газдан уланып, оның үшеуі көз жұмған. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлаған. Агенттік содан бір айдан астам уақыт бұрын осы облыста бес адамға газдан уланғанын, бірақ бәрі де дәрігерге жүгінген соң, үйіне қайтарылғанын жазған.

Тоқаев Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заңға қол қойды

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3 наурызда Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заңға қол қойды деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Жаңа заңда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап барлық ескерткіш қорғауға алу, аймақтағы тарихи әрі сәулет нысандарын сақтау қарастырылған. Құжат Түркістан қаласының мемлекеттің рухани және тарихи астанасы ретінде қалыптасуы мен жұмыс істеуі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар мен тетіктер жасауға байланысты қатынастарды реттейді.

2018 жылы маусымда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру туралы жарлық шығарған. 262 мың тұрғыны бар Түркістан қаласы облыс орталығы болып белгіленіп, халқының саны миллионға жеткен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген.

Ұлыбритания патшасы Владимир Зеленскийді қабылдады

Ұлыбритания патшасы III Чарльз Норфолктегі Сандрингем сарайында Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдады. 2 наурыз 2025 жыл.
Ұлыбритания патшасы III Чарльз Норфолктегі Сандрингем сарайында Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдады. 2 наурыз 2025 жыл.

Жексенбі, 2 наурыз күні Ұлыбританияда сапарда болған Украина президенті Владимир Зеленский сол елдің патшасы III Чарльзбен кездесті. Соның алдында ғана Зеленский Лондонда Украинаға әскери көмек көрсету жөніндегі саммитке қатысқан. Ол саммитте Еуропа елдері мен Канаданың басшылары және Еуроодақ пен НАТО өкілдері болды.

Ұлыбритания патшасы Украина президентін Норфолктегі Сандрингем сарайында қабылдады. Зеленский ол жерге Лондондағы саммиттен соң тікұшақпен барды.

Би-би-сидің хабарлауынша, жергілікті тұрғындар Зеленскийдің келгенін көру үшін Сандрингем сарайының маңына жиналған. Кейбірі Украина туын ұстап тұрған.

Әзірге III Чарльз бен Зеленский не туралы сөйлескені айтылмады.

Зеленский Ұлыбританияға сапарлағанға дейін 28 ақпанда Вашингтонда болып, Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен және вице-президенті Джей Ди Вэнспен журналистер алдында сөзге келіп қалды. Дау Украинадағы соғысты аяқтау және АҚШ-тың қолдауы жөнінде мәселе қозғалғанда туған.

Содан бір күн бұрын, 27 ақпанда Трамп Вашингтонға келген Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездескен. Кездесу басында Стармер Трампқа Ұлыбритания патшасының хатын ұсынған. Ол хатта III Чарльз АҚШ президентін Ұлыбританияға мемлекеттік сапармен келуге шақырған. Дональд Трамп бірінші президенттік мерзімінде Ұлыбританияға мемлекеттік сапармен барып, ол кезде оны патшайым II Елизавета қабылдаған.

Кир Стармер Еуропа лидерлерін қорғаныс әлеуетін нығайтуға шақырды

Еуропалық саммитке қатысушылар. Лондон, 2 наурыз, 2025 жыл.
Еуропалық саммитке қатысушылар. Лондон, 2 наурыз, 2025 жыл.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер жексенбі күні Лондонда өткен Еуропа саммитіне қатысқан мемлекеттер лидерлерін өз елдерінің қорғаныс әлеуетін белсенді түрде нығайтуға үндеді. Оның сөзінше, бұл Украинада бейбітшілікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл құрлықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл туралы Лондоннан Азат Еуропа / Азаттық радиосының арнайы тілшісі Рэй Фурлонг хабарлады.

Лондондағы екі сағатқа созылған саммитке Нидерланд, Дания, Швеция, Норвегия, Германия, Италия мен Польша үкіметтерінің жетекшілері, Франция мен Финляндияның президенттері, сонымен бірге Канаданың премьер-министрі мен Түркияның сыртқы істер министрі, НАТО бас хатшысы, Еурокомиссияның, Еуропа кеңесінің басшылары қатысты.

Саммитке АҚШ-тан ұшып барған Украина президенті Владимир Зеленский де қатысты. 2 наурызда Лондонда бас қосқан елдердің басшылары президент Зеленскийді жылы қарсы алып, оған қолдау білдірді, деп жазды Reuters. Трамп пен Зеленскийдің қарым-қатынасын қайта қалпына келтіру мүмкіндігі Лондон саммитінің негізгі тақырыптарының бірі болды, деп хабарлады Азат Еуропа / Азаттық радиосының тілшісі.

Өткен жұмада Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Зеленскийдің алдын ала жоспарланған келіссөзі екі ел басшылары жиын алдында БАҚ өкілдерінің көзінше пікір таластырып, онысы дау-дамайға ұласып кеткендіктен аяқсыз қалды. Минералдық ресурстар бойынша екіжақты келісімге қол қойылған жоқ, бірлескен баспасөз мәслихаты да өтпей қалды. Ешкім күтпеген бұл жайт АҚШ әкімшілігінің Еуропаның қорғанысына қатысты ұстанымына кері әсер етіп жүрмей ме деген алаңдаушылықты күшейтіп жіберді.

Лондондағы саммиттен кейін президент Зеленскийді Ұлыбритания королі ІІІ Чарльз қабылдаған.

Саммиттен кейінгі баспасөз мәслихатында Кир Стармер Ұлыбритания Украинаға 1,6 миллиард фунт стерлинг бөлетінін, ол қаржы Украинаға 5 мыңнан астам әуе шабуылына қарсы зымыран сатып алуға жұмсалатынын хабарлады. Бұл зымырандар Белфастта жасап шығарылмақ. Мұндағы мақсат – Киевтің [бейбітшілік жөніндегі] келіссөздердегі позициясын нығайту, деді Стармер. Британ премьер-министрі Еуропаның "әрекет қылатын уақыты келді" деп мәлімдеді.

"Бүгін біз тарихи жол айырығында тұрмыз", – деді Стармер. Оның сөзінше, Ұлыбритания, Франция және басқа елдер Украинамен "соғысты тоқтату жоспары" бойынша жұмыс істеуге келіскен. Бұл жоспарды кейін АҚШ-пен бірге талқылап, бірге жүзеге асыру көзделіп отыр.

Кир Стармер Лондондағы саммитке қатысушылардың төрт маңызды мәселе жайлы келісіп алғанын айтты. Олар: соғыс жалғасып жатқан кезде Украинаға әскери көмек жеткізіле бермек және Ресейге экономикалық қысым күшейтіледі. Екінші мәселе – бейбітшілік туралы кез-келген келісім Украинаның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне кепілдік беруі керек және кез-келген бейбітшілік келіссөзіне Украина да қатысуға тиіс. Үшіншіден, егер бейбіт келісім жасалса, еуропалық лидерлер Ресейдің болашақта Украинаға басқыншылық жасауына жол бермейтіндей тосқауыл қоюы керек. Төртінші – Украинаны қорғауды және осы елдегі бейбітшілікке кепіл болуды "қалаушылар коалициясын" құру.

"Еуропа ауыр жұмысты өз мойнына алуы керек, бірақ АҚШ-тың қолдауы қажет", – деп есептейді британ премьер-министрі. Страмер "АҚШ сенімді серіктес емес" деген пікірге келіспейтінін білдірді.

"Біздің екі елдің арасындағыдай тығыз байланыс жоқ", – деді Кир Стармер Ұлыбритания мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар жайлы сөзінде.

Ол Лондонда жексенбі күні өткен талқылаулар Украина бойынша жоспарды АҚШ-пен бірлесіп және Вашингтонның қолдауымен іске асыру мақсатын көздеп ұйымдастырылғанын айтты. Стармер бұл жөнінде сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамппен сөйлескенін жеткізді.

"Еуропаның қауіпсіздігі үшін маңыздысы – құрлықтың АҚШ-пен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеу", – деді британ үкіметінің басшысы.

Ұлыбритания мен Франция Украинамен бірігіп бейбітшілік жоспарын әзірлейді

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (ортада), Украина президенті Владимир Зеленский және Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа лидерлерінің Украина жөніндегі саммитінде. Лондон, 2 наурыз 2025 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (ортада), Украина президенті Владимир Зеленский және Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа лидерлерінің Украина жөніндегі саммитінде. Лондон, 2 наурыз 2025 жыл.

Ұлыбритания мен Франция Украина және өзге елдермен бірігіп бейбітшілік жоспарын әзірлейді. Бұл жөнінде Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер BBC ақпарат агенттігіне мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай шешім Украина басшысы Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде журналистердің көзінше керісіп қалғаннан кейін қабылданған.

“Ұлыбритания, сонымен бірге Франция және тағы бір ықтимал тарап Украинамен бірігіп, әскери қимылды тоқтату жоспарын әзірлеумен айналысады, одан кейін жоспарды АҚШ-пен талқылаймыз” деді Стармер.

Ол BBC-ге сұхбатында "келісім болуі керек екені сөзсіз, әскери қимылды тоқтату керек, ал одан кейін сол келісімді қорғау керек, себебі ең ықтимал нашар сценарийлердің бірі - бұл уақытша үзіліс, одан кейін Путин тағы да келеді" деді.

Оның сөзінше, егер Еуропа Украинада бітімгер операциясын бастауға келіссе, АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруі керек.

Ол Зеленский мен Трамптың керісуі жөнінде сұраған кезде "мұндайды ешкім бақылағысы келмейді" деді. Ол Украина мен АҚШ президенттері арасында "көпір" рөлін атқаруды өзінің міндеті санайтынын жеткізді.

"Кейінірек мен президент Трамп пен президент Зеленскийге хабарластым, себебі менің түсінуімше, басты назар Украинада тұрақты бейбітшілік орнату мәселесінде болуы керек" деді Стармер.

Ұлыбританияның премьер-министрі Зеленскийдің Вашингтондағы әрекетін дұрыс емес деп санамайтынын жеткізді.

Ол Трамп пен Зеленскийге сенетінін, ал Путинге сенбейтінін айтты.

Жексенбі күні Лондонда Украинаның қауіпсіздігі мәселелері бойынша саммит басталады. Оған Еуропа елдерінің бірқатар басшылары қатысады. Оған Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан, НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Еурокомиссияның жетекшісі Урсула фон дер Ляйен және Еурокеңес жетекшісі Антониу Кошта қатысады.

Израиль Рамазан айында Газада атысты тоқтатуға дайын

Израиль АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткоффтың мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы мен еврейлердің Песах діни мейрамы кезінде Газа секторында атысты тоқтату режимін ұзарту туралы ұсынысын мақұлдады. Бұл туралы Израиль үкіметі хабарлады.

Осы уақыт аралығында Израиль билігі Газа секторындағы жағдайды реттеу үшін (АҚШ пен Еуропада лаңкестік топ деп танылған) ХАМАС тобымен келісімнің келесі кезеңінің жай-жапсарын пысықтауы керек.

Уиткоффтың ұсынысы бойынша, ХАМАС тұтқында қалған адамдардың жартысын – келесі кезеңнің басында, қалғанын - соңында босатып, қаза болғандарының мәйітін Израиль жағына тапсыруы керек.

Қазіргі уақытта Газа секторында 2023 жылы 7 қазанда тұтқындап әкетілген 59 адам бар. Олардың кем дегенде 35-і қайтыс болған. Болжам бойынша, екі тірі адам және үш мәйіт Израиль азаматтары емес. Өз кезегінде Израиль түрмеден жүздеген палестиналықты босатады.

ХАМАС бұған дейін Израильдің бітімгершілік жоспарының бірінші кезеңін ұзарту туралы ұсынысын қабылдамаған және кепілге алынғандарды босатумен қатар, Газа секторынан Израиль әскерін шығаруды қарастыратын екінші кезеңге бірден өтуді талап еткен.

Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айы өткен жұмада басталып, 29 наурызға дейін жалғасады. Песах мейрамы биыл 19 сәуірге тұспа-тұс келеді.

  • 15 қаңтарда Израиль және ХАМАС араағайындық жасаушы елдердің көмегімен Газада атысты тоқтату және Израиль түрмелерінде отырған екі мыңға жуық палестиналықты ХАМАС тұтқындаған азаматтарға айырбастау туралы келісім жасасқан.
  • 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС-тың Израильге шабуылының салдарынан 1200-ге жуық адам қаза болып, 250-ге жуық адам тұтқынға алынған еді. Бұған жауап ретінде Израиль Газа секторында әскери операция бастады, ХАМАС бақылауындағы Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Газада 45 мыңнан астам адам қаза болған.

Трамптың жарлығымен ағылшын АҚШ-тың ресми тілі болып бекітілді

АҚШ президенті Дональд Трамп ағылшын тілін АҚШ-тың жалғыз ресми тілі ретінде танитын жарлыққа қол қойды.

Бұрын АҚШ-та федералдық дәрежеде «ресми тіл» болмаған. Ағылшын тілі Американың 32 штатында ғана ресми тіл ретінде танылған еді.

Трамптың бұйрығы президент Билл Клинтон кезіндегі агенттіктер мен басқа федералдық қордың есебінен қаржы алушылардың ағылшын тілін білмейтіндерге тіл көмегін көрсетуі туралы федералдық талапты жояды.

The New York Times қазіргі жарлықты АҚШ-та қос тілде білім беруді шектеп, иммиграцияны азайту үшін күресіп келе жатқан «Тек ағылшын тілі» қозғалысының жеңісі деп бағалайды.

Құжатта ағылшын тілін ресми тіл деп тану «бірлікті нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады және азаматтық белсенділікке жол ашады» деп жазылған.

Трамптың жақтастары бұйрықты жылы қарсы алды.

«Бұл үлкен қадам. Жаппай иммиграция дәуірінде ағылшын тілін Американың тілі деп тану ұлттық бірлік барынан хабар береді», - деп жазды консервативтік бағыттағы саяси белсенді Чарли Кирк әлеуметтік желіде.

Өкілдер палатасындағы конгресмен, демократ Хаким Джеффрис Трамптың көптеген бұйрығы сияқты, осы бұйрықты да АҚШ заңдары мен Конституциясына сәйкестігін тексеру қажет екенін атап өтті. Егер қандай да бір сәйкессіздік анықталса, қаулыға қатысты сотқа шағым түсіру керек деді.

United We Dream жастар тобы АҚШ-тың тұтас тарихында ешқашан ресми тіл болмағанын атап өтті.

"Сыпайы түрде "керегі жоқ, рахмет" деп бас тартамыз. Трамп әртүрлі тілдерде сөйлейтін қара және ақ емес иммигранттар мен қауымдастықтардың арқасына нысана салып қойғысы келеді", - деді топтың баспасөз хатшысы Анабель Мендоза.

  • Ақпаратқа қарағанда, АҚШ-та ең көп таралған тіл - бұл елдегі 245 миллион адам сөйлейтін ағылшын тілі. Екінші орында 42 миллион адам сөйлейтін испан тілі тұр. Қолданылуы бойынша үшінші орында бірнеше негізгі диалектісі бар қытай тілі (3,4 миллион) тұр.
  • 20 қаңтарда Трамптың инаугурациясынан кейін Ақ үйдің сайтынан оның сөзінің испан тіліне аударылған нұсқасы алынып тасталған.

2025 жылы 42 мыңнан астам адам әскерге шақырылмақ

Үкімет қаулысына қарағанда, 2025 жылы Қазақстанда көктемгі және күзгі жиын кезінде 42 мыңнан астам адам әскерге шақырылмақ.

Көктемгі шақыру наурызда басталып, маусымда аяқталады. Ал күзгісі қыркүйек-желтоқсан айларында өтпек. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы ер адамдар алынбақ. Қаулыдан ҚазТАГ агенттігі үзінді келтіреді.

Ішкі істер министрлігіне шақыру және жөнелту орындарында күшейтілген кезекшілікті ұйымдастыру тапсырылған. Ал көлік министрлігі әскери борышын өтеп, запасқа жіберілген әскери қызметкерлерді және әскерге шақырылған азаматтарды тасымалдаумен айналыспақ.

Мақтаныш, қорқыныш және алаң: украиналықтар Ақ үйдегі керіс туралы не ойлайды?

Украиналықтар соғыста қаза болған жауынгерлерге құрме көрсетіп тұр, Киев, 24 ақпан 2025 жыл. Көрнекі сурет.
Украиналықтар соғыста қаза болған жауынгерлерге құрме көрсетіп тұр, Киев, 24 ақпан 2025 жыл. Көрнекі сурет.

Ақ үйде Зеленский, Трамп және Вэнстің керілдесуін Украинада әртүрлі бағалады: көшбасшының қайтпас қайсарлығын мақтаныш тұтатындар бар, сонымен бірге АҚШ-пен қарым-қатынастың нашарлағандығына алаңдап, оның соғысқа әсеріне уайымдаушылар да бар.

Ақ үйде Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп және вице-президент Джей Ди Вэнс арасындағы керіске украиналықтар әртүрлі реакция білдірді.

Президенттің қайсарлығы кейбірінің мақтаныш сезімін оятса, өзгелері АҚШ-Украина қарым-қатынасының болашағына алаңдады. Бұл соғысқа қалай әсер етеді деп майдандағы жағдайға қатысты уайымы күшейгендер де бар.

"ПРЕЗИДЕНТТІҢ КАБИНЕТІНДЕ ДАУЫС КӨТЕРУ..."

Украинаның Еуроодақтағы бұрынғы елшісі Андрей Веселовскийдің айтуынша, оның эмоциясында қорқыныш басым болған.

Веселовский 28 ақпанда Азаттықтың Украина қызметінің эфирінде «Сіздермен тікелей трансляция жасауға келіскеніме өкінемін», - деді. «Өйткені жағдайды көргеннен кейін көңіл-күйім нашарлап кетті».

"Президенттің кабинетінде вице-президент пен президентке дауыс көтеріп, олардың сөзін үзу Украинаның мүддесіне көмектесетін стиль емес" деді дипломат.

Жұма, 28 ақпанда АҚШ және Украина басшыларының келіссөзі сәтсіз аяқталды. Ақ үйдегі президенттің кабинетінде журналистердің көзінше сөз таластырған екі елдің басшылары кездесуді аяқтамай шығып кетті. Трамп Украина көшбасшысының құрметсіздік көрсеткенін алға тартып, Зеленский «бейбітшілікке дайын болғанда орала алады» деді.

Кездесу аяқталмай тұрып, Трамп Украина мәмілеге келуге тиіс және Киев Ресейге қарсы соғыста көрсеткен көмегі үшін АҚШ-қа алғыс айтуы керек деген. Ал Зеленский АҚШ-тан қауіпсіздік кепілдігін сұрап, Ресей президенті Владимир Путинді меңзеп, "қанішермен ымыраға келмеу қажеттігін" айтқан.

Жоғарғы раданың депутаты, оңшыл ұстанымдағы "Еуропадағы ынтымақтастық" партиясының мүшесі Алексей Гончаренко Веселовскийдің эмоциясына ұқсас жағдайды басынан кешкенін айтады. Депутат "Трамппен қарым-қатынасқа нүкте қойылды" деп санайды.

ПРЕЗИДЕНТТІ МАҚТАНЫШ ТҰТУ

Киевте тұратын зейнеткер Наталья Сергиенко AP агенттігіне "Зеленский арыстандай айқасты" деді. "Оларда өте қызу әңгіме, қызу кездесу болды" деді ол. Зейнеткердің ойынша, Зеленский Украинаның мүддесін барынша қорғауға тырысқан.

Ресеймен шекарадағы Харьков облысының жетекшісі Олег Синегубов та Зеленскийдің әрекетін жоғары бағалап, Украина президенті "қауіпсіздікке кепілдіксіз бейбіт келісім жасауға болмайды" деген ұстанымынан айнымағанын атап өтті.

"Біздің басшы қысымға қарамастан Украина мен украиналықтарың мүддесін табанды түрде қорғады. Бізге қауіпсіздік кепілдігі бар әділетті бейбітшілік керек" деді Синегубов.

Украинаның кейбір тұрғындары Вашингтондағылардың Зеленскиймен қарым-қатынас жасау манерасына ашуланды.

"Біз демократияға ұмтылып жатырмыз, ал бізді жауынгерлерімізге, халқымызға деген құрметсіздікпен қарсы алады" деді Украинаның шығысындағы Ресей басып алған Луганскінің тумасы Артем Васильев Reuters агенттігіне.

АҚШ-ПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ҚАЛАЙ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ БОЛАДЫ?

Васильевтің сөзінше, Трамп "қалалар қирап, адамдар өліп жатқанын, халық, аналар, балалар, жауынгерлер қасірет шегіп жатқанын түсінбейді".

Мақтаныш та, қорқыныш та сезінген украиналықтар соғыс жағдайында Украинаның маңызды одақтасы АҚШ-пен қарым-қатынасты қалай қалпына келтіруге болады деген сұрақ мазалап отырғанын да айтады.

ЕО-ның бұрынғы елшісі Веселовский Зеленский біршама ұстамды болуы керек деп санайды. Дипломат енді Зеленскийдің Ақ үйге бара алатындығына күмән келтіреді.

Зеленскийдің "Халық қызметшісі" партиясынан парламентке сайланған депутат Александр Мережко Азаттықтың Украин қызметіне қиындықтарға қарамастан Украина Трамппен тіл табысып, жұмыс істеуі керек, себебі жағдай өте күрделі деп санайды.

"Біз керісті азайтуымыз керек. Трампқа ықпалы бар конгрессмендер мен сенаторлар бар... Сол адамдармен шұғыл байланысуымыз керек" деді ол.

Киевтің мэрі Виталий Кличко
Киевтің мэрі Виталий Кличко

Киевтің мэрі Виталий Кличко Telegram арнасында "Украина АҚШ-тың қолдауынан айырылмайтын болар, бұл бізге өте маңызды" деп үміт білдірді.

"Қазіргі кезде тараптардың қай-қайсысы болса да, эмоцияға берілетін кез емес. Бізге ортақ тіл табу керек" деді Кличко.

Ұлыбритания премьер-министрі Зеленскиймен келіссөз алдында Украинаға қолдау білдірді

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз алдында Украинаға қолдау білдірді. Оның сөзінше, Лондон Украинаға «қанша қажет болса, сонша қолдау көрсетеді», деп жазды BBC.

Зеленский Лондонға жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамппен Вашингтондағы сәтсіз келіссөзден кейін ұшып келген. Еуропа елдерінің бірқатар басшылары АҚШ президентімен сәтсіз кездесуден кейін Украинаны қолдаған.

Стармер мен Зеленскийдің келіссөзі жабық есік жағдайында өтті. Ұлыбритания Украинаға 2,6 миллиард фунт стерлинг (3,2 миллиард доллар) көлемінде жаңа несиені мақұлдады.

Жексенбі күні Зеленский британдық монарх Чарльз III-пен кездеседі. Украина басшысы Ұлыбритания премьеріне қолдағаны үшін және Чарльзға оны қабылдауға келісім бергені үшін алғыс айтты, деп жазды «Украинская правда».

Ақпарат құралдары АҚШ Киевке көмекті тоқтатуы мүмкін екенін жазды

Украина мен АҚШ президенттерінің баспасөз жиыны өтетін орны.
Украина мен АҚШ президенттерінің баспасөз жиыны өтетін орны.

АҚШ президентінің әкімшілігі Ресей мен Украина арасындағы соғысты реттеу мүмкіндігіне күмәндана бастады. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген CBS News жазды. Сенімсіздік АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский арасындағы сәтсіз келіссөзден кейін пайда болған.

Басылым дереккөзінің сөзінше, пайдалы қазбалар бойынша сәтсіз келіссөз де Украинаға көмек беру мәселесіне қатысты күмән туғызған. Оның сөзінше, Трамп Киевтегі билікті ауыстыруға талпынбайды.

The Washington Post басылымының жазуынша, Трамп әкімшілігі Зеленскийдің "дегенінен қайтпайтындығына" байланысты Украинаға әскери көмекті тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатыр.

The Washington Post дереккөзі 28 ақпанда Трамптың Ақ үйде Зеленскиймен сөз таластыруы "әдейі ұйымдастырылған" деген болжамды растамады. Басылымның жазуынша, Украина президентінің сапары алдында Вашингтонда "позитивті көңіл-күй" орнатылған, ал Трамп Зеленский - "диктатор" деген сөзінен бас тартқан.

АҚШ Украинаға көмегін толық тоқтатуы мүмкін деген ақпаратты The New York Times дереккөзі де айтып отыр. Басылымның жазуынша, Киевті жанама қолдау да тоқтатылуы мүмкін. Оған әскери қаржыландыру, барлау деректерімен алмасу, украин әскерін оқыту да кіреді.

Зеленский мен Трамп 28 ақпанда Вашингтонда Ақ үйдегі президент кабинетінде сөз таластырып қалған. Зеленский Вашингтонға пайдалы қазбаларды бірігіп игеру бойынша да келісімге қол қоюға келген. Ақыры құжатқа қол қойылған жоқ. Reuters дереккөзінің хабарлауынша, Трамп келісімге қол қоюға ықылассыз.

Кездесуден кейін Трамп Зеленскийді АҚШ-қа құрметсіздік көрсетті деп айыптап, Украина "бейбітшілікке шынымен де дайын болған кезде орала алады" деді.

Өз кезегінде Зеленский АҚШ-ты қолдағаны үшін алғыс айтты. FoxNews телеарнасына берген сұхбатында Украина басшысы Трамп пен америкалықтарды құрметтейтінін жеткізді. Ол сонымен бірге екі жақ бір-бірін жақсырақ түсінуі үшін осындай "ашық әрі әділ әңгімені" бұрынырақ өткізуге болар ма еді деді.

Америка мен Украина президенттерінің сәтсіз келіссөзінен кейін Италия премьер-министрі Джордж Мелони Рим өзінің одақтастарына Вашингтонның қатысуымен шұғыл саммит өткізуді ұсынғанын айтты.

"Батыстағы әрбір жікшілдік бәрімізді әлсіретеді және өркениетіміздің құлдырауын көргісі келетіндерге тиімді" деді Мелони. Ол ықтимал саммиттің мерзімін айтқан жоқ.

Ресей әскері түнде Украинаға тағы дрондармен шабуылдады. Бір адам қаза болды

1 наурызға қараған түні Ресей әскері Украинаға соққы дрондарымен тағы шабуылдады. Бұл жөнінде Украина аймағының билігі хабарлады.

Одесса облысында дрондардың шабуылы салдарынан бір адам қаза болып, тағы бір адам зардап шекті деп жазды облыстық әкімшіліктің жетекшісі Олег Кипер. Оның сөзінше, Одессадағы тағы бір аудан соққыға ұшыраған: ол жақта бір жеке үй, кәсіпорын мен жүк-жеңіл көліктері өртенген,

Харьковте дрон шабуылынан алты адам зардап шеккен: ауруханада шағылған әйнек бір баланы жарақаттаған. Оқиға орнында тағы бес адамға көмек көрсетілді деді аймақ әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубов. Кейін Харьков мэрі Игорь Терехов зардап шеккендер жеті адамға жеткенін айтты.

Шенеуніктердің сөзінше, Ресей әскері Харьковтегі азаматтық инфрақұрылымдарға 9 дрон жіберген – біреуі жанармай станциясы маңында, тағы бірі медициналық мекеме аумағына құлаған. Мекеме өртеніп, ол жақтан 60 адам эвакуацияланған. Бұдан бөлек, көп қабатты тұрғын үйлердің терезелері сынып, автосалон мен гипермаркет бүлінген.

Ресей қорғаныс министрлігі соққыға түсініктеме бермеді.

  • БҰҰ дерегі бойынша, Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық бастаған 2022 жылдың 24 ақпанынан бері жиынтығы 12,4 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан, әйткенмен бұл әлі толық дерек емес. 28,3 адам жараланған. БҰҰ сонымен бірге Ресей әскерінің түрлі қылмыстарын (дарға асу, адам ұрлау, азаптау, дөрекі қатынас, күштеп ұстау) құжатқа түсірген.

Министрлік Bazis-А мен BI Group кірісін 16,5 млрд теңгеге азайтып көрсеткен деп санайды

Қаржы министрлігі елдегі екі ірі құрылыс компаниясы – Bazis-A және BI Group салық алынатын кірісін жалпы сомасы 16,5 миллиард теңгеге азайтып көрсеткен деп санайды. Мемлекеттік кіріс органдары екі компанияға осы жөнінде ескерту-хат жіберген.

"Мемлекеттік кіріс органдары «Базис-А» компаниясына салық салынатын кірісті – 4,6 млрд теңгеге, BI Group-қа 11,9 млрд теңгеге кеміткені туралы хабарлама жіберді" деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Ресми ақпаратқа қарағанда, мұндай тексеріс 2022–2023 жылдарға арналған арнайы салық режимдерін пайдаланған және стандартты салық жүйесі бойынша жұмыс істейтін компаниялар арасындағы өзара есеп айырысуды талдау аясында жүргізілген. Ведомствоның айтуынша, жүргізілген талдау компаниялар арнайы салық режимін салық төлемін азайту мақсатында қолданғанын көрсеткен.

Бұған қоса, департамент өкілдері камералық тексеру процедурасы салық төлеушілерге тексеруден өтпей-ақ кірістерін өз бетінше реттеуге және салықты төлеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Жақында премьер-министр Олжас Бектенов ірі компанияларды көбірек салық төлеуге үндеген. Ол екі күн ішінде салық органдарынан ескерту-хат түсетінін, талапты орындамаған компаниялармен "қатаң сөйлесетінін" ескерткен.

Bazis-A да, BI Group компаниясы да заңнама талаптарын қатай сақтайтынын, барлық салықты төлеп келе жатқанын айтып, мемлекеттік органдардың ескертпелерін жоққа шығарды.

Қазақстанда Ораза басталды, ол 29 күнге созылады

Алматыдағы орталық мешіт. Көрнекі сурет.
Алматыдағы орталық мешіт. Көрнекі сурет.

1 наурызға қараған таңда ораза ұстайтын қазақстандықтар ауызашарға тұрып, ауыз бекітті. Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы биыл 1 наурызда басталып, 29 күнге созылады деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ).

Сенбі күні таңертең Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады.

"Бұл – халқымыздың рухани өмірінде айрықша маңызы бар кезең. Ораза кезінде сабырлылық пен қанағатшылдық, жанашырлық пен қамқорлық секілді ізгі құндылықтар ерекше дәріптеледі. Азаматтарымыз мұқтаж жандарға көмек беріп, қайырымдылық жасауға ұмтылады. Мұның бәрі ислам дінінің гуманистік идеяларынан бастау алады" деп жазылған құттықтауда.

Онда биыл Рамазан айы Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отырғаны да айтылған.

"Мұның зор символдық мәні бар. Мазмұны терең, мағынасы үндес қос мереке халқымыздың берекелі бірлігін одан әрі нығайта түсуге шақырады. Оразадан оразаға аман-есен жете берейік!" деді президент.

Қазақстан мұсылмандары наурыздың 27-іне қараған түні Қадір түнін қарсы алады. 30 наурызда Ораза айт мейрамы басталып, үш күнге созылады.

Қытайда жасанды интеллект индустриясына жауапты министр жұрт алдына шықпай қалды

Қытайда өнеркәсіп және ақпараттық технология министрі Цзинь Чжуанлун екі айдан бері жұрт алдына шықпай қалды. Ол жасанды интеллект саласына жетекшілік еткен. Бұл жөнінде Financial Times басылымы жазды.

Басылымның мәліметінше, үкімет жиындарына үзіліссіз қатысып жүрген Цзинь былтыр желтоқсаннан бері жиындардан көрінбей кеткен. South China Morning Post жазуынша, ақпараттық технология министрінің сайтында 28 ақпанда ведомство жетекшісі ретінде Ляонин провинциясының бұрынғы губернаторы Ли Лэчэн деп көрсетілген.

2023 жылы қазанда Қытай билігі қорғаныс министрі Ли Шанфуды отставкаға жіберген еді. Оған дейін Шанфу екі айға жуық уақыт көрінбей кеткен. Батыс ақпарат құралдары дереккөздерге сүйене отырып, министр қызметінен шеттетілгенін жазды. Кейінірек оның жемқорлық бабымен айыпталғаны белгілі болды.

2023 жылы шілдеде Қытай сыртқы істер министрі Цинь Ган да отставкаға жіберілген. Ол кезде де шенеунік бір ай бойы көрінбей кеткен еді.

Қытайда шенеуніктер немесе ұйым өкілдері тергеуге ілінген кезде осылай жұрт алдына шықпай қалады. 2021 жылдың соңында Қытай басшысы Си Цзиньпин ондаған шенеунік пен қаржы жетекшілеріне қатысты жемқорлыққа қарсы ауқымды науқан бастаған.

Тағы

XS
SM
MD
LG