Accessibility links

Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының бұрынғы депутаттары қолға түсті


Қаржылық айла-шарғылармен айналысып жүрген қылмыстық топты құрғаны үшін Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының бұрынғы депутаттары қаржы полициясының қолына түсті, — деп хабарлайды Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің өкілі Мұрат Жұманбай

«Жамбыл облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты басшысы болып табылатын қылмыстық топ «Даму» шағын бизнесті қолдау қорынан алынған несиені жалған кәсіпкерлік негізінде мақсатсыз пайдаланған. Қылмыстық топтың жетекшісі қаржы полициясының өкіліне пара беру кезінде қолға түсті. Бұлардың мемлекетке тигізген зияны 358 миллион 400 мың теңгені құрап отыр», — деді ол.

Сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысында да облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты жетекшілік еткен, құрамында «Ауыл» кеден бекетінің екі қызметкері, «ТрансГруппСемей» ЖШС-нің жұмысшылары және «Суханов и К» брокерлік компаниясының өкілдері бар қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған.

«Бұл қылмыстық топ Ресейде іздеуде жүрген көліктерді заңсыз әкелумен айналысқан. Қазір тұтқынға алынған қылмыстық топ жетекшісінің ұзақ уақыт бойы Қытайдан Ресейге заңсыз тауар тасымалдау тобының ұйымдастырушысы болғаны анықталды», — деді қаржы полициясының өкілі.
XS
SM
MD
LG