Accessibility links

Шекарашылар оғынан қаза тапқан екі балықшының туыстары әскери соттың шешіміне наразы


Каспий теңізінде шолуға шықққан шекарашылар қайығы.
Каспий теңізінде шолуға шықққан шекарашылар қайығы.

Каспий теңізіндегі екі балықшынің өліміне айыпты деп танылған ҰҚК шекара қызметі кораблінің командирін ақтап шығарған ҚР Әскери сотының шешімі марқұмдардың туған-туысқандарының наразылығын туғызды.


ҚАЗА БОЛҒАН БАЛЫҚШЫЛАРДЫҢ ТУЫСТАРЫ ӘДІЛДІКТІ АСТАНАДАН ІЗДЕМЕК


Бұған дейін, шілденің 2-сі күні, Ақтау әскери гарнизонының соты ҰҚК шекара қызметінің «Астана» кораблінің командирі Руслан Шүршеновты Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылында тұратын екі балықшының өліміне жауапты деп тауып, 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен еді. Ал тамыздың 4-інде Алматыдағы Қазақстан Республикасының әскери соты бұл шешімді жойып, үшінші дәрежелі капитан Руслан Шүршеновтың ісінде қылмыс құрамы жоқ деп тауып, оны ақтап шықты. Алайда қаза болғандардың отбасы бұл шешіммен мүлдем келіспейді.

Қазақстан Әскери соты Руслан Шүршеновты ақтап шешім шығарған тамыздың 4-і - қаза болған екі балықшының бірі - Асқар Таңатаровтың туған күнімен сәйкес келіпті. Тірі болғанда ол 23 жасқа толар еді. Сол күні Атырау облысының Аққыстау ауылындағы жергілікті мектепте марқұмның құрметіне арнайы турнир де ұйымдастырылыпты.

Марқұм Асқар Таңатаровтың ата-анасы - Ғарифолла Таңатаров пен Нәбира Садықова. Аққыстау ауылы, ақпан, 2009 жыл.
Азаттық тілшісіне телефон шалған Асқардың әкесі Ғарифолла Таңатаров бұл істі жай қалдырмайтынын, Жоғарғы сотқа шағымданып, екі адамды өлтірген әскеридің жазалануын талап ететіндіктерін мәлімдеді.

Ал Асқардың шешесі Насиба Садықова болса «Айыпты адам әділ жазасын алар деп ойлаған едім. Ешқандай үкімет жоқ екен ғой бізде. Есіл баламыздың құны осы-ақ болғаны-ау», - деп еңіреп, жылаумен болды.

Оққа ұшқан тағы бір балықшы Қайрат Садықовтың әкесі Сабыржан Садықовқа хабарласқанымызда, Жанбай ауылында тұратын ақсақал Әскери сот шешімін естіп жүрегі ұстап, жатып қалған екен. Ол кісі де әділдік іздеп, Астанаға - Қазақстанның Жоғарғы соты мен ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бармақ ойын айтты.

Қазір жанбайлықтар ауыл болып марқұмдардың отбасына Астанаға баратын қаражат көзін жиыстыруда.

Алматыда шілденің 21-інде болады деп шақырылған Әскери сотқа марқұмдардың отбасы жол алыстығы мен қаражат жағдайларының болмағаны себепті қатыса алмапты. Сондықтан қолдағы бар ақшаларын жинап, жәбірленушілердің өкілі ретінде туысқандары Ботагөз Дәукенбаеваны жіберген екен. Сотқа қатысқан Ботагөз әже Азаттық тілшісіне былай деді:

- Бұл соттың өзін 2 рет шегеріп, әзер өткізді. Ақтауға 6 рет сотқа шақырды, Алматыға келгеніме де 17 күн болды. Себебін сұрағанымда «адам тағдыры ғой, апа» деп жауап береді. Сонда өліп қалғандар адам болмағаны ғой. Бұл әскерилер де нағыз сыбайласқандар екен. 30 шақты оқ атқандарын адамдары мойындап отырса да, қылмыстың құрамы жоқ дейді.

РУСЛАН ШҮРШЕНОВ ӨЗІН КІНӘЛІ САНАМАЙДЫ

Ақтау әскери соты айыпты деп тапқан, бірақ ҚР Әскери соты ақтап шығарған Руслан Шүршенов өзін кінәлі санамайды.

- 2008 жылы тамыздың 14-інде таңғы 4-тер шамасында катердегі әскери кезекшілік атқарып тұрған топ радар құралы көмегімен белгісіз нысанды байқады. «Астана» кораблі жақындап келіп тексеруге даярлануды бұйырды. Бірақ браконьерлер бағынудың орнына оқ ата бастады. Сондықтан шекарашылардың да қарсы оқ атуына тура келді. Бірақ біз қайықты тоқтату үшін тек моторды ғана нысанаға алдық. Балықшылардың кемесін қанша қуғанымызбен, олардың моторы әлдеқайда күшті болғандықтан жете алмадық. Базаға қайтып оралғаннан кейін ғана, қайықтағы балықшылардың екеуінің мерт болғанын естідік, - деп мәлімдеді Алматыда өткен ҚР Әскери сотына берген жауабында Р.Шүршенов.

Бостандыққа шығарылған Р.Шүршеновтың адвокаты Бақберген Айтмамбетов те капитанның ақталуын әділ шешім деп бағалайды.

- Шүршенов мемлекет шекарасын, біздің мемлекетіміздің табиғи ресурстарын қорғау жөніндегі міндетін өзіне жүктелген нормативтік-құқықтық құжаттарға сай атқарды, - деді ол.

Адвокат Б.Айтмамбетовтың пікірінше, теңіз үстінде браконьерлердің өз арасында балық аса мол түсетін аймақ үшін тартыс болуы мүмкін.

- Ал тірі қалған туыстары өлі денелерді үйге алып келіп «қақтығыста оққа ұшты» деп айта алмайтын болғандықтан, әдейі радио толқындардың ұсталу аймағына кіріп, шекарашыларды дүрліктірген. Оларды оқ атуға мәжбүрлеп, содан соң бар кінәні шекарашыларға аударып отыр.Оған дәлел – мәйіттердің бірінің ішінен қолдан жасалған темір оқтың табылуы. Баллистикалық сараптаманың қорытындысы оның тегіс стволды қарудан атылғанын көрсетті. Ал ондай қару шекарашыларда, корабльде мүлде болмаған, - деп түсіндірді ол Азаттық тілшісіне.

Сондай-ақ, адвокат Бақберген Айтмамбетов қаза болған балықшылар «шекараны бұзып, 12 мильдік бейтарап аймаққа кірді. Каспийдің ерекше қолданыстағы аймағында рұқсатсыз балық аулап, браконьерлік жасады» деген уәж айтады.

ҚЫЛМЫСТЫ ІСТІҢ ТҮЙІТКІЛДЕРІ

Алайда қаза болған балықшылардың отбасы бұл іс әу бастан бұрмаланып келе жатыр дейді.

Марқұм Қайрат Садықовтың әкесі Сабыржан қарт оқиға бола салысымен, үйлеріне 15 шақты ішкі істер қызметкерлері көңіл айтуға келгенін еске алады. Оның айтуынша, солардың арасындағы Атырау облысы Исатай аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып істеген Мереке Есмұратов 6 адамның удай мас күйінде ұсталғанын айтып, «тергеу жүріп жатыр, алаң болмаңыз» деген көрінеді.

- Біз соған сеніп, әділдік күтіп қалдық. Бірақ артынша Астанадан келген тергеуші істің бәрін түгелдей өзгерте бастады. Тек қанша оқ атылғанын ғана өзгерте алмады, - дейді Сабыржан қария.

Сондай-ақ Сабыржан Садықов «қаза болғандардың ішінен шыққан қолдан жасалған оқ» дегенді де шындыққа жанаспайтын жалған мәлімет дейді.

- Асқардың ішінен шыққан зауытта жасалған сап-сары ұзын бір оқты сақтап жүр едім. Тергеу алғаш басталғанда Оралдан келген Абай деген тергеушіге осы жайлы айтқанымда «тексеруден өтпеген зат пайдаға аспайды» деген соң Ботагөз Дәукенбаева арқылы сол оқты сараптамаға жіберген болатынмын. Алайда менің беріп жіберген оғымды алып қалып, қолдан жасалған деп шығарып отыр. Бұл іс
Қаза тапқан балықшы Қайрат Садықовтың әкесі - Сабыржан Садықов, Жанбай ауылы, ақпан, 2009 жыл.
барысындағы жалғыз бұрмалау емес. Қайықты да экспертизадан өткізу барысында тергеумен айналысқандар оның ішіне 16 калибрлі оқты салып қойып, балықшылар осыдан атты деген айғақ келтірмек болған. Бірақ марқұм балам Қайраттың аңшылық мылтығы 12 калибрлі болғандықтан, бұл өтіріктері бірден анықталып еді. Істің бәрі басталғаннан-ақ бұрмаланып келеді. Енді міне үкімі де солай болды, - деді Сабыржан ақсақал.

Осыдан бір жыл бұрын – 2008 жылғы 14 тамызда таңғы сағат 4-тер шамасында Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылынан 100 шақырымдай қашықтықта Каспий теңізі үстінде шекарашылардың әскери кемесі ішінде төрт балықшысы бар «Байда» қайығына оқ жаудырған еді.

Оның себебін шекарашылар «бұл балықшылар-браконьерлер болды, әрі өздері бастап оқ атты» деп түсіндірген болатын. Сол жолы 33 жасар Қайрат Садықов басына тиген оқтан тіл тартпай кетсе, 23 жасар Асқар Таңатаров жағаға жетпей, қансырап өлген-ді. Ал қайықта болған төрт балықшының екеуі өлім аузынан қашып құтылғандарын айтқан болатын.

Осы оқиғадан соң жанбайлықтар қайықты 28 жерден оқ тескенін анықтаған. Қайықта болған төрт балықшының екеуі аман қалған.
XS
SM
MD
LG