«ЕЛГЕ МАСҚАРА ҚЫЛДЫ»
Сотқа түсірген арызында Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өзінен бұрынғы көмекшісі Алпамыс Бектұрғановтың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кешірім сұрауын талап етіп отыр. Ізмұхамбетов өз арызында «облыс әкімі ретінде 2007 жылдың тамызынан бері жұмыс жасап келе жатқанын, еңбек жолын бастағалы бері әділдік пен заңдылықтың сақталуын өмірлік ұстанымы еткенін... осы уақыт ішінде облыста атқарылған игі істер жетерлік және бұл бастамалардан халық жақсы хабардар» екендігін айтады.
«Бектұрғанов менің жеке азамат және облыс әкімі ретінде ар-намысыма нұқсан келтіріп, ақылға сиымсыз кінә тағып айыптады. Ол мені аса ауыр қылмысқа қатысы бар деп кінәлап, адам өлімін мойнына жүктеген кісі ретінде де жазғырды. Оның айтуынша, менің сыбайлас жемқорлыққа да қатысым бар болып шықты. Осындай арандатушылық әрекеті арқылы Алпамыс Бектұрғанов жергілікті халықтың санасында облыс әкімі және мемлекеттік органдар туралы жат көзқарас қалыптастыруға ықпал етті», – делінген Бақтықожа Ізмұхамбетовтың сотқа берген талап-арызында.
«ІЗМҰХАМБЕТОВТЫҢ АЯҒЫНА ЖЫҒЫЛМАЙМЫН!»
Қазанның 6-сы күні өткен сот отырысында Алпамыс Бектұрғановты айдаушылар қолына кісен салып, сот залына әкелді. Өзіне тағылған айыптауларды тыңдап шыққан Алпамыс Бектұрғанов бұрынғы бастығы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың алдында кішірейіп, кешірім сұрамайтынын сотқа мәлімдеді.
Судья Алтын Айтуарова жазушы Алпамыс Бектұрғановтың шілде айында өткізген баспасөз-мәслихатының видеожазбасын қарап отыр. Орал, 6 қазан 2009 жыл.
– Біріншіден, мен оған жала жапқан жоқпын. Екіншіден, менің айтқанымның барлығы да шындық, ал шындық үшін ешкім кешіріма сұрауға міндетті емес. Мен, тіпті, ешқандай кінәм жоқ болса да 4 жыл түрмеде отыруға әзірмін. Ал бірақ, Ізмұхамбетовтен кешірім сұрамаймын», – деді Алпамыс Бектұрғанов.Даулы істі қараған судья Алтын Айтуарова сот отырысы басталғаннан бастап айыпталушының адвокаттары берген өтініштерді кері қағумен болды. Лингвистикалық сараптама жүргізуді сұраған сотталушының өтініші де аяқсыз қалды.
– Менің әкімді қаралап, күйе жаққан-жақпағанымды сіз қайдан білесіз? Біз осы іске нүкте қою үшін сарапшы-филологтарды шақырып, солардың көмегіне жүгінуіміз керек, – деді Алпамыс Бектұрғанов.
«ӘКІМ ӨЗ ІСІНЕ ӨЗІ ЖАУАП БЕРСІН»
Жазушы Алпамыс Бектұрғановқа қатысты материалдар дайындаған жергілікті және республикалық алты БАҚ-ның журналистер мен меншік иелері де куәгер ретінде бұл сотта жауап берді.
Журналист Лұқпан Ахмедьяров жазушы Алпамыс Бектұрғановтың сотында куәгер ретінде сөйлеп тұр. Орал, 6 қазан 2009 жыл.
Сот отырысында сөйлеген барлық журналистер Алпамыс Бектұрғановтың әкімді қараламағанын бірауыздан айтып, оның бар болғаны аймақта болып жатқан коррупицялық сипаттағы қолайсыз құбылыстар үшін жауапкершілікті облыс әкімінің көтеретіндігін айтқанын баяндап берді.Сөйлегендердің арасында әсіресе «Орал апталығы» басылымы бас редакторының орынбасары Лұқпан Ахмедьяровтың сөзі ерекше есте қалды. Журналист бұл процеске талап-арыздың иесі – облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың өзі келіп қатысуы керектігін кесіп айтты.
– Жоғары мәртебелім, мен сізден осы сот отырысына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовты шақыртуыңызды сұраймын. Өйткені, менің және Бектұрғановтың ол азаматқа қояр сауалдарымыз жетерлік. Ол құны миллиардтан асатын мемлекеттік тапсырыстарды иеленген Аманжол Зинуллиннің өзіне күйеу бала еместігін, өзінің қарындасы Софья Ізмұхамбетованың мектеп директоры еместігін жоққа шығарсын. Өзі сенаторлыққа ұсынған Мұкаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын бәрімізге ашып айтып, дәлелдесін. Алпамыс Бектұрғанов біздің басымызды қосқан баспасөз мәслихатында осы туралы ғана айтты. Сонда мұның қаралу болғаны ма? – деді Лұқпан Ахмедьяров.
Ал егер әкім сотқа келмесе, онда оның халықтан жасырғысы келген істері болғаны, деп түйіндеді сөзін куәгер.
БӘРІ СОТ ШЕШІМІН КҮТУДЕ
Тараптардың өзара пікірсайысынан кейін судья Алтын Айтуарова үзіліс жариялап, осы іске қатысты сот шешімін 8 қазан күні жариялайтынын хабарлады.
Егер бұл шешім айыпталушыны кінәлі деп тапса, онда Алпамыс Бектұрғанов биылғы жылы шілденің 15-і күні өзі өткізген баспасөз-мәслихатында айтқан деректерді теріске шығарып, оны алты газетте жариялауға міндетті болады.
Азаттық радиосы бұған дейін хабарлағандай, жазушы әрі Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов биыл жазда екі рет сотты болды: әуелі аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовке жала жауып, ар-намысына тиді деген айыппен кінәлі деп танылған ол, сонан кейін бюджет қаржысын заңсыз пайдаланып өз кітаптарын басып шығарды деген айыппен тағы сотқа тартылып, жиыны 4 жылға бас еркіндігінен айырылған болатын.
Жазушының өзі мен оның қорғаушылары бұл істің саяси астары бар деп санайды.