Accessibility links

Озода Рахмон Дариға Назарбаева мен Гүлнара Каримованың тайғақ жолына түсті


Озода Рахмон, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қызы. 4 қыркүйек 2009 жыл.
Озода Рахмон, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қызы. 4 қыркүйек 2009 жыл.

Тәжікстан президентінің қызы Сыртқы істер министрлігі басшыларының бірі болды. Орталық Азия президенттері қыздарының жоғары басшылық қызметтерге тағайындалуының артында не тұр – «мұрагер» операциясының басталуы ма әлде өз айналасындағыларға деген сенімсіздіктің өсуі ме?


БАС АЙНАЛДЫРАРЛЫҚ КАРЬЕРА

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның екінші қызы Озода Рахмон биылғы жылғы қыркүйек айының соңында Тәжікстан сыртқы істер министрінің орынбасарлығына тағайындалды.

Президенттің қызы Тәжік ұлттық университетінің халықаралық құқық бөлімін халықаралық заңгер мамандығы бойынша бітіргендігі белгілі. Содан соң ол Вашингтондағы Джорджтаун университетінде құқық мамандығы бойынша оқыды. Тәжікстандағы ресми дерек көздеріне қарағанда, ол орыс және ағылшын тілдерін өте жетік меңгерген.

2007 жылы қыркүйек айында АҚШ-тан келген соң президент Эмомали Рахмон қызына Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің
Рустам Рахмон, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның ұлы.
консулдық басқармасын басқаруды тапсырды. Тәжікстан президентінің Озодадан бөлек тағы алты қызы мен екі ұлы бар. Ұлдың үлкені Тәжікстан Жастар одағы төрағасының орынбасары.

Президент Рахмонның қызының осындай жоғары қызметке тағайындалуы тәжік қоғамында әртүрлі пікірлердің тууына өзек болды. Президенттің бұл шешімін құптағандар да табылды. Билікке бейім бақылаушылардың пікірінше, мәселе ата-анасының кім болғандығында емес, ең бастысы – қызметкер жас, талантты адам болса болғаны.

Озода Рахмон қызметтік баспалдағын Тәжікстанның АҚШ-тағы елшілігінде мәдениет және білім мәселелері бойынша атташелік қызметтен бастады. Қазір оның жасы 33-те. Бірақ, ол өзінің жастығына қарамастан, дипломатиялық салада бас айналдырарлықтай карьера жасап үлгерді.

НЕПОТИЗМ ӨНІМІ

Тәжікстандық бақылаушы Раджап Мирзо «Азат Еуропа» / «Азаттық» радиосының өзбек редакциясына берген сұхбатында былай деді:

– Эмомали Рахмонның қызының елдің сыртқы саясат саласында жеткілікті тәжірибесі жоқ. Осы себепті бұл тағайындау оның әкесі күтіп отырғандай нәтижені бермейді. Алайда, оның қызы мұндай жауапты жұмысқа даяр ма, атқара алады ма деген мәселе оның ықпалды әкесін мазалап отырған жоқ.

Озода Рахмонның осындай жоғары басшылық қызметке тағайындалуы Тәжікстан президентінің Орталық Азия аймағындағы әріптестеріне еліктеуден туған ойы болуы мүмкін екендігін сарапшылар жоққа шығармайды. Бұл өзі Орталық Азия елдері басшыларының арасындағы өзара бәсеке сияқты. Осы арқылы олар балаларын саяси аренаға көбірек тарта алатындығын көрсеткісі келеді деген пікірде тәжік сарапшылары.

«Бұл – қолданыстағы заңдар мен Конституцияны дөрекі түрде бұзу, тәжік халқын сыйламаушылық», – дейді тәжікстандық сарапшы Амният Абдуназаров.

Тәжікстан президенті өзінің балаларынан бөлек туыстарын да жоғары қызметтерге тағайындағанын айта кету керек. Мысалы, Эмомали Рахмонның күйеу балаларының бірі қаржы министрінің орынбасары болса, екіншісі – экономикалық биржаның төрағасы, үшіншісі – Тәжікстанның Қазақстандағы елшісі.

Сарапшылардың пікірінше, туыстарын жоғары қызметтерге тағайындай отырып, Тәжікстан президенті өзінің саясатымен келіспейтіндерге тепе-теңдік ретінде өзін қолдайтын команданы жасақтауда. Тағы сол сарапшылардың айтуынша, бүгінде Эмомали Рахмон айналасындағыларға сеніңкіремейді.

«Тіпті, парламенттің өзінде оның саясатын қолдамайтын топтардың өкілдері жеткілікті», – дейді сарапшы Амният Абдуназаров.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ЕКІНШІ АДАМ

Бір кездері Өзбекстан президенті Ислам Каримов те үлкен қызы Гүлнара Каримованы саясат баспалдағымен көтере бастаған. Президенттің қызы күйеуінен – Америка азаматы Мансұр Мақсудиден ажырасып, АҚШ-тан елге келісімен жергілікті және шетелдік көптеген газеттерде Гүлнара Каримованың жағымды бейнесін қалыптастыруды жарнамалау науқаны басталды.

Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова Миландағы сән апталығында.
Оны талантты дизайнер, табысты бизнесмен, саясаткер, суретші, ақын және әнші қылып көрсетті. Өз еліндегі ұлттық университеттен бөлек ол Гарвард университетіне түскен. Ресми дерек көздерінің ақпаратына жүгінсек, ол университетті екі жылдың орнына бір жылдың ішінде бітіріп шыққан. Сонымен бірге, Гүлнара Нью-Йоркте зергерлік дизайнер мамандығына да оқыған.

Гүлнара Каримова өзінің бір сұхбатында егер ол өзге отбасында дүниеге келген болса, онда өзінің талантын жүзеге асыруға анағұрлым азырақ мүмкіндігі боларын мойындаған болатын.

Қазір президент Каримовтың үлкен қызы Өзбекстанның БҰҰ-дағы және Женевада орналасқан басқа да халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі қызметін атқарады. Оның алдында өзбек президентінің қызы Өзбекстандағы Әлемдік экономика және дипломатия университетінде жұмыс істеген.

Гүлнара Каримова, сонымен бірге, Өзбекстан сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, Өзбекстанның Мәскеудегі елшілігінің кеңесшісі қызметтерінде болған. Ол саяси ғылымдардың докторы.

Ірі бизнес пен мұнай-газ құрылымдарына ықпалының арқасында Гүлнара Каримова Өзбекстанда өз әкесі Ислам Каримовтен кейінгі екінші адам болып саналды.

Өзбекстандық бақылаушылардың пікірінше, Ислам Каримов өзі дүниеден өте қалған жағдайда саяси мұрагер ретінде өзінің қызын дайындай бастаған. Ол билік тізгінін тек соған ғана бергісі келеді. Және осы мақсатта ол Гүлнара Каримованы дипломатиялық салада қызмет баспалдағымен көтеріп келе жатыр.

Гүлнара Каримова. 14 шілде 2007 жыл.
Олар сонымен бірге мынаны айтады. Маңызды халықаралық шараларға қатысқанда президенттің қызына Өзбекстанның аса маңызды мәселелер бойынша елшісі өкілеттігі беріліп, ол үкімет және мемлекет басшыларымен келіссөздер жүргізеді.

Өзбекстандық саясаттанушы, бұрынғы дипломат Ташпулат Юлдашев Азаттық радиосына былай деді:

– Әкесі қызына ел басқарудың қыр-сырын үйретіп жатыр деп есептеуге болады. Бұл болашақ мемлекет басшысын даярлаудың тамаша мектебі.

Ташпулат Юлдашевтің пікірінше, Өзбекстанда және одан тысқары жерлерде ол тіпті де танымал емес. Жан-жақтан сын тезіне алынады.

– Осы жағдайды және қызының қызба мінезділігін білетін Ислам Каримов егер Гүлнара әкесінің мұрагері бола қалса, қарсыластары оның дегеніне көнбей, билікке жайғасып отыруына мүмкіндік бермей ме деп те қорқады. Көп ұзамай мемлекеттік төңкерістің болу мүмкіндігі көбірек. Оқиға бұлай өрбісе, онда Гүлнара биліктен де, бас бостандығынан да, ұрлықпен жиған мал-мүлкінің біраз бөлігінен де айрылады. Деспоттың жақын туыстарының бас бостандығы мен өмірлеріне де қауіп төнбек. Мүмкін, сондықтан болар, Каримов қызы мен немерелерін шетелге жіберді, – деді өзбек саясаттанушысы Ташпулат Юлдашев Азаттық радиосының тілшісіне.

ДАРИҒАНЫҢ САМҒАУЫ МЕН ҚҰЛДЫРАУЫ

Саяси аренада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева да көпшілікке жақсы таныс. Ол Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Мәскеу мемлекеттік университетінде бірнеше мәрте ғылыми жұмысын қорғаған. Қазақ президентінің
Дариға Назарбаева Еуразиялық медиа-форумның басталуы құрметіне берілген қонақасында ән салып тұр. Алматы, 19 сәуір 2007 жыл.
қызы орыс, қазақ тілдерінен бөлек ағылшын, итальян және неміс тілдерін білетіндігі белгілі. Сонымен бірге, Дариға Назарбаева өзін әнші ретінде де байқатып көрді.

Саяси ғылымдардың докторы, тарих ғылымдарының кандидаты Дариға Назарбаева Қазақстанның ірі медиа компанияларын басқарып, парламентте депутаттық топқа жетекшілік етті. Кезінде ол өзінің «Асар» партиясын құрды. Алайда, ол біртіндеп ел басшылығына жақындап келе жатыр деген пікірлер көбейіп кеткен соң, 2006 жылы қызының партиясы әкесінің партиясына қосылып кетті.

Сарапшылардың пікірінше, «Асар» партиясы Дариға Назарбаеваның жеке бастамасымен құрылғандығына қарамастан, алғашқыда ол президенттің өзінің емес, оның айналасындағы кейбір адамдардың жүйкесіне тиді.

Сол кезде элитаның белгілі бір бөлігі Дариға Назарбаеваның партиясы президентті қолдайтын бүкіл электоратқа қауіп туғызуы мүмкін деп президентті сендірген деп ойлайды бақылаушылар. Олардың пікірінше, «Асар» партиясының пайда болуы электоратты екіге бөлер еді.

Президенттік «Нұр отан» партиясына бәсекелес болуға мүмкіндігі бар тағы бір партияның пайда болуы жергілікті элитаның да жүйкесіне әсер етті дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттық радиосына берген сұхбатында.

– Облыс әкімдері кімге жұмыс істерін білмей бастары қатты. Президенттің партиясына ма, әлде оның қызының партиясына ма? Президенттің қызында қаржылық, медиалық мүмкіндіктермен қатар «Асар» партиясы сияқты саяси ресурстың болуы Назарбаевтың өзіне төнген қауіп ретінде қарастырыла бастады, – деді Досым Сәтпаев.

Сарапшылар, сонымен бірге, Дариға Назарбаеваның ашық саясаттан кетуіне және мұрагер болу мүмкіндігінен айрылуына президент
Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев.
Назарбаев пен Рахат Әлиевтің арасындағы жанжал себепкер болды деп есептейді. Рахат ол кезде әлі Дариғаның күйеуі болатын. Олардың пікірінше, осы жағдайдан соң Назарбаев отбасының өзге мүшелеріне Дариғаның әдісімен үлкен саясатқа араласуына тосқауыл қойды.

Рахат Әлиевпен арадағы болған жанжал Нұрсұлтан Назарбаевқа отбасы мүшелерінің саяси амбициялары оның тікелей өзіне қауіпті екендігін көрсетіп берді деп есептейді Досым Сәтпаев.

– Дариға Назарбаеваны элита дербес саясаткер деп есептемейді. Ол нақты бір топқа байланған саясаткер ретінде танылады. Ал ол топтың билікке келуінің ақыры өзге топтаға жақсы болмайды, – деп есептейді Досым Сәтпаев.

Дариға Назарбаеваның өзі Рахат Әлиевтің президент Нұрсұлтан Назарбаевпен болған жанжалы және Әлиев елден қуылған соң біртіндеп белсенді саяси қызметтен қол үзе бастады. Кейбір сарапшылар қазіргі уақытта Дариға Назарбаеваны Нұрсұлтан Назарбаевтың мүмкін болар мұрагері ретінде қарастырмайтын болды деп есептейді. Осылайша ол саяси оқшаулауға түсті.

Орталық Азия елдеріндегі барлық басшылар айналасындағыларға сенбейді. Алайда, Қазақстанға келсек, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрші елдердің президенттерінен өзгешелігі, ол өз отбасының мүшелеріне де сенбейді дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

– Осы жерде оның алдынан күрделі дилемма шығады. Өйткені, уақыт оған қарсы жұмыс істеуде. Президенттің саяси мерзімі біртіндеп қысқарып, азаюда. Бұны барлығы да, соның ішінде элита да түсініп отыр. Сол себепті өмірлік президенттік туралы идея элита үшін билікті өз қолдарында ұстап қалудың бір әдісі. Бірақ бұл жай қиял ғана. Өйткені олар созуға болмайтын нәрсені созғысы келіп отыр. Келесі кім болады, бұл отбасынан шыққан біреу ме, әлде айналасындағылардың бірі ме? Бұның барлығы қазіргі президенттің қалай кетуіне байланысты, – деді сөзінің қорытындысында саясаттанушы Досым Сәтпаев.
XS
SM
MD
LG