Accessibility links

Қаржы полициясы бастығының орынбасарына қатысты жанжалдан кейін ҰҚК Алматы департаментінің басшылары орындарынан алынды


ҰҚК Алматы департаментінің ғимараты. Сурет ҰҚК-нің сайтынан алынды.
ҰҚК Алматы департаментінің ғимараты. Сурет ҰҚК-нің сайтынан алынды.

ҰҚК-нің басшылығына аяқастынан не болып қалғаны және оның себебі мен салдары төңірегінде нақты ақпарат айтылмайды, ҰҚК мұны қаржы полициясы басшыларының бірінің ұсталуымен де байланыстырмайды. Бір анығы - комитетте қызметтік тексеріс басталып, басшылық қызметінен уақытша шеттетілген.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаментінің басшысы генерал-майор Нұржан Мырзалиев пен оның екі орынбасары қызметінен уақытша шеттетілген. Бұл туралы Азаттық радиосына Алматы қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Төлетаев айтты.

- Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің орталық аппараты Алматыдағы департаментте қызметтік тексеру жүргізуде. Осыған байланысты Мырзалиев пен оның екі орынбасары - полковник Асқар Әшімов және подполковник Серік Асайынов тексеру аяқталғанға дейін уақытша қызметтерінен шеттетілді, - деді біздің радиомызға түсініктеме берген Б.Төлетаев.

Қызметтік тексеріс аяқталғанша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаментінің басшысы міндетін комитет төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков атқаратын болады.

ҰҚК МЕН ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ АРАСЫНДАҒЫ ТАРТЫС

Естеріңізде болса, Қаржы полициясының Алматы қалалық бөлімшесі бастығының орынбасары Айдын Жантелеев есірткі қолданды әрі сақтады деген күдікпен ұсталған еді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Жантелеевті 5 қараша күні Алматыдағы көлік тұрақтарының бірінде қамауға алған.

Көп кешікпей, Қаржы полициясының ресми өкілі дәстүрлі брифинг барысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Айдын Жантелеевке тағып отырған айыбына күмәнмен қарайтындығын айтты. Сондықтан Агенттіктің өзінде бұл іс бойынша ішкі қызметтік тергеу басталып кетті.

Мұрат Жұманбай, ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі:

- ҰҚК қызметкерлерінің іс-әрекетінің заңдылығы мен негізділігі, ұстау барысының мән - жайлары және ұсталған адамның тұлғасына байланысты күмән туғызады. Осыған орай агенттікте ішкі тексеріс жүруде және оның нәтижелерін жұртшылыққа жеткізетін боламыз. Айта кету керек, Жантелеев 13 жыл ішкі органдарда және қаржы полициясы органдарының жүйесінде жұмыс атқарған. Қызмет барысында қандай да бір есірткі қабылдағаны анықталған жоқ, - деді ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері «Жантелеевтің ісі» екі мекеме арасындағы алауыздық, текетірестің белгісі емес деп отыр.

Одан кейін ҰҚК-нің Айдын Жантелеевке қарсы қозғаған қылмыстық ісінің ақ-қарасын тексеруді Бас прокуратура өз қолына алған болатын. Ал Айдын Жантелеевті ешқайда шықпау жөніндегі қолхат бойынша босатқан еді.

Кей бақылаушылар дүйсенбі күнгі ауыс-түйістерді аталған жайттармен байланыстырғанымен, баспасөз өкілі мұның еш негізі жоқ екендігін алға тартып отыр.

- Ондай пікірлер бар екендігі рас, дегенмен ол ақпарат ешқандай шындыққа сәйкес келмейді, ал тексеріс аяқталғанша аталған азаматтар уақытша қызметтерінен шеттетілді, - деді Б.Төлетаев.

- Қызметтік тексерісті жүргізуге не себеп болды?

- Мен ол туралы ешқандай ақпарат бере алмаймын, оны орталық аппарат жүргізіп жатыр, сондықтан барлық ақпараттар тексеру аяқталғаннан кейін мәлім болмақ.

- Тексеріс қашан аяқталады?

- Ол да белгісіз, – деп қысқа қайырды ҰҚК Алматы департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Төлетаев.

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ҚАТЫСЫ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

ҰҚК өкілінің сөзіне қарағанда, Алматы департаменті басшылығының уақытша шеттетілуіне Мұхтар Жәкішев ісінің еш қатысы жоқ.

Жақында "Республика" интернет-порталы полковник Асайынов Павлодар облысындағы туған ауылында жалпы құны 1,5 миллион долларға тең болатын мешіт салып, оның ашылу салтанатына Алматыдан чартерлік маршрутпен жүздеген адамды қонақ ретінде алып барған. Мемлекеттік қызметтегі шенеуніктің мұншама қаржыны қайдан алғаны түсініксіз деген тұрғыдағы мақала жариялаған болатын.

Мұнымен қатар "Республика" интернет-порталы бір оқырман хатына сілтеме жасай отырып, Асқар Әшімовтің Алматының қымбат аудандарының біріндегі жекеменшік сарай үйінің бағасы Асайыновтың мешітінен кем түспейді, ал оның барлық бизнесі мен мүліктік дәулетін есептейтін болса, оның байлығы мүмкін әріптесінен де асып түсер деп жазған болатын.
XS
SM
MD
LG