Accessibility links

Қазақстандық ұлт патриоттары аштық акциясынан бас тартты


Мемлекеттік тіл қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов бастаған ұлт патриоттары "Ел бірлігі" доктринасының қабылдануына наразылық ретінде 17-ші желтоқсанға белгіленген аштық акциясын өткізбейтін болды.

Шахановтың айтуынша, билік олардың талабын тыңдап, оны орындауға уәде берген. Бұл туралы ол сейсенбі күні Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

Қазақстан халықтары ассамблеясының хатшылығы оппозиция тарапынан баламалы құжат болғанша, доктринаны талқылауды тоқтатып қойды деп осы баспасөз жиынында ассамблея төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, сонымен қатар басқа да саяси партиялар мен қозғалыстардың пікірлері ескерілетін болады.

9-шы желтоқсанда бірнеше оппозициялық партия өкілдері мен ұлттық-патриоттық ұйымдар "Ел бірлігі" доктринасын талқылауды тоқтатуды, желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың мәртебесін анықтауды, оларға саяси және тарихи баға беруді талап еткен.

Талаптары орындалмаған жағдайда аштық жариялайтындықтарын ескерткен.
XS
SM
MD
LG