Accessibility links

Үш жыл бұрын билік ауысқан Түркменстанда жеке басқа табыну дәстүрі өзгерген жоқ


Түркмен халқы ел тәуелсіздігі күні президент Гурбангұлы Бердімұхаммедовтың суретін алып шықты. 27 қазан 2009 жыл.
Түркмен халқы ел тәуелсіздігі күні президент Гурбангұлы Бердімұхаммедовтың суретін алып шықты. 27 қазан 2009 жыл.

Бұдан үш был бұрын Түркменстанда Гурбангұлы Бердімұхаммедовтың билік басына келуін көпшілік жұрт жылы қабылдаған болатын. Оған дейін ел басқарған Сапармұрат Ниязовтың тірлігіне халықаралық қауымдастық әжуамен қарайтын еді. «Түркменбашы» дәстүрі әлі де жалғасуда.


БҰРЫНҒЫ СҮРЛЕУДІ ТАҢДАҒАН ЖАҢА БАСШЫ

2007 жылғы президент сайлауында Гурбангұлы Бердімұхаммедовтың жеңісі түркмен халқын бұрынғы басшы Сапармұрат Ниязов құрған репрессивті жүйе жойылады деп үміттендірген еді. Бірақ содан бері үш жыл өтсе де, бұл үміттер орындалмай келеді.

Қарапайым азаматтар үшін қазіргі президент Бердімұхаммедовтің басшылығы мен «Түркменбашы» деп аталып кеткен бұрынғы президент Сапармұрат Ниязовтың 20 жылдан астам билігі арасында айтарлықтай өзгерістер байқалмайды.

Гурбангұлы Бердімұхаммедов ресми түрде 2007 жылдың 11 ақпанында, яғни Ниязовтың өлімінен кейін екі айдан аз уақыт өткен соң президент қызметіне кірісті.

Жаңа президент өз жұмысын жақсы бастағандай болды. Көптеген адамның айтуынша, «өмірбақилық президент» болған диктатор
Президент Гурбангұлы Бердімұхаммедовтың суретін ипподромнан да көруге болады. Ашғабад, 11 мамыр 2007 жыл.
Ниязовтың басқаруы тұсындағыға қарағанда, Гурбангұлы Бердімұхаммедовтің енгізген кез-келген өзгерісі демократиялық бағытта жасалған нәрседей көрінген-ді.

Гурбангұлы Бердімұхаммедов сайлау алды науқанында берген уәделерін тез арада жүзеге асыра бастады. Ол мектептердегі онжылдық білім алу жүйесін қалпына келтірді. Ниязов бұл мерзімді 9 жылға қысқартқан болатын. Бақылаушылар Сапармұрат Ниязовтың бұл әрекеті елдің білім жүйесіне теріс әсер етті деген-ді.

Мамандығы бойынша тіс дәрігері Гурбангұлы Бердімұхаммедов медициналық қызметкерлерді қайта жұмысқа алып, елдің денсаулық сақтау жүйесін қайта құра бастады. Бұл саланы маңызды емес деп есептеген Ниязов дәрігерлердің көбін қызметінен босатып, көптеген ауруханаларды жауып тастаған еді.

Жаңа президент сондай-ақ «Рухнама» деп аталатын Сапармұрат Ниязовтың кітабын түркмен халқы жақсылап оқуы тиіс деген талапты жойды.

ҰРАН МЕН НАУҚАН

Гурбангұлы Бердімұхаммедов президент лауазымындағы қызметінің бір жылдығын атап өткен кезде өз үкіметінің жетістіктеріне тоқталды.

«Президенттігімнің басында мен «Мемлекет халық үшін» деген ұранды жариялаған болатынмын. Осы ұран менің мәлімдемелерім мен
Баспасөз бостандығы күніне байланысты президент Гурбангұлы Бердімұхаммедовті әжуалайтын карикатура. 11 мамыр 2009 жыл.
қаулыларымда және тағы басқа барлық әрекеттерімде жүзеге асты. Үкіметіміз осы ұран негізінде жұмыс істеп жатыр. Бұл ұран идеологиямыздың негізі болуы тиіс», - деді президент Бердімұхаммедов.

Бірақ оның науқанындағы басқа да уәделердің, мәселен, барлық адамдардың интернетпен байланысуына мүмкіндік жасау, сондай-ақ көлік және байланыс желілерін дамыту туралы берілген уәделердің жартылай орындалатындығы байқала бастады.

Сонымен қатар сайлаушылар олар күткендей елде ірі саяси өзгерістердің болмайтынын түсінді.

Іс жүзінде Түркменстанда халықтың интернетпен байланысуына мүмкіндік жасалды. Бірақ, интернет кафелері аз ғана жерлерде орналасқан және интернет қызметінің бағасы тым қымбат. Бұл қызметтен пайдаланғысы келетіндер күзетшілерге жеке басының құжаттарын көрсетуі тиіс.

БІР ПАРТИЯ, ДАРА БИЛІК

Бұған қоса, Түркменстанда ешбір балама саяси партия мойындалмады және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары әлі жоқ. Бұл елде тек бір ғана партия – Түркменстанның демократиялық партиясы тіркелген. Сонымен қатар түркмен азаматтарының шетелге шығуы сәл жеңілдегенімен, шетелдіктердің Түркменстанға виза алуы бұрынғыдай қиын.

Және де бұл мемлекетте Гурбангұлы Бердімұхаммедовтың жеке басына табынушылық белгілері пайда бола бастады. Түркменбашы кезінде дәл осындай жеке басқа табынушылық арқылы Түркменстан әлемге танылған болатын.

Гурбангұлы Бердімұхаммедов бұрынғы басшы Сапармұрат Ниязовты еске түсіретін іздерді өшіре бастады. Түркменбашы атындағы көшелер мен зауыттар және ауылдардың аты өзгертілді. Ниязовтың суреттері мен мүсіндері алынып тасталды. Ниязовтың суреті әрбір газеттің бетінен және елдің валютасынан жойылды.

ЕЛДІҢ ЖАҢА КӨСЕМІ

Енді қазір Түркменстанда жаңа «қаһарманға табынушылық» процесі басталып отыр. Мұны 2009 жылы қазан айында Түркменстанның орталық сайлау комиссиясының басшысы Мұрат Гарриев пен Гурбангұлы Бердімұхаммедов арасында болған әңгімеден байқауға болады.

«Бүкіл түркмен халқының атынан парламенттен біздің сүйікті президентімізді Түрменстан қаһарманы атағымен марапаттауды сұраймын. Бұл ұсынысты 5 жасар баладан 90 жастағы қарияларға дейінгі барлық азаматтар қолдайды деп сенемін», - деді Мұрат Гарриев.

Ал президент Гурбангұлы Бердімұхаммедов болса: «Мұрат аға! Рақмет, негізінде бұл барлығымыздың жетістігіміз», - деп мәлімдеді.

Көзінің тірісінде түркменбашы Ниязов та бірқатар мемлекеттік сыйлықтармен марапатталған болатын.

Түркменстанда жеке басқа табынушылық пен жағымпаздық мәдениетінің қайсы бірі алғашқы болып орнағанын айту қиын. Бірақ Ахал өлкесінің мемлекеттік ресми өкілі Мұратберді Сопиевтің сөздерінен бұрынғы және қазіргі әкімшіліктердің арасында бірізділік бар екенін
Сапармұрат Ниязовты бейнелейтін алтынтүсті ескерткіш.
байқауға болады.

2004 жылы президент Сапармұрат Ниязов 1992 жылдан бергі алғашқы президент сайлауын өткізуді ұсынған кезде Мұратберді Сопиев былай деген болатын:

«Құрметті ағайын, президент сайлауын өткізудің қажеттілігін еш көріп тұрған жоқпын. Біздің құрметті басшымыз, мейірбанды атамыз, сіз біздің өмірбақилық президентімізсіз, сондықтан қалыңыз! Президент сайлауын өткізу туралы тіпті талқылаулар да болмау керек».

Ал Гурбангұлы Бердімұхаммедовтың президенттігі барысында сол Мұратберді Сопиев мынадай ұсыныс жасады:

«Түркменстан президенті Гурбангұлы Бердімұхаммедов өзінің жауапты лауазымында азғана уақыт ішінде өз уәделерін орындайтынын көрсетті. Ол халықтың ұсыныстары мен тілектеріне құлақ асып, оларды зерттеп, дұрыс шешім қабылдай алады. Биліктегі бірінші күнінен бастап, біздің сүйікті президентіміз Гурбангұлы Бердімұхаммедов болашаққа бағытталған өзінің қаулылары мен шешімдері және бастамалары арқылы Сапармұрат Түркменбашының ұлттық демократиясының әділ саясатын жалғастыратынын көрсетті».
XS
SM
MD
LG